Кеше Египетте елдің жаңа конституция жобасы бойынша бүкілхалықтық референдум басталды. Құжат елді басқарудағы әскерилердің рөлін нығайтады. Сондай-ақ, құжат жобасында діни принциптері бойынша саяси партиялар мен бірлестіктер құруға тыйым салуды енгізу мәселесі де бар.
Исламшылар қазірдің өзінде азаматтарды референдумға байкот жариялауға шақырып отыр. Референдумға елдің 52 миллионнан астам адамы қатысады деп күтілуде. Дауыс беру сейсенбі мен сәрсенбі күндері өтеді. Құжат 247-баптан тұрады, оларды екі ай бойы арнайы комиссия әзірлеген. Египеттің осының алдындағы конституциясы 2012 жылғы желтоқсанда референдум арқылы қабылданған болатын. М.Мурси биліктен қуылған соң, ол құжат та күшін жойған еді.
Кеше Египетте елдің жаңа конституция жобасы бойынша бүкілхалықтық референдум басталды. Құжат елді басқарудағы әскерилердің рөлін нығайтады. Сондай-ақ, құжат жобасында діни принциптері бойынша саяси партиялар мен бірлестіктер құруға тыйым салуды енгізу мәселесі де бар.
Исламшылар қазірдің өзінде азаматтарды референдумға байкот жариялауға шақырып отыр. Референдумға елдің 52 миллионнан астам адамы қатысады деп күтілуде. Дауыс беру сейсенбі мен сәрсенбі күндері өтеді. Құжат 247-баптан тұрады, оларды екі ай бойы арнайы комиссия әзірлеген. Египеттің осының алдындағы конституциясы 2012 жылғы желтоқсанда референдум арқылы қабылданған болатын. М.Мурси биліктен қуылған соң, ол құжат та күшін жойған еді.
Эвтаназияға Нью-Мексико соты да рұқсат берді
Нью-Мексико штатының соты эвтаназия жасауға рұқсат беру жөнінде шешім шығарды. Мұндай шешімді 13 қаңтарда судья Нэн Нэш қабылдаған.
Соттың қаулысына сәйкес, жазылмас ауруға душар болған адам эвтаназия жасатуға өз еркімен баруы тиіс. Өз кезегінде дәрігерлер сондай емделушіге өлімге соқтыратын медициналық улы дәріні беруге құқылы. Қазіргі кезде Нью-Мексико прокуратурасы соттың шешіміне талдау жасап жатқан көрінеді. Бұл штат эвтаназия жасатуға рұқсат берген АҚШ-тағы бесінші штат болып отыр.
Босқындар қатары күн санап артып келеді
Оңтүстік Суданда қарулы қақтығыс басталғаннан бері елді тастап шыққандар саны кейбір деректер бойынша 60-66 мың адамнан асқан. ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, босқындардың көпшілігі көршілес Уганда аумағында орналасқан.
Оңтүстік Суданда жанжал өткен жылдың желтоқсанында басталған еді. Қақтығыстар салдарынан бір мыңнан астам адам опат болған деген деректер бар. Ал жергілікті қызыл крест мамандары Уганда елі Оңтүстік Суданның 47 мыңдай босқынын қабылдағанын айтады. Сондай-ақ, Эфиопия мен Кениядан пана тапқан босқындар да жетерлік. Елдегі ірі саналатын екі тайпа көсемдері арасындағы бақталастық осыған әкеліп отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Таиланд оппозициясы ел үкіметінің үш күн ішінде отставкаға кетуін талап етті. Бұлай етпеген жағдайда оларды тұтқынға аламыз деп «қорқытты».
* ҚХР төрағасы Си Цзиньпин әскерилерге қызметтік қажеттілік үшін шетелдерде шығарылған автомобильдерді сатып алуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Осыған сәйкес әскерилер тек отандық автокөліктерді пайдаланатын болады.
* Оңтүстік Суданда паромның аударылуы салдарынан 300-ге жуық босқын суға кеткен. Көпшілігі әйелдер мен балалар болса керек. Оқиға Ақ Ніл өзенінде орын алған.
* Мәскеуде ақша бопсалады деген күдікпен Мәскеу қалалық полициясының тергеушісі ұсталды. Тінту кезінде одан 500 мың доллар табылды.
Рим Папасы мотоциклін аукционға шығармақ
Рим Папасы Франциск өзінің «Harley-Davidson» мотоциклін аукционға қоймақ. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, оның бастапқы құны қанша екені қазірге белгісіз.
Білетіндердің айтуынша, «Харлей» мотоциклінің нарықтағы бағасы 12-15 мың евро аралығында. Рим Папасы аукционға мотоциклімен бірге өзінің байкерлік былғары күртешесін де шығаратын сияқты. Сатылымнан түскен қаржы қайырымдылық үшін жұмсалады. Аукцион Париждегі «Гранд Палас» сарайында өтеді. Рим Папасына мотоцикл мен күртешені өткен жылдың маусымында «Harley-Davidson» компаниясы сыйлаған екен.
Беделді губернатордың басы дауға қалды
АҚШ-та 2016 жылы өтетін президенттік сайлауда республикашылардан кандидаттыққа лайықты деп есептеліп жүрген Нью-Джерси штатының губернаторы Крис Кристидің басы дауға қалды.
Губернаторға «Сэнди» дауылының зардаптарын жоюға бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсады деген күдік келтіріліп отыр. Құқық қорғау органдары оған қатысты тергеу-тексеру амалдарын бастап та кеткен. Бұдан бөлек осы жылдың қаңтарында ол басқаратын әкімшілік мүшелері губернатор сайлауында Кристиге қолдау көрсетпеген Фортли қаласының мэрі Марк Соколичтен «кек қайтармақ» болды деп айыптаған көрінеді.
11557 әскери қызметші қаза тапқан
Әзербайжанның әскерге шақыру жөніндегі мемлекеттік қызметі Қарабақ соғысы кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөндерін жария етті. Тізімге жалпы саны 11557 адам кіргізілген.
Елдің аталған мемлекеттік қызметі Қарабақ соғысында қаза тапқандарға есеп жүргізумен айналысып келе жатқандары өткен жылдың көктемінде ғана белгілі болған. Ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, бұл тізімге сол жылдары майдан шебінен тыс жерлерде, сондай-ақ, автокөлік апаттарынан, басқа да кездейсоқ жағдайларда қаза тапқан азаматтық тұлғалар кіргізілмеген. «Бұл деректер Қарабақ соғысы кезінде әзербайжандық тараптан қаза тапқандардың саны біршама аз екендігін көрсетеді» деп атап өтеді ведомство.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.