Қоғам • 03 Тамыз, 2021

Үйге ұры түскелі жүргенін қайдан білуге болады?

1642 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының полициясы үй тонаушылардың бірнеше белгісін айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

Үйге ұры түскелі жүргенін қайдан білуге болады?

Фото: lenta.ru

Маңғыстау полиция бөлімінің қызметкерлерінің айтуынша, ұрылар пәтер иесі ұзақ уақыт үйде болмайтын сәтті күтеді. Оны білу үшін бірнеше тәсілді қолданады.

Мысалы, пәтердің пошта жәшігіне газет немесе жарнамалық парақ салып қояды. Ол ұзақ уақыт бойы алынбаса, ұрылар пәтер иесі үйде жоқ деп топшылауы мүмкін. 

Ұрылар пәтер иесі қай уақытта үйде болмайтынын есік алдындағы кілемшенің астына ұсақ әрі оңай үгітілетін зат жасыру арқылы да біледі. Ол белгілі уақыт аралығында жаншылмаса, сол кезде пәтерде ешкім болмайды дегенді білдіреді.

Сондай-ақ есікке немесе есіктің тұтқасына жарнама парағы жабыстырылады. Әдетте үй иесі бұл жарнаманы алып тастайды. Ал олар бірнеше күн бойы орнында болса, пәтердің бос екенін білдіреді.

«Жоғарыдағы белгілерді байқасаңыз, күзетке ескертіңіз. Ұзақ уақытқа басқа жаққа кететін болсаңыз, көршіңізге немесе сенімді адамға поштаны, есікке жабыстырылған қағаздарды алып отыруды өтініңіз.

Егер үйге келгенде сыртқы есіктің ашық тұрғанын немесе құлпы бұзылғанын көрсеңіз, бірден кірмеңіз. Көршілеріңізді, күзетті  немесе полиция шақырыңыз. Бірден үйге кіру қауіпті, себебі ұры әлі де үйде болуы мүмкін», деп жазылған хабарламада.