15 Қаңтар, 2014

Арманымыз – алтын

231 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазғы, қысқы спорт түрлерінен болсын Олимпия ойындарының орны бөлек. Биыл Ресейдің Сочи қаласында осындай дүбірлі дода – Қысқы Олимпиада өтеді. Бұл бәсекеге әлемнің 80-нен астам елінен 5 мың спортшы

қатысып, спорттың 15 түрінен 98 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазір Ресей үкіметі осы ойындарды лайықты деңгейде өткізу үшін барын салып, дайындалуда.

Жазғы, қысқы спорт түрлерінен болсын Олимпия ойындарының орны бөлек. Биыл Ресейдің Сочи қаласында осындай дүбірлі дода – Қысқы Олимпиада өтеді. Бұл бәсекеге әлемнің 80-нен астам елінен 5 мың спортшы

қатысып, спорттың 15 түрінен 98 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазір Ресей үкіметі осы ойындарды лайықты деңгейде өткізу үшін барын салып, дайындалуда.

Бұл додаға әлемнің үздік спортшыларымен бірге, біздің отандастарымыз да қатысып, күш сынасады. Жалпы, бұл – еліміздің тәуелсіздік алғаннан бергі алтыншы Олимпиадасы. Бұған дейін біздің құрама 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Қысқы ойындарға, одан кейін 1998 жылы Жапонияның Нагано, 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити, 2006 жылы Италияның Турин мен 2010 жылы Канаданың Ванкувер қалаларында өткен Олимпия ойындарына қатысқаны белгілі. Осы бәсекелерде спортшыларымыздың бар-жоғы 1 алтын, 3 күміс және 2 қола жүлдеге ғана қол жеткізе алғандары мәлім. Жалғыз алтын медальді 1994 жылы алған екенбіз. Сол кезде шаңғышы Владимир Смирновтың бір өзі 1 алтын, 2 күміс жүлдені иеленіп, Қазақстан құрамасын жалпы есепте 12-орынға шығарған болатын.

Енді биылғы Сочи Олимпиадасында қазақстандық спортшылардың қанша жүлдені алатынын әзірше кесіп айту қиын. Спорт мамандары, қысқы жарыстардың арғы-бергі жағында жүрген адамдардың өзі бұл сұраққа нақты жауап бере алмасы анық. Кей жерде 5 медаль, не 3 жүлде алады десе, кейбіреуі бұдан да аз болуы мүмкін дегенді айтады. Осындайда біздің жүлденің санынан гөрі сапасы жақсырақ болса екен деп тілейтініміз күмәнсіз. Өйткені, 10 күмістен 1 алтынның салмағы басым екені белгілі. 

Жалпы, қазір біздің елде, қолда бар мәліметтерге қарағанда, 40-тан астам лицензия бар. Бұл Ванкуверде өткен Олимпиадаға қарағанда әлдеқайда көп. Егер Канадада Қазақстан құрамасы спорттың 9 түрінен 39 жолдаманы иеленіп, нәтижесінде 37 спортшы бақ сынасса, биылғы Олимпиадаға біздің елден бұдан да көп спортшы қатысады.

Енді Қазақстан құрамасы қатысатын жарыстарға келсек, бұлар – шаңғы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, коньки тебу, тұғырдан шаңғымен секіру, фристайл (могул), сноуборд, шорт-трек және басқа да спорт түрлері. Бір өкініштісі, біздің ел Олимпиаданың ең қызықты және тартысты болатын хоккей жарысына қатыса алмайды. Биыл ерлер және әйелдер құрамасы хоккей турнирінен сырт қалып отыр. Былтыр Латвияның Рига қаласында өткен әлем чемпионатында хоккейшілеріміз бұл жолдаманы ала алмай қалды. Ал, жалпы былтырдан бері Олимпиада лицензиясы үшін Қазақстан құрамасы 12 әлем чемпионаты мен 50-ден астам халықаралық турнирлер мен жарыстарға, кубок кезеңдеріне қатысты.

Осы сындарға қатысу үшін спортшыларымыз дай­ын­дықтың барлық сатысынан өтті. Соның нәтижесінде коньки тебу, мәнерлеп сырғанаудан, шаңғы жарыстары­нан өткен әлем чемпионаттарында отандастарымыз бір­неше жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, Денис Кузин коньки спортынан 1000 метр қашықтыққа жү­гіруден  бірінші орынды иеленсе, Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан екінші орынды, шаңғы жарысында Алексей Полторанин мен Николай Чебатько командалық спринтте үшінші орынды, Алексей Полторанин 50 км-ге классикалық стильмен жарысуда қола жүлдені иеленді. Енді біздің жігіттер әлемдік бәсекелердегі осы жетістіктерін Олимпия ойындарында қайталаса игі.

Сочи Олимпиадасына мәнерлеп сырғанаудан екі спортшымыз қатысады. Былтыр Канадада өткен әлем чемпионатында Халықаралық коньки федерациясы Денис Тен мен Абзал Рақымғалиевке екі лицензия берді. Осы чемпионат кезінде Тен аталған федерация жариялаған рейтингте бірден 17-орыннан алтыншы орынға көтерілді. Ал біздің елден Олимпиадаға ең көп жолдама алғандар – биатлоншылар. Олар әлем кубогы мен әлем чемпионатының қорытындысы бойынша он жолдама алды. Он лицензия ерлер және әйелдерге тең бөлінген. Бұл жолдамалар жеке спортшыларға емес, құрамаға берілгендіктен, жаттықтырушылар құрамы Олимпиадаға қатысатын биатлоншылардың тізімін өздері жариялады. Онда ерлер құрамасын Диас Кенешов бастаса, әйелдер жағын Олимпиаданың күміс жүлдегері Елена Хрусталева бастап барады.

Спорт және денешынықтыру агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, спорттың сегіз түрі бойынша ұлттық құраманы дайындау үшін келісімшарт негізінде 17 жетекші шетел маманы тартылды. Олардың қатарында біліктілігі жоғары шаңғы майлаушылар мен спорттық медицина саласындағы мамандар бар. «Біздің спортшылардың Олимпиадаға дайындалуына, жолдама беретін жарыстарға қатысуына барлық жағдайлар жасалды. Ұлттық құрама команда 193 оқу-жаттығу жиындарына және 175 халықаралық сындарға, оның ішінде әлем кубогы кезеңдеріне, әлем, Азия чемпионаттарына рейтингтік және лицензиялық жарыстарға қатысты», деді ол.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23