15 Қаңтар, 2014

«Шаңғының шабандозы»

246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Италияның Асиаго қаласында шаңғыдан Әлем кубогының төртінші кезеңі өтті. Дүбірлі жарыс Сочи Олимпиадасы алдындағы дайындық әрі сынақ деуге келеді. Мұның алдында риддерлік шаңғышы Алексей Полторанин Әлем кубогы жарысында күміс алқаны иеленген. Классикалық спринтте Алексей басты қарсыласы ресейлік Никита Крюковқа 0,14 секөнт ұтылып, екінші орынға табан тіреді. Бұдан кейін спринттік жарыста Алексей өзінің досы Николай Чеботько екеуі тағы да күміс алқаны олжалады.

Дүние додасының дүбірі

ХХІІ Қысқы Олимпиаданың басталуына 23 күн қалды

Жақында Италияның Асиаго қаласында шаңғыдан Әлем кубогының төртінші кезеңі өтті. Дүбірлі жарыс Сочи Олимпиадасы алдындағы дайындық әрі сынақ деуге келеді. Мұның алдында риддерлік шаңғышы Алексей Полторанин Әлем кубогы жарысында күміс алқаны иеленген. Классикалық спринтте Алексей басты қарсыласы ресейлік Никита Крюковқа 0,14 секөнт ұтылып, екінші орынға табан тіреді. Бұдан кейін спринттік жарыста Алексей өзінің досы Николай Чеботько екеуі тағы да күміс алқаны олжалады.

Алексей үлкен спортқа қалай келген едідеген сауал оқырмандарды қызықтырса керек. Алексейді бала кезінен білеміз. Риддер қаласындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне барып жүргенімізде сы­рық­тай арық, көзінен жалын шашып тұратын баланы ұстаздары болашақта осыдан дарынды шаңғышы шығады деп таныстырған. Иә, үміт алдамаған екен. Ол 11 жасынан шаңғы спортымен жаттыға бастады. Бапкері А. На­ко­нечный алған бетінен қайтпайтын қайсар баланың болашағынан үміт күт­кен еді. Себебі, ол басқаларға қара­ғанда, табандылықпен ұзақ жатты­ғатын, сенбі, жексенбі күндері де шаң­ғы­сын киіп алып ну орманның ішін­де жалықпай жүгіретін. Сол бала ал­ғаш рет облыстық, республикалық жа­рыстарда топ жармаса да алғашқы ал­тылыққа еніп жүрді. Үш жыл­дан кейін Алексей жасөспірімдер ара­сындағы әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

2004 жыл. Норвегияда шаңғы спор­тынан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты басталды. Қазақ­­стан құрамасы сапында риддерлік 17 жа­сар Алексей Полторанин де бар. Жа­рыстың үшінші күні ол бір топ әріп­тестерімен бірге эстафеталық жарысқа түспек. Бапкері шәкіртіне дем беріп, жігерлендіріп қойды.

– Алексей, сен үшінші кезекте жү­гіресің. Бұл шешуші кезең еке­нін естен шығарма. Команданың жүл­делі орын алуы саған байланысты. На­мыс­ты қолдан берме, – деді бапкері А.Нако­нечный.

10 шақырымдық эстафетаға бес ко­манда қатысты. Қазақстандық шаң­ғышы қарсыластарынан бес се­көнт кешігіп эстафета таяқшасын ал­ды. Алексей бес шақырым жүгір­ген­нен кейін қарсыласын қуып жетіп, жеті секөнт ерте жетіп, төртінші кезек­те жүгіретін әріптесіне берді. Алек­сейдің алтын уақыты құрама жігіт­те­рі­не алтын алқа сыйлады. Төрт жігіт­тің қуанышында шек жоқ, бір-бірін құ­шақ­тап, құттықтап жатыр. Сол жылы 17 жасар шаңғышы халықаралық дәре­жедегі спорт шебері атағына ие болды.

2006 жыл! Италияның Турин қала­сын­да Қысқы Ақ Олимпиада ойында­ры өтіп жатыр. 19-ға толмаған Алек­сей Ту­ринде сәтсіз өнер көрсетті. Қар­сы­лас­тары кілең бір «сен тұр, мен атайын» де­ген саңлақтар болған соң ба, әйтеуір жо­лы болмай-ақ қойды. Алайда, жас жі­­гіт­тің жігері мұқалған жоқ, «онда төрт жылдан кейін Ванкуверге бара қал­­сам, есемді жібермеспін» деді өзін-өзі қайрап.

2007 жылы Қытайдың Чангчун қа­ла­сында VI Қысқы Азия ойындарының алауы жағылды. Мұның алдында Азия ойындарында командалық есепте төртінші орында қалып қойған жерлестерімізге спорт басшылары қатаң талап қойды. Шаңғышылар кем дегенде, үш-төрт алтын алқаны алулары қажет. Рас, шаңғышылар екі-үш алтын алқаны иеленді, бірақ Алексей бұл жолы тағы да алтынсыз қалды. Спринт­те екінші, он шақырымдық ер­кін жүгіруде де күміс алқаны иеленді.

Канаданың Ванкувер қаласында өткен ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарына Алексей тас түйін әзірлікпен келді. Мұның алдында шаңғы спортынан өткен Әлем кубогы жарыстарында жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Бірер рет алтылыққа енген азаматтан бапкері үміт күткені жасырын емес. Ванкуверге жиналған кілең бір ығай-сығайлар алтын алқаны сарапқа сала бастады. Норвегиялық атақты шаң­ғы­шы Нортуктың жұлдызды шағы ту­ғандай. Ол екі алтынды талас­сыз жеңіп алды. Міне, спринттік жарыс­та да «алтын алқа менікі» дегендей, тәкаппарлана қарайды. Спринттік жарыста Алексей атақты Нортукпен үзеңгі қағыстырып келе жатқан. Нортуктан қалып қоймаса, бір медальді алатынына сенімді еді. Амал бар ма, бұрылыста шалынып құлап, көмбеге бесінші болып жетті. Әттең, құлап қалмағанда, үшінші орын­ға табан тірері сөзсіз еді. Бұдан кейін командалық спринтте бесінші болып мәре сызығын қиды. Бұдан кейін талапты жас Францияда өткен 23 жасқа дейінгі шаңғышылар арасындағы Әлем чемпионатында күміс медальді жеңіп алды.

Бұған дейін Әлем кубогы ке­зең­дерінде атақты шаңғышы В.Смирнов қана бірнеше мәрте бірінші орынға табан тіреген. Алексей Смирновты ұс­та­зым әрі пір тұтатын азамат деп санайды. Өткен жылдың 11-16 жел­тоқ­санында Швейцарияның Давос қала­сында шаңғыдан Әлем кубогы кезеңі басталды. Азия ойындары басталар алдында өзін бір рет сыннан өткізіп алуды көздеген А. Полторанин Давосқа келді. 15 шақырымдық классикалық үлгідегі жарыс жауапты әрі бап пен шыдамдылықты талап етеді. Алексей бабында болатын. Нәтижесінде жер­лесіміз Әлем кубогының алтынын ие­леніп, айды аспаннан шығарды. Арада В.Смирновтың 12 жылғы үзілісінен кейінгі жеңіс қайталанды.

Осыдан бір апта бұрын Алексейді Өс­ке­менде жолықтырдық. Жанында бап­кері бар. «Алтын медаль алу – ар­маным. Туринде жас болдым, тәжі­рибем жетпеді, Ванкуверде жол болма­ды. Сочиде есемді жібермеспін. Бақыт­тымын, жұбайым, белгілі биатлоншы, Азия ойындарының чемпионы Ольга Полторанина маған екінші сәбиді сыйлады. Медаль алып жатсам қызым, Крис­тина мен еліме сыйлаймын, деп шаң­ғы королі ағынан жарылды.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

ӨСКЕМЕН.

Соңғы жаңалықтар

Қала көркіне айналмақ эко-парк

Экология • Бүгін, 13:23