Аймақтар • 03 Тамыз, 2021

Шың басындағы шахта

1100 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тау іші. Шілденің шіліңгірінде тобықтан қар кешіп келеміз. Күн шыжып тұрғанымен, табан астындағы мұз сірескен күйі жатыр. Қамалдай қасқайған құздардан құлай қатқан мұздақтардың көбесі сөгілгенше, күз түсіп, қайта қар жауады. Алтайдың басын мәңгі қар басып жататыны да сол ғой.

Шың басындағы шахта

Жаз шықса, тау кезіп кетуді көк­сей­ті­німіз не осы?! Қызық, шың көрсек шық­қымыз келеді де тұрады. Былтыр Бүркіттің биігіне көтерілеміз деп талпынып көргенбіз. Жүрдім-бардым шыға салатын тау емес екеніне көз жеткен. Оған кәдімгі альпинистің құрал-жабдығы, дене дайындығы керек. Онсыз сонау асқарда қадам жасау мүмкін емес. Бұл жолы Бүркіттің желке жағындағы Ұңғы дей-тұғын кен орнын көріп қайтпақ болып, ат ерттедік. Жолдың біз білмейтін соқпағы көп болған соң, Ұлт­тық парктің инспекторы Айдын Шә­кеновтің соңынан ердік. Қалай дегенмен, табиғатты қызғыштай қорып, қор­ғап жүретін инспекторлардың мы­нау Алтайда баспаған жері жоқ шы­ғар. Биіктің биігінде жүретін барысқа фото­тұзақ құратындар да солар емес пе?!

Атты бес жігіт Қомшабайды басып өтіп, Ұңғының бергі басына жетіп тоқтадық. Күн сәскеге таяған. «Осы жерде түстеніп алайық», деп жайғаса кетті инспектор. Соған қарағанда жол әлі ұзақ сияқты. Қимылы ширақ Алмас Сарбасов қоржыннан қара шәугімді суырып алып, сарқырап ағып жатқан бұлаққа тосты. Қарағайдың кепкен бұтақтарын бұтап, от жақтық. «Осы жер­ден қоржынға бір күндігімізге жете­тін отын толтырып алайық, Ұңғы­да көлденең шырпы жатпайды», деген инспектор қу қарағайдың бұталарын ұсақтай бастады.

Шай қайнай бере төменнен атты­лар­дың дүбірі естілді. Туристер шығар деп топ­шыладым іштей. Жаз шыға салысы­мен Алтайды аралауға келетіндер көп. Бұ­рын­ғыдай емес, туризм саласы жан­дан­ды. Көбісі бұғы мүйізінің моншасын аңсап келеді. Әйтеуір, бұлауға түсу мың да бір дертке шипа деседі бы­­лай­­ғы ел. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» демекші, Алтайда туып, бұғы қуып өскен біздер мүйізден ем іздей қой­маймыз. Одан гөрі химиялық дәрі-дәр­мекке көбі­рек әуеспіз. Әйтпесе, таби­ғаты­мыз дәрілік шөпке бай. Соны біле тұра пайдалана алмаймыз.

Туристер ме деп отырғаным, малшылар екен. Қос атқа теңдеп, жайлауға тұз әкетіп бара жатқан беттері. Жайлау күн­шілік жерде. Әнеки, таулы өлкеде ота­ры­мен қой, табынымен сиыр, үйірі­мен жылқы өсіру – қиынның қиыны. Жазы да, қысы да оңай емес. Кейін­гі жастар әуре-сарсаңға түсіп, мал бақ­қылары жоқ, мектеп бітіре сала қалаға кетіп тұрақтайды.

Малшылар аттарын көлеңкеге байлап, дастарқанның бір шетіне жайғасты. Топқайыңдық Тұрсынхан Мұқышев дәмнен ауыз тиіңдер деп, газетке оралған төстің етін алып шығып ортаға қойды. Оны жапырақтап турады. Ыңғайсыздана қол созып, бір-екеуін ауызға тастап жіберіп едік, дәмі тіл үйіреді екен.

– Қалай, дәмді ме?! Дайындалуы оп-оңай. Суға кәдімгідей қайнатып аласың да, дәмдеуіштерін сеуіп орап тастайсың. Тау-таста жүргенде жақсы, тойымды, – деді Тұрсынхан аға.

Содан инспекторға қарап:

– Әй, сендер байқаңдар. Анау асудан асатын болсаңдар, атты жетектеп өтіңдер. Баяғыда жүк артқан атым мұздан та­йып, төменге бір-ақ кеткен, – деп ағалық ақылын айтты.

в

Олар жайлауға тікесінен тартты. Біз қос таудың арасындағы жазыққа шығып, Шығысқа қарай беттедік. Бейне бір жолымызға кілем төселгендей. Мың түрлі гүл, мың түрлі шөп. Жұпар иіс танауды қытықтайды. Бірақ шөбі ат бауырлайтындай емес, ап-аласа. Қайткенмен, биік жер ғой. Жазы келте, түні суық. Бөктерде жаңбыр жауса, мұнда қарлы боран со­ғады. Біз тақымдаған аттар таулы жерде жүруге әбден төселген екен. Қамшы баспадық. Өрге де, ылдиға да аяңдап отырды. Бұлқынып аққан тау өзендерінен де оп-оңай өтті. Әйтпесе, біз өткен өзен­дер атты кісіні әкетердей ағысты. Қарсы алдымыздағы шыңның ұшар басына шалқалақтап қараймыз. Тым-тым биік, көк тіреп тұрғандай. Баурайы шағыл тас, ортан белінен шапшыма шың. Жып-жылтыр. Нағыз таутекелердің мекені. Таутеке жүрген жерде ілбіс те жүреді. Бірақ біздің көзге аңқиттап отырған суырдан басқа аң көрінбеді. Айтқандай, қар бетінен аюдың ізін, әр-әр жерден тастаған тезегін байқадық. Сақ қой, біздің дабырлап келе жатқанымызды қозы көш жерден сезсе керек.

– Др-р-р, – деді Айдын аттың басын тартып. – Әне-е-е, қараңдар. Шахтаның ауызы көрінді. Жақындасаң түпсіз тұң­ғиық. Қорқынышты. Арғы жағынан біреу жұлып алатын сияқты, – деді тобылғы сапты қамшысымен шыңның бүйір тұсын нұсқап.

Әлдененің қарайғанын көріп, шу-шулеп жақындай бердік. Жан-жағымызға қарап, аң-таңбыз. Әнеу бір кинодан көріп қызығатын Канада, Норвегияның әсем табиғаты бізде де бар екен. Тек таныта алмай келеміз. Танытқанды қойып, өзіміз енді-енді танысып жатқан жоқпыз ба?! Дәл осы таудың баурайында туып-өскен Дәулет Әшімхан да, Алмас Сарбасов та, Нұрасыл Тілеухан да бұл пұшпаққа алғаш аяқ бастық. Инспектор ғана ыңылдап ән салып барады.

Жетім соқпақпен қаздай тізіліп барып иыққа шыққанда шашылып темір-терсектер жатты. Ауыр техниканың тетіктеріне ұқсас. Тастан қаланған екі-үш үйдің орнын да байқадық. Кеніштің аузына қарай жанармай құйған үлкен бөшке тұр. Соның бәріне қарасақ, 1970 жылдарға дейін дүркіреп тұрған шахта болған секілді. Бірақ мұнда жергілікті тұрғындар жұмыс істеген жоқ. Кеншілердің барлығы дерлік сырттан келген. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, қорғасын қазыпты. Қорғасын бар жерде, алтын да болуы мүмкін. Рас-ау, мынау тау қаншама байлықты табанына басып жатыр шіркін?! Кен­шілер түк қалдырмай алып кетпеген шығар. Жаяулатып шахтаның аузына жақындадық. Үңірейген ойық. Қап-қараңғы. Кіріп көруге жүрек дауаламайды. Қарап тұрып-ақ жүрек шайлығады. Дегенмен арғы жағымда жылт еткен қызығушылық қалды. Мүмкін, кәсіби спелеологтермен (үңгір танушы) айналып бір соғуға болатын шығар.

– Ұңғып қаза берген соң бұл жер Ұңғы аталып кеткен ғой. Соған қарағанда қазақтар жұмыс істеген болуы керек, – деп өз болжамын айтты Алмас.

Солай болған да шығар. Қазақтың табаны тілініп, ауыр жұмыстың бәріне жегілді ғой. Оны несін жасырамыз?! Сонау Көккөлде вольфрам қазғанда да Аршаты, Берелдің халқы жұмылдырылған. Ол туралы жазушы Әлібек Асқар «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын» кітабында тарқатып жазған. Ал осы тұстағы кен орындарының тарихын таразылап, зерттей қойған ешкім жоқ қой деймін.

Ендігі меже – қарсымызда қамалдай болып тұрған құзды асып өтіп, арғы жа­ғын байқап қайту. Жо-жоқ, ешкім арғы жа­­ғын көріп қайт деп тапсырмаған. Өзіміз­дің тауға, табиғатқа деген ынтызарлығы­мыз болса керек. Көрсек, білсек деген ой ғана. Бағана малшылар айтқан асу осы. Ұшар басындағы мұздықтары күнге шағылысады. Қарасаң, ат тағасы батпайтын сияқты. Рас, жүрексіндік. Төбеңнен төніп тұрған таудың мысы да басады екен. Мұзтаудан кейінгі биік шың Бүркіт те сол жақта. Аман-есен асудан ассақ, сол шыңның дәл желкесінен шығамыз. Бір білгіштер оңтүстік жағы жадағай, шығу оңай дескен. Әй білмеймін, керісінше қожыр-қожыр таулар биіктей бастады. Асудың түбіне жете бере былқылдап жатқан сазды ойпатқа аяқ бастық. Ал иректелген соқпақпен қамалдай болған құз басына шыққанда рас, көк мұз екен. Бұл жерге жеткенде аттар да болдыра бастаған. Әлгі 130 шақырымдық бәйгеде осы аттар озбағанда, жарап жүрген сүйріктей сұлу тұлпарлар оза ма?! Таутекенің құзына, Төр Алтайдың мұзына тұяғы тиген қарапайым мініс аттар жазықта шапса, дес бере қоймас.

– Әкеммен бірге қанша жайлауды ­ара­ладым, дәл мұндай қауіпті асумен жү­ріп көрмеппін, – дейді Дәулет аттан түсе бере.

Аттарды жетекке алып өтпесек, өте қауіпті. Жанды шүберекке түйген деген осы. Аяқ түртіп кеткен шағыл тастар төменге домалағанда, тізең дірілдейді. Көз ұшындағы айнадай болып мұзды жол жатыр. Дәл осы жерден мұнартып Мұзтау, жарқырап Бүркіт көрінді. Алтайдың бұл сұлулығын сөзбен де, фотоаппаратпен де жеткізе алмаспыз. Көзбен көріп, сезіну керек. Соны білемін.

...Аман-есен өттік мұздықтан. Кері осы жолмен қайтуды ойласақ, зәре­міз зәр түбіне кетеді. Ол қорқынышты алды­мыздағы жазиралы жайлау ұмыт­тырды. Жап-жасыл бет, жан-жағы тісті шыңдар. Ортада ирелеңдей өзен ағып жатыр.

– Бұл өзен Бүркіттің мұздағынан бас­талып, Күршімге құяды. Төменгі жағы тіпті ағысты. Біз де осы судың бойына шатыр тігіп, от жағайық, – деді Айдын.

Айдынның айтқаны заң. Бізді ат со­ғып, есіміз кіресілі-шығасылы болып қал­ды. Жоғарыда айтқандай дәрілік шөп­тер аяқтың астында жатыр. Щетка шөп, қы­зыл тамыр, алтын тамыр дегендей табиғи дәрілердің түр-түрі өседі. Теріп алайын де­сең, Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

Шатыр тігілді, шай қайнады. Жер­­ге жа­йылған дастарқанға дөңгелей оты­рып, жан шақырдық. Бұл кезде күн ұясына ба­тып бара жатқан. Тынығып алып, ер­те­сі етекке түсуіміз керек... Әб­ден шал­дық­қанда, «мынау далаға қай ­құ­дай айдап келді» дегендей ойлар сананы ­түрт­­пектеп қояды. Дегенмен алып Ал­тай­­ды жұдырықтай жүрегіңе сыйғы­зып, сұлу­лығын көзбен көру – жарты бақыт емес пе?!

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы