Біз мектепте жүргенде балаларға жаз бойы жұмыс істететін, оның есесіне оқу жылының қарсаңында ел көргізіп, жер көргізіп қайтатын. Ала жаздайғы тапқан табысымыз соған жұмсалатын. Сол дәстүр бойынша сегізінші кластан кейін жолымыз Алматыға түскен. Өзіміздің ауылдағы түрік азаматы Тұрсын айдайтын автобуспен улап-шулап армандаған Алматыға да жеткенбіз. Біз қалаға келіп кіргенде түн болып қалған еді. Асқақтаған Алатау көрінбейді, Алматының атақты жасыл желегін де сезіне қойған жоқпыз. Қараңғылау көшелермен жүріп келіп бір жерге тоқтадық. Ол жер осы қазіргі көкбазардың дәл түбіндегі асхана екен. Студент жылдарымызда үстіңгі қабаты ресторанға айналды. Автобустан түскеніміз сол еді, алдымен шыққан бір баланың айқайлап жібергені: “Төбелес! Төбелес!”. Қарасақ – асхананың алдындағы қараңғылау жерде қырғын төбелес болып жатыр. Екі жігіт бір-бірін аямай пергілеуде. Шағын денелісі кеуделі, ұзын жігітті еңсеріп барады. Еңсеруді қойып, мынамен төбелесуге қалай дәті шыдап жүргеніне таңқалғандайсыз. Жоқ, дәті шыдамақ тұрмақ, сарт-сұрт ұрғанда ананы ұшырып жібереді. Сол арада тағы бір баланың тағы айқайлап жібергені: “Мә-ә! Мынау анау ғой!”. Сөйтсек, “анау” дегені төбелесушілердің аласа бойлысы екен, ал ол біздің аудан орталығындағы “Ленин жолы” мектебін өткен жылы ғана бітірген кәріс жігіті екен. Өзіміздің ауданда жүретін баланы мына Алматыда көргенімізге таңданып, оның қаланың қақ ортасында төбелесіп жатқанына да таңданып, өзінен қарулы жігітті ұрып жыққанына тағы таңданып мына жақта біз тұрмыз. Жерлесінің жеңгеніне айызы қанып, “Қалай соқты, ә! Сілейтіп салды ғой, ә!” деп жатқандар да бар. Арамыздағы біреу: “Е, кәрістердің бәрі солай болады, мықты ғой бұлар”, деп аяқ астынан ақылға сала сөйледі. Жаңағы қой асығындай ғана жігіттің етінің тірілігіне таң қалып біз тұрмыз. “Бәрі мынандай болса бұлар шынында мықты екен”, деп қоямыз іштей.
Президент сапарына байланысты Кореяға жол жүретінімізді естігенде ойымызға осы оқиға оралып, санамызға сол сурет сарт ете қалған еді. Әрине, бір жігітке қарап тұтас бір халық туралы ой толғай қойған кластасымыздың этнологиядан хабарының қаншалықты екені белгілі, бір халық тұрмақ, бір үйдің балалары да әрқилы болып жатады ғой, әйтсе де уақыт өте корей ағайындардың шынында көбіне өзгелерден шымыр да ширақ келетініне өзіміздің де көзіміз жете түсті.
Жетпісінші жылдардың аяғында баспасөз бетінен “Корей кереметі” деген сөз тіркесін жиі жолықтыратынбыз. Қайта құру деген бір науқан басталып, темір шымылдық түріліп тасталғанда әлі жеткендер тоңазытқыш, теледидар, телефон, мәшине сатып алмақ болса “Daewoo”, “Samsung”, “LG”, “Нyundaі” маркаларын іздеуге шықты. Оңтүстік Корея тауарлары сапалылықтың, сенімділіктің өзінше бір кепілдігіне айналды. Осыдан бір аптадай ғана бұрын Сеулден жолдаған мақаламызда белгілі корейтанушы Андрей Ланьковтың “Быть корейцем...” деген кітабының (М., “Восток-Запад”, 2006) аннотациясындағы: “25 жылдың ішінде қайыршылықтан қазіргі өркендеген өмірге секіріп өтіп, ерлік жасаған елдің тұрғындары туралы тіпті мардымсыз білеміз. “Корей экономикалық кереметі” туралы дұрыстап естіп-білген кім бар бізде? Бұл кереметтің басты құпиясы корейлердің өзі болса, олар қандай адамдар сонда?” деген жолдарды келтірген едік. Расында да, корейлер қандай адамдар, Корея қандай ел?
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына таяудағы мемлекеттік сапары күндерінде көзбен көргендеріміз бен көңілге түйгендерімізге, елшілік қызметкерлерінің айтқан әңгімелеріне, С.Курбановтың 2009 жылы Санкт-Петербургтен шыққан “История Кореи с древности до начала ХХІ века” атты қомақты зерттеу еңбегіне, Андрей Ланьковтың жаңағы журналистік кітабына, интернет материалдарындағы деректерге сүйеніп жазылған мына мақалада осы сұрақтарға жауап іздеп көрмекшіміз.
Алдымен мына жайдың басын ашып алайық. Әлемде қазір екі Корея бар. Біреуін Солтүстік Корея, екіншісін Оңтүстік Корея атайды. “Корея” атауы көбіне-көп соның Оңтүстігіне қатысты айтылады. Екінші Кореяны – Корей Халық-Демократиялық Республикасын Солтүстік Корея деп анық ажыратып сөйлейді. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы – Оңтүстік Корея.
Негізінде, біздің “корейлер” деп жазуымыз да, “Корея” деп жазуымыз да онша дәл емес. Елдің де, этностың да қазіргі еуропаша аты Кор¿ атауынан шыққан. Түбектің дұрыс аталуы осы. Орыс тілінің заңдылығына сәйкес кор¿ліктер “корейцы” деп айтылады, солай жазылады. Біз орыстардың айтқанын, жазғанын сол күйінде қайталаймыз. Бірақ, жөні былай екен деп, аяқ астынан этностың атын “кор¿лер”, елдің атын “Кор¿” деп жаза бастасаңыз да сонша дұрыс болмайтын сияқты. “Немецтің” қазақшасы “неміс” қой дегенге салып, ауызекі әңгімедегі “кәріске” көшіп кетсең де біртүрлі. Тарихта талай нәрсенің өзгерген түрде атала беретіні бар. Мысалы, Екатерина заманында Ресейге әйел патшаның төркінінен талай жұрт келген. Петербургтегілер әлгілердің оп-оңай орысшаны түсінбей, меңірейіп тұрып қалатынына қарап оларды “немые”, яғни “мылқаулар” деп атай бастаған. “Немцы” сөзі солай шыққан. Әйтпесе, “немістердің” өз аты “дойч”, елінің аты – “Дойчланд”. Солай екен деп, тарихи әділетсіздікті түзетейік деп енді келіп ұлттың атын “дойчтар” түрінде жаза бастасаңыз да жұртты жаңылдырғаннан басқа ештеңеге жете қоймайсыз. Оның үстіне бүкіл әлем осы “Корея” нұсқасын ұстанатынын да есте ұстағанымыз орынды. Сонымен, әңгіме Корея туралы.
Біз Сеулге барғанда Президент ұшағынан түскен бойы Қазақстанның Кореядағы жылының ашылу салтанатын, өнер шеберлеріміздің концертін тамашалау үшін Хоам өнер орталығына бірден тарттық. Салтанат кезінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Кореяның тарихи байланыстарының тамыры тереңде жатқанын, қазақ және корей халықтарының арғы тегі олардың ортақ түпотанына (“прародина” сөзін осылай алуға болар еді – С.А.) – Алтай мен Орталық Еуразияға барып тірелетінін айтты. Корея Президенті Ли М¿н Бак сөз кезегі келгенде өздерінде табылған қанжардың біздің Арқадан, Бурабай маңынан табылған қанжардан аумай қалғанына назар аудартты. Біз бұл әңгіменің дәйегін атақты этнолог, академик Ю.В.Бромлейдің бас редакторлығымен шыққан “Народы мира” анықтамалығындағы: “Очевидно, в формировании корейцев принимали участие 3 группы племен: палеоазиатская, алтайская и австронезийская, ведущая роль принадлежала проалтайским племенам” (М., “Советская энциклопедия”, 1988, 229-бет) деген уәжді сөзбен тиянақтауға, корейлердің антропологиялық жағынан қалыптасуында алтайлық қанның үлесі үлкен екені көзге бадырайып тұрғанын: “Тіл деген, дін деген замана желімен, тарих тезімен бірнеше ғасырдың ішінде-ақ өзгере беруі мүмкін, ал түр деген, тұрпат деген кем қойғанда мыңжылдықтарда болмаса құбыла қоймайтын құбылыстар қатарына қосылады”, деп түсіндіруге тырысқанбыз. Елге келгеннен кейін Алматыдағы Ұлттық кітапханадан Корея тақырыбына тағы біраз әдебиет ақтарып қарасақ, расында да, академик Ю.В.Бромлей тарапынан қолдау тапқан тұжырымның көкейге қонымды екендігін көре түстік. Корейлердің қалыптасуында арғыалтайлық тайпалар белсенді рөл атқарды, ал палеоазиялық, австронезиялық тайпалар атсалысты дейік. Арғыалтайлық тайпалардың жайы белгілі. Корейлерді қалыптастырған үш топтың ішінде палеоазиялықтар да бізге сонша алыс емес. С.Курбановтың кітабында былай делінеді: “Одна из распространенных точек зрения южнокорейских исследователей заключается в том, что первопредки корейцев, обладатели гребенчатой керамики, ведут свое происхождение из Сибири, откуда они пришли на Корейский полуостров. Их принято называть палеоазиатами. Протокорейские языки относятся к алтайским языкам” (21-бет). С.Курбанов корей тілі мен түркі тілі тобында қазірдің өзінде 200-ден астам лексикалық сәйкестіктер бар екенін айтқан.
Мына мақалада корей халқының арғыдағы тарихына тереңдей бермесек пе деп отырмыз. Түбіміз бір дейтін туысқандығымызды тым тамашалай берудің де, “корейлердің түбі өзіміздің керейлер екен” деген сияқты жеңіл сөзге ерудің де жөні шамалы болар. Ол жағын маман тарихшыларға қалдырдық. Дегенмен, мұндай күрделі үдерістердің бәрі мыңжылдықтардың үлесіне тиетінін ұмытпайық. Тарих сахнасына корейдің төл мемлекеті ретінде шыққандығы талас тудырмайтын Чосон мемлекеті б.д.д. 5-4 ғасырларда дәурен сүрген. Корейлер өз елін әлі де Чосон атайды, мағынасы – Таңғы шық елі деген сөз. Одан бергіде корейлер мемлекеті бірде өсіп, бірде өшіп, неше түрлі тарих теперішін көрген. Қытайдың Таң әулетінің елге басып кіріп, орнығып алған кезі де, 918 жылы құрылған Кор¿ мемлекетінің негізін қалаушы Ван Гонның елді қайта біріктірген кезі де, Кор¿ әміршілерінің моңғол билігін мойындаған кезі де болған. Есте жоқ ескі замандарда кімді кім басып алмады, кім кімге билігін жүргізбеді дейсіз, корейлердің жанына бататыны ол емес. Корейлердің жанына бататыны – бүкіл әлемде отарлық саясаты бәсеңсіген кейінгі ғасырларда да біресе жапондардың, біресе маньчжурлардың табанына таптала бергендігі. Басқасын былай қойғанда, 1910 жылы Кореяның жапон колониясына айналғанын, 1945 жылы аяқталған Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елді АҚШ-тың әскери әкімшілігі басқарғанын, Корей түбегінің оңтүстік бөлігінде ел тәуелсіздігі 1948 жылы ғана жарияланғанын айтсақ та, бұл елдің күні кешеге дейін көрмеген құқайы жоқ екеніне көзіміз жетеді. 1910 жылы корейлердің орташа өмір жасы 24 (ер кісілер) – 26 (әйелдер) жас болғанынан да ол елді жайлаған жоқшылықтың ауқымын аңғара аласыз. Осыдан жарты ғасыр ғана бұрын бұл ел нағыз қайыршылық кешкен, адамдар алақанға салып беретіндей күрішпен өлместің күнін көрген дегенге бүгінде сену де қиын.
Әдетте ел өміріндегі елеулі кезеңдер бірнеше жыл бедерімен, кейде нақты бір жылмен байланыстырылады, ал Корея үшін оның “экономикалық кереметі” бастауының нақты күні де бар. Ол күн – 1961 жылдың 16 мамыры. Дәл сол күні жергілікті генералдар америкалықтардың көмегіне сүйеніп, елді аздырып-тоздырып бітірген үкіметті тақтан тайдырған. Төңкерісті ұйымдастырған генерал Пак Чжон-хи осы әрекетімен Кореяның ХХ ғасырдағы тарихының шешуші тұлғасына айналғанын корейтанушылардың бәрі де айтады.
Жапония жерінен ешқандай қазба байлықтары шықпайтынын жиі жазамыз. Кореяның жері де тап сондай. Жапондар сияқты, корейлердің де жалғыз байлығы – корейлердің өзі, олардың еңбекқорлығы, тәртіптілігі, білімге құштарлығы. Пак Чжон-хи өзінің экономикалық стратегиясына негіз етіп алған сұлба тіпті қарапайым – шетелдерден несие алады да, ол несиеге импортталған шикізатпен, шетелдік технологиямен жұмыс істейтін фабрикалар салады. Фабрикалардың өнімі экспортқа шығарылады, түскен табысқа жаңа шикізат пен жаңа технология сатып алынады, осылай жылдан-жылға жалғаса береді. Генерал Пак Чжон-хи 1962 жылы алғашқы бесжылдық жоспарды жасатып, жыл сайын 7-8 пайыздық экономикалық өсімге қол жеткіземіз дегенде талайлар күле қараған көрінеді. Алайда, келесі, 1963 жылғы жалпыұлттық өнімнің өсімі 9,1 пайыз болыпты. Содан басталған даму бір дамыл таппай қойған. Пак Чжон-хи билік басында тұрған жиырма жылға жуық уақыттың (1961-1979) ішінде жалпыұлттық өнімнің өсімі орташа 8-10 пайыз деңгейінде тұрыпты, кей жылдары тіпті 12-14 пайызға барған, онша сәтті емес деген жылдардың өзінде өсім деңгейі 6 пайыздан төмен түсіп көрмеген. 1960 жылы жан басына шаққандағы табыс 80 долларды құраған екен. Сол көрсеткіш 1979 жылы 1000 долларға, 90-шы жылдардың ортасында 10 000 долларға жеткен. Ал 2007 жылы, яғни дағдарыс жаңа басталып жатқан тұста бұл көрсеткіш 20 000 долларға барған! Корейдің экономикалық кереметі деген, міне, осы.
Әрине, әр кереметтің өзінің кілті болады. Генералдар билеген жылдарда, яғни 1987 жылға дейін ел басшылары Оңтүстік Кореяның сол тұста ортақ дұшпандар үштігі саналған Пхеньянға, Мәскеу мен Бейжіңге қарсы Шығыс Азиядағы стратегиялық плацдарм ретіндегі орналасуын орынды пайдалана білген. Соның арқасында Американың мол қаржылық көмегін алып отырған. “Корей экономикалық кереметінің” тағы бір тетігі – диктатура... Әдетте бәріміз жерден алып, жерге салып жататын беделге салып, белден басу әдісі бұл елде билікке де, сол билікке екі тізгін, бір шылбырды беріп қойған халыққа да пайдалы болып шыққан. Даму стратегиясын мемлекет белгілеп, жеке меншік фирмалар биліктің бұйрығын бұлжытпай орындап отырған. Ол кездегі жұмыс аптасының ресми мөлшерінің өзі 54 сағатқа жеткен екен.
Пак Чжон-хидің сол тұстағы елдің ахуалына байланысты айтқан “Мен банкротқа ұшыраған фирманы қабылдап алғандай күй кештім” деген сөзі белгілі. Айтса айтқандай. 1960 жылы Корея жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейі бойынша (бір жылда 80 доллар) Нигерия мен Папуадан (Жаңа Гвинея) да кейін тұрған. Сол кезге дейін бүкіл елде бірде-бір көпқабатты тұрғын үй болмаған, ел астанасы Сеулдің өзінде су пәтерлердің ширек бөлігіне ғана берілетін. Корея астанасында көп қабатты алғашқы тұрғын үй кешені 1963 жылы ғана салыныпты. Оның да өзінің қызығы мен шыжығы жетіп жатыр. Әуелде он қабаттық он бір үйден тұратын, барлығы 1158 пәтерлік шағын аудан салу жоспарланады. Жұрт өре түрегеліп, қарсы шығады. “Жарық беруге электр қуаты жетпей жатқанда лифтілі үй салу деген не сұмдық!” деп газеттер жамырай жазады. Ақыры үйдің қабаттары азайтылып, әлгі шағын аудан тек алты қабатты (әрине, лифтісіз) үйлерден тұрғызылады. Сонда да құрылысы толық біткеннен кейін әлгі үйлерге ешкім кірмей қояды. Пәтерлердің он-он бес пайызы ғана сатылады, онда да тек бірінші қабаттағылары ғана... Ешкім тым құрығанда екінші қабатта да ешқашан тұрып көрмеген ғой. Сөйтсе көмірмен жағылатын қазандықтардан адамды өлтіріп жіберетін газ тарайды екен, газ тараған бетте бірінші қабатта тұратындардан басқалар далаға шығып үлгере алмайды екен деген қауесет жайылып кетіпті. Үй салған компания басшылығы жұртты тыныштандыру үшін бес суыр сатып алыпты да, газ тарайды деп үрейленіп, өз үйлеріне өздері жоламай жүргендердің пәтерлеріне әлгі суырларды түнетіп шығарыпты. Тұрғындар сонда да қорыққанын қоймайды, суыр, қанша айтқанмен, адам емес қой деп. Амалы таусылған компания басшылығы бір қызметкерін сылқита ішкізеді де, жаңағы үйлердің біріне қамап, сыртынан жауып кетеді. Таңертең бәрі жиналып, жүгіріп барса, әлгі кісі – тірі... Содан кейін ғана алдымен екінші қабаттың, біраздан соң үшінші қабаттың пәтерлері сатыла бастайды. Сөйткен Сеулде қазір көк тіреген зәулім үйлер самсап тұр. “Тэхан сэнмен” сақтандыру компаниясы ғимаратының ұшар басына қарасаңыз басыңыздағы қалпағыңыз түседі. Рас, корейлерге тиесілі жердегі ең биік ғимарат ол емес. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында Пхеньянда 105 қабаттық қонақ үйдің құрылысы басталған. Бұлардың Солтүстіктегі туысқандары қалайда Сеулден секіріп түсу үшін ерегесіп салған ол қонақ үйдің құрылысы, міне, 20 жылдан бері аяқталмай келе жатыр. Сеулдің орталығындағы бір метр жердің бағасы ондаған мың долларға барады, мысалы, Мендон орамында 40 мыңға жетеді. Малайзия кереметінің авторы – Махатхир Мохаммад малайлықтардың әуелгі бетте балконда шошқа ұстағанын, бір қабаттан бір қабатқа шошқаларын шыңғыртып шығып бара жататынын айтқаны да есімізде. Осындай табысты елдердің тәжірибесінде де қазір адам айтса нанғысыз жайлардың жолыққанын ежіктеп отырғанда ондай болмақ қайда деудің жөнсіздігін аңғартпақпыз. Жұрттың бәрі біздей бастаған. Бізден әлдеқайда нашар кезінде бастаған. Ал қазіргі әл-ауқат деңгейі айта қаларлықтай. Кореяда адамдардың орташа өмір жасы 78 жылға жеткен. Үш жылға созылған экономикалық дағдарыстан кейіннің өзінде қазір жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 17,7 мың долларды құрап отыр. Елдің ішкі жалпы өнімінің көлемі 2009 жылы 902 миллиард доллар болды. Осыдан ширек ғасырдай ғана уақыт бұрын, 1986 жылы Кореяда автомобиль саны миллионға жетпесе, 2001 жылы мәшинелердің саны 12 миллионға барған. Кейінгі мәліметтерді таба алмадық. Кем қойғанда 16-17 миллион шығар қазір. 2003 жылы елде қолына қалтафон ұстаған адамның, яғни абоненттің саны 33 миллион 444 мың адам екен. Сонда бүгінде кнопка басуға шамасы келгеннің бәрінің ұялы телефоны болғаны ғой. Қазір елде 50,8 миллион адам бар. Айтқандай, Корея халқының тығыздығы бойынша әлемде үшінші орында тұр: мұнда әр 1 шаршы шақырымға 474 адамнан келеді.
Корейлердің таң-тамаша қалдырар табыстарын тек экономикалық тетіктермен түсіндіре беруге болмайды. Сеулде біздің көргендеріміздің біразы қазір әлемде орныққан қағидаларға кәдімгідей кереғар. Мысалы, урбанизация мен әл-ауқаттың артуы қылмыстың артуымен қатар жүреді дейміз. Бүкіл әлемде солай. Кореяда басқаша. Мұнда қылмыс жыл өткен сайын азайып келеді. Мысалы, ірі қалалардағы қылмыс тұтастай алғанда елдегі қылмыс деңгейінен анағұрлым жоғары болады дейміз. Бүкіл әлемде солай. Кореяда басқаша. Осындағы ірі екі мегаполис – Сеул мен Пусан корей криминологтарының тізімінде қылмыс деңгейі жоғары қалалар қатарынан табылмайды. “Корея астанасы күн мен түннің кез келген уақытында қауіпсіз. Сеулге келген шетелдіктер үшін ең үлкен қатер – университет бітірген ішкіштер, олардың кейбірі шетелдікті көрсе болды өздерінің ағылшыншасын шыңдай қойғысы келіп, дереу сөйлесе кетеді”, деп жазады Андрей Ланьков. Статистика мәліметтері де растайды мұны. 2000 жылдың деректері бойынша, әр 100 мың тұрғынға шаққанда адам өлтіру көрсеткіші Ресейде 19,8, АҚШ-та 4,6, Кореяда 2,02 болған. Сол жылы Оңтүстік Кореяда әр 100 адамға шаққанда 9,6 тонау оқиғасы тіркелсе, ол көрсеткіш Ресейде 91, АҚШ-та 147 болған, яғни 15 есе артық. Біздің елшілік қызметкері корейлерде кәдуілгі ұрлық тіпті жоқ дегенді айтады. Бұл арада дәстүрлі корей этикасындағы қылмысқа, ұрлыққа төзгісіздіктің үлкен рөлі бар. Елді қайыршылық жайлаған өткен ғасырдың елуінші жылдарының өзінде азық-түлік дүкенінде жұмыс істейтін сатушылар аштықтан бұратылып бара жатса да ауыздарына күріштің бір дәнін де салмайды екен.
Буддизм дінін ұстанатын Кореяда конфуцийшілдіктің әсер-ықпалы айрықша. “Адамның өз жанында тәртіп болса, онда отбасында да тәртіп болады, отбасында тәртіп болса, мекемеде тәртіп болады, мекемеде тәртіп болса, мемлекетте тәртіп болады”, дейді корейлер. Осынша дәулетке ие мемлекетте әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі, еуропалық ұғыммен қарағанда, өте әлсіз. Мұнда жасы ұлғайған адамдарға қамқорлық жасау міндеті негізінен отбасына, балалардың өзіне жүктелген. Содан қараусыз қалып жатқан ата-ана жоқ көрінеді.
Корейлер үшін ата-ананың айтқаны – заң. 1991 жылы жүргізілген сауалдаманың нәтижесі бойынша, тіпті жоғары білімді корейлердің арасында да өздерінің болашақ өмірлік серігін өздері таңдағандардың үлес салмағы тек 35 пайыз екен, қалғандарының бәрі ата-анасының ұйғарымы бойынша үйленгендер, тұрмысқа шыққандар. Содан бергі жиырма шақты жылда өз таңдауын өзі жасайтындардың көбейгені күмәнсіз, әйтсе де корейлердің ата-ананың алдында әлі де тақ тұратыны талас туғызбайды. Жасы үлкендерге құрмет те бөлекше. Корей тілінде, мысалы, орыстардағыдай, жалпылама “брат” немесе “сестра” деген сияқты ұғымдар жоқ екен. Ұл бала үлкен болса – аға, кіші болса – іні, қыз бала үлкен болса – әпке, кіші болса – сіңлі. Қазақтардағы сияқты. Әркімнің өз жөні, өз жолы, өз орны бар. Осы арада бір жайды айта кетелік. Тарих ғылымдарының докторы Георгий Кан интернетте (neonomad.kz) жарияланған таяудағы сұхбатында екі Кореяның бірігуі мәселесіне тоқталып, “Кезінде Ким Дэ Чжун Пхеньянға баруға тәуекел етті ғой! Ол қанша кедергілерден өтті сол үшін! Басқасын былай қойғанда, оның жасы Ким Чен Ирден үлкен – бұл корейлер үшін өте маңызды. Жасы үлкеннің жасы кішінің алдына баруы – ақылға сыймайтын жай! Алайда, саяси ерік-жігер болса, талай нәрседен бас тартуға тура келеді”, дейді. Бұл елдегі түсінік бойынша, некеге тұру үшін адамның материалдық жағдайы жеткілікті болуы керек. Студенттердің некеге тұруы сондықтан да өте сирек, ал кейбір университеттерде қыздардың тұрмысқа шығуына тіпті тыйым да салынған. Корейлердің той жасауы біздің қазақтардан да асып кететін көрінеді. Кей тойларға мыңнан астам қонақ шақырылады екен. А.Ланьковтың кітабында қонағының саны 3 мыңнан астам болған бір той жайында жазылған. Мұнша адам шақырса шашылғыш шымкенттіктердің өзі шаршап-шалдығып қалатын шығар.
Конфуцийшілдіктің ықпалы корейлердің ұл мен қызға көзқарасынан да көрінеді. Конфуций қағидасы бойынша ата-баба бейіттеріне барып, құрбандық шалуға тек ұл балаларға рұқсат етілген. Мұндай құрбандық шалынбаса аруақтар о дүниеде де ашығып-зарығып жүреді деп саналады. Содан барады да корейлер бар жақсыны ұл баланың алдына тосады, бар жақсылықты ұл баладан алдымен тосады. 1994 жылы Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерге дүниеге келетін нәрестенің жынысын анықтауға қатаң тыйым салғанға дейін бүкіл елде болашақ баланың ұл не қыз болуына ықпал жасау әбден етек алып кеткен екен. Мысалы, Тэгу қаласында 1988 жылы туған әр 100 қыз балаға 136 ұл бала келіпті (бүкіл әлемдегі орташа көрсеткіш – 100 қыз балаға 105 ұл бала). “Әрине, бұл үрдіс биліктің тынышын әбден-ақ кетірді. Сол кезде жүргізілген социологиялық зерттеулер егер баланың жынысын таңдауда толық ерік беріп қойса корей аналарының ұлдарды қыздардан бір жарым есе көп туатынын көрсетті. Мұның өзі Корея бірнеше ондаған жылдардан кейін еркектері әйелдерінен бір жарым есе көп елге айналады дегенді білдіретін!” (А.Ланьков). Қазір ел басшылығының басын қатырып отырған жайдың бірі осы. Бас қатыратын жайдың тағы бірі – шетелдіктердің корей балаларын асырап алуының жылдан жылға көбейіп бара жатқандығы. Қазір олардың саны шамамен 150 мыңнан асыпты. 100 мыңы АҚШ-та, 40 мыңы Батыс Еуропа елдерінде. Барған елдерінде корейлік балаларға талап басқашалау қойылады екен. Асырап алған ата-ана таза “шығыстық” мінезді күтсе, мектептегі мұғалімдер таза “корейлік” озат оқуды күтеді. Оның бәрі генотиптен емес, ұлттық мәдениеттің өзінен өрбитіні есепке алына бермейді.
“Корейлік” озат оқу деген не? Бұл елде шын мәнінде білім культі қалыптасқан. Мұның да тарихи тамыры тереңде. Кореяда, көршілес Қытайдағыдай, мыңдаған жылдар бойы мемлекеттік аппаратқа адамдар тек мемлекеттік емтихан арқылы ғана алынып келген. Оны анау-мынау адам тапсыра алмаған. Есесіне тапсыра алғандар жақсы қызметке де ие болған, жоғары жалақыға да жеткен. “Жақсы оқысаң жақсы жұмыс істейсің, жақсы жұмыс істесең жақсы тұрасың” деген қарапайым ғана қағида уақыт өте келе дәстүрлі дүниетанымның маңызды бір бөлігіне, ажырамас бөлігіне айналған. Қазір Кореяда орта мектеп түлектерінің шамамен 70 пайызы жоғары білім алады. Соның өзінде де елде жақсы университет бітірмеген адамның жақсы жұмысқа қол жеткізуі өте қиын. “Кореяда білім марафонынан бір шығып қалған адам қатарға қайта қосыла алмайды. Мұнда адамның тағдыры 12-16 жасында анықталады. Мектепте жүрдім-бардым оқыған берекесіз баланың министр немесе профессор болу тұрмақ, дәулетті кәсіпкер болуы да мүмкін емес. Оның әрі барғанда ұсақ саудагер немесе қолбала қызметші ғана болуы мүмкін” (А.Ланьков). Сондықтан да мұндағы әр бала мектепте жанын салып оқуға тырысады. Жоғары сынып оқушылары тәулігіне 11 сағат уақытын мектепте өткізеді екен. Оның үстіне балаларды үйде де көп еркелете қоймайтын сияқты. Бұл елдегі әйелдердің 54 пайызы үй шаруасында. Тіпті жоғары білімді әйелдердің де талайы үйде бала бағып отырады. Көптеген фирмаларда әйелдерді тұрмысқа шығуымен бірге жұмыстан да шығаратын жүйе баяғыдан бар екен. Мектептегі жылдардың бәрі оны бітірердегі емтиханға, одан кейінгі университет емтиханына дайындықпен өтеді. Шынтуайтында, емтихандардың аты әртүрлі болғанымен заты бір ғой. Олардың бәрі де – өмір емтиханы. Өмір бойы емтиханнан өтумен болатынын корейлер бала жасынан біліп өседі. Мына жанталас заманның жағаласқан тірлігіне солай дайындалады.
Кореяда көп мәселе шешілген. Алайда, ең үлкен мәселе шешілмеген. Ол мәселе – екі алып елдің – КСРО мен АҚШ-тың идеологиялық қақтығысының құрбандығына айналып (елуінші жылдардағы азамат соғысында шамамен 3 миллиондай корей қаза тапқан), ақыры 38-ші параллельдің екі жағында екі бөлек тұруға, екі ел құруға, екі түрлі өмір сүруге мәжбүр болған бір халықтың жармақ күй кешуі. Осы шетін тақырыпқа біз өзіміз ештеңе демей-ақ қояйық, белгілі ғалым Георгий Канды сөйлетіп көрелік. “Мен Солтүстікте де, Оңтүстікте де болған адам ретінде мынаны айта аламын: біз екі жақ беттегі қарапайым адамдармен сөйлескенімізде олардың бәрі бір нәрсені – бірігуді қалайтынын түсіндік. Мұның басы ашық, айдан анық. Олардың арманы біреу – біріккен Корея, бәрінің осыған жаны ауырады”, дейді Г.Кан. Пхеньянда Корея бірігуінің музейі бар екен. Сол музейде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы гранит тақта орнатып, Қазақстан корейлері Кореяның бірігуін жақтайтынын жазыпты. Музейдің тағы бір аты – 15.06.2000 жылғы 15 маусым күні екі Корея басшылары дәл сағат үштен алты минөт өткенде кездескен. Солтүстік пен Оңтүстіктің түбі бірігуге ұмтылатыны жөніндегі тарихи Бірлескен декларацияға сол жолы қол қойылған. Музейдің базальт тастан жасалған есігінің салмағы 3 тонна. Мұның мағынасы: үш күш – Солтүстік, Оңтүстік Корея және шетел корейлері әрқайсысы бір тоннадан салмақты өз мойнына алып, ортақ есікті бірлесе ашуға тиіс. Қазірше ол есік жабық. Солтүстік Кореядан жақында жеткен суыт хабар – сол елде мамыр-маусым аралығында кезекті ядролық қару сынағы өткізіледі деген суық сөз ол есіктің ашылуын тағы да алыстата түсетіні анық. Бірақ, әйтеуір, есік бар ғой. Түбі бір ашылар.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.