Таяуда Қарағанды қаласындағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қатарына тағы да 50 жауынгер қабылданды. Ал жаз басынан бері аталған ұйым бойынша 320 жас жұмысқа алынған екен.
Қарағанды жастар ресурстық орталығының басшысы Сымбат Әубәкірова «Жасыл ел» жұмыс маусымының осыдан тура бір ай бұрын басталғанын айтады.
– Жазғы екі айдың қорытындысы бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 270 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде 27 жас көпбалалы және 17-сі толық емес отбасынан, 5 адам құқық қорғау органдарында есепте тұрғандар есебінен. Олар қалалық саябақтар мен гүлзарларды абаттандырумен және көгал-
дандырумен айналысып жүр, – деді ол.
«Жасыл ел» жасағы жауынгерлерінің жұмысы тыңғылықты және тындырымды. Олар қаладағы орталық саябақта, «Мәңгілік алау» алаңында, «Жеңіс» саябағында, облыстық мешіт аумағында, триатлон саябағында, «Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінің жанындағы гүлзарларда, Н.Назарбаев пен Н.Әбдіров даңғылдары бойында және Абай көшесінде жұмыс істеп, қаланы абаттандыру ісіне өздерінің үлестерін қосып жүр.
Жастардың еңбек жасақтары қыркүйек айына дейін жұмыс істейтін болады. Еңбексүйгіш өрендер жұмыстан бөлек, түрлі экоквесттерге, челлендждер мен тренингтерге де қатысып, жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануда.
ҚАРАҒАНДЫ