Коронавирус • 04 Тамыз, 2021

Вакцинаның үшінші дозасын салу мәселесі қарастырылуда

8150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дәрігер Қазақстан халқына коронавирустың үшінші компонентін егуге қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Вакцинаның үшінші дозасын салу мәселесі қарастырылуда

Жоғары санатты инфекционист дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Сәуле Атығаеваның сөзінше, бүгінде үшінші компонентті салдыруға қатысты мәселе күн тәртібінде тұр. 

«Дәрігерлер, оның ішінде, иммунолог, вирусологтардың көзқарасы бойынша вакцинаның үшінші компонентін салдыру қажет болуы мүмкін. Жас категориясына қарай әр түрлі кезең керек болады. Ревакцинацияның қажет не қажет емес екені ағзадағы антидене санына қарай анықталады. Сондықтан антидене саны 1-ден төмен адамдарға ревакцинация керек болуы мүмкін. Бүгінде ревакцинацияға қатысты мәселе қарастырылып, талқыланып жатыр. Алдағы таңда оның жауабын алатын боламыз», деді дәрігер ОКҚ брифингінде. 

Вакцинаның үшінші дозасын салу туралы мәселені Pfizer және BioNTech компаниялары көтерген болатын. Бүгінде вакцинаның үшінші дозасын салдыра бастаған ел де бар. Ол - Израиль. Елде 60 жастан асқандарға Pfizer-дің үшінші дозасы салынып жатыр. Сонымен қатар Израильдің Премьер-Министрі Нафтали Беннетт елде кейінгі бес айда вакцинаның екі компонентін алғандар 1 тамыздан бастап үшінші дозаны салдыра алатынын мәлімдеді.