Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Қанат Тұрдиев брифингте қаулының ережелерін түсіндірді. Ол эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес 24 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан облысы «қызыл аймақта» орналасқанын атап өтті. Пандемия басталғаннан бері облыста 33 мыңнан аса жағдай тіркелді. Коронавирус инфекциясының ең көп таралуы Семей, Өскемен қалаларында байқалған. Қазіргі уақытта аурудың өршуі жаңа «Дельта» штамының шығуымен, халықтың карантин шараларын сақтамауымен байланысты.
Жаңа қаулыға сәйкес облыстың қалалары мен аудандарындағы қызмет көрсету нысандары өз қызметін «қызыл аймақ» үшін көзделген критерийлер негізінде жүзеге асыра бастады. Ал өңірде Ashyq жобасын іске асыру Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 29 шілдедегі қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
– Осы қаулымен Ashyq жобасына қатысатын нысандар үшін бірқатар жеңілдік енгізілді. Оларға демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етілді, – деп атап өтті Қ.Тұрдиев.
Атап айтқанда, Ashyq жобасына қатысатын азық-түлік емес базарларға сенбі және жексенбі күндері сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген. Жобаға қатысатын сауда үйлеріне сенбі және жексенбі күндері сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат.
Бұдан басқа қоғамдық тамақтану объектілеріне, оның ішінде мейрамханаларға, дәмханаларға, кофеханаларға, жазғы алаңдарға, банкет залдарына сағат 7.00-ден 02.00-ге дейін 50%-дан аспайтын, бірақ 50-ден аспайтын орынға, жаппай отбасылық, салтанатты, естелік, салттық және басқа да іс-шараларды өткізбестен жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
– Ұйым қызметкерлері вакцина алған жағдайда өз қызметін қашықтан және офлайн форматында жұмыс істейтін қызметкерлердің пайыздық арақатынасы жөніндегі талаптарды ескермей жүзеге асыра алады. Бұл ретте соңғы 6 ай ішінде Сovid-19-ға қарсы вакциналаудың толық курсын алған қызметкерлерге дәстүрлі режімде жұмыс істеуге рұқсат етіледі, – деп атап өтті Қ.Тұрдиев.
Қаулыға сәйкес қалааралық, облысаралық, облысішілік тұрақты автобус, шағын автобус және өзге де жолаушылар тасымалдарының қозғалысына рұқсат етілген. Қалалар мен елді мекендер ішіндегі қоғамдық көлік демалыс және мереке күндерінен басқа барлық күндері жұмыс істейді. Бұл күндері қоғамдық көлік таңғы сағат 8.00-ден 22.00-га дейін, сондай-ақ технологиялық процестің үздіксіз циклі бар кәсіпорындардың қызметкерлерін жеткізу үшін сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
«Қызыл аймақтағы» Ashyq жобасына қатысушылар «сары аймақтың» шарттары бойынша жұмыс істей алады. Жалпы, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір Ashyq жобасына екі мыңнан аса нысан қатысып отыр. Олардың 1 330-дан астамы ресми түрде тіркелген. 1 700-ге жуық кәсіпорын жобаны сынақ ретінде қатысып отыр. Айта кетерлігі, қатысушыларды қосудың жаңа алгоритміне сәйкес QR-кодты алу рәсімі жеңілдетілгенін атап өтті.
– Өтінім беру үшін InfoKazakhstan.kz сайтына кіру қажет. Ол үшін электронды кілтті пайдаланасыз. Сол жерден «Менің өтініштерім» бөлімін ашып, өтініш беріңіз. Осыдан кейін жұмысқа рұқсат беретін құжаттардың болуын және енгізілген деректердің жауапкершілігін растау қажет. Өтінімді жіберіп, мақұлдағаннан кейін қажетті материалдарды жүктеп алу керек, – деп түсіндірді Қ.Мамырбеков.
Шығыста күн сайын жобаға қатысушылар саны артып келеді. Қазіргі уақытта өтінімдердің басым бөлігі сауда субъектілерінен келіп түседі. Сондай-ақ QR-кодты алуға мемлекеттік мекемелер, мектепке дейінгі білім ошақтары, өнеркәсіп саласының басшылары өтініш білдірген.
Шығыс Қазақстан облысы