Коронавирус • 05 Тамыз, 2021

Сақтық талапқа сай емес

246 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде елімізде коронавирус індетін жұқтырғандардың саны күн сайын артып келеді. Жаһанды жайлаған қауіпті індет Жамбыл өңіріне де оңай тиіп отырған жоқ. Аймақта коронавирустың күн сайын өсу дерегі тіркеліп, науқастар саны артуда. Өкінішке қарай, қауіпті індет салдарынан қайтыс болып кеткендер де бар.

Сақтық талапқа сай емес

Дерек бойынша, облыс аумағында қауіпті індеттің 13 168, ал пневмонияның 6 001 жағдайы тіркелген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының соңғы таратқан ақпараты бойынша, инфекциялық стацио­нарларда бүгінгі таңда 3 490 төсектік орын бар болса, оның бүгінде 2 156 орны немесе 62 пайызы толып тұр. Оның ішінде реанимацияда 153 науқас ем қабылдауда. Ал карантиндік құрылымдарға 66 тұлға орналастырылған.

Өңірде өршіп тұрған қауіпті індеттің бетін қайтару мақсатында түрлі шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда. Дәрігерлер елімізде аурудың өсуінің бірден-бір басты себебі «Дельта» штамы екенін айтып жатыр. Бұл ретте дәрігерлер аталған ауру түрінің де қауіпті екенін алға тартып, мейлінше сақтану керек екенін ескертуде.

Аталған ауру клиникасының ерекшеліктері – инкубациялық кезеңнің 5 күнге дейін қысқаруы екен. Яғни ішек белгілерінің басымдығы, індеттің тез дамуы, жас науқастар санының көбеюі, балалар мен жүкті әйелдер сырқатының ауыр ағымы сияқты белгілері бар.

«Үндістанның коронавирус штамы өкпеге басқаларға қарағанда тезірек әсер етеді. Тіпті алғашқы үш күнінде науқас жансақтау бөлімінде болуы мүмкін. Сондықтан бүгінгі таңда азаматтардан жедел респираторлық вирустық инфекцияның мұрынның бітелуі, бастың ауруы, дене қызуының көтерілуі, сүйектердің сырқыруы, шаршағыштық сияқты алғашқы белгілері байқалған кезде әрбір азаматтан барлық жұмысты тоқтатып, үйде қалып, медициналық көмекке жүгінуі талап етіледі. Жаңа штамм асқазан-ішек бұзылыстарының пайда болуы, тәбеттің жоғалуы, іштің ауруы, құсу, диарея, есту қабілетінің төмендеуі, буындардың ауруы сияқты қосымша белгілермен сипатталады. Мұндай жағдайда тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға қоңырау шалу қажет», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Бүгінде қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы қоғамдық орындарда медициналық маска кию, жеке гигиена талаптарын сақтау, тойлар мен мерекелік іс-шаралардан бас тарту екені айтылып келеді. Алайда көпшілік қатаң талаптарды сақтап отырған жоқ. Тараз қаласы қазір қауіпті індет жұқтыру бойынша алдыңғы қатарға шығып кетті. Облыс орталығында осы жылдың қаңтар айынан бері 6 730 жағдай тіркелген. Десе де мұнда той жасау тоқтамай тұр. Мәселен, қала бойынша 74 мейрамхана, 220 дәмхана, 75 супермаркет пен сауда орталығы, 645 азық-түлік дүкені, 19 сауда базары, 63 құрылыс дүкені мен 44 монша жұмыс атқарады екен.

Ал Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтуынша, карантиндік шектеу шаралары басталғаннан бері 468 әкімшілік-құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 90 млн 119 мың 940 теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның ішінде 7 заңды тұлға, 202 жеке кәсіпкер мен 259 жеке тұлға бар.

 

Жамбыл облысы