Бұл жайлы облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында депутаттарға аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берген ШҚО әкімі Даниал Ахметов айтты.
«Білім саласында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы зор. Мәселен, биыл облыс бойынша үш жаңа мектеп салынып жатыр. Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылуда. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында кәсіптік білім алатын студенттерді тәжірибеден өткізетін 10 орталық құрылмақ. Яғни, студенттер теориялық біліммен қатар тәжірибелерін де жетілдіріп, еңбекпен шыңдалады», деді аймақ басшысы.
Әкімнің айтуынша, студенттер оқуды аяқтағаннан кейін бірден кәсіпорындарға жұмысқа орналаса алатын болады.
Сондай-ақ бүгінгі таңда өңірде студенттерге арналған жеті жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр.