Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында «Қазақстан» концерт залында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері орталық оркестрі мен Ән-би ансамблінің дәстүрлі Гала-концерті өтті. Бұл жолғы концерттік бағдарлама «Қазақстан менің жүрегімде!» деп аталды. Жиналған жұртты жалынды ән-жырмен жігерлендірген мерекелік шара ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына орай ұйымдастырылды. Себебі, дәл сол күні, яғни 10 қаңтарда еліміздегі іргелі күш-құрылымдардың бірі – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне 22 жыл толды.
Ағымдағы жылдың 10 қаңтарында «Қазақстан» концерт залында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері орталық оркестрі мен Ән-би ансамблінің дәстүрлі Гала-концерті өтті. Бұл жолғы концерттік бағдарлама «Қазақстан менің жүрегімде!» деп аталды. Жиналған жұртты жалынды ән-жырмен жігерлендірген мерекелік шара ІІМ Ішкі әскерлерінің құрылғанына орай ұйымдастырылды. Себебі, дәл сол күні, яғни 10 қаңтарда еліміздегі іргелі күш-құрылымдардың бірі
– Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне 22 жыл толды.
Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 10 қаңтарында Ішкі әскерлерді құру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Міне, сол кезден бастап ішкі әскерлер жауынгерлері өздеріне жүктелген міндет-талапты абыроймен арқалап келеді. 1998 жылы 11 шiлдеде Елбасы Ішкi әскерлер қолбасшылығының Бас басқармасында болып, астаналық гарнизонның екi әскери бөлiмiне Жауынгерлiк туларын тапсырып тұрып: «Мен елiмiздiң Жоғарғы Бас қолбасшысы ретiнде қызметтерiңiздiң жақсы жағдайда өтуiне және iшкi әскердiң қамтамасыз етiлуi лайықты деңгейде болуына қамқорлық жасауға тырысамын», – деген еді. Қуатты елдің қауіпсіздігіне кепіл берер күш құрылымына берілген сөз жерде қалмады. Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі әскердің күш-қуатын жетілдіру мен дамытуға ұдайы көңіл бөліп келеді.
Қазіргі таңда мықты материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілген ішкі әскердің жауынгерлік және сандық құрамы Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы талаптарына сай. Еліміздің ішкі әскері стратегиялық маңызды, оның ішінде, ядролық нысандар, арнайы жүктерді тасымалдау күзетін қамтамасыз етеді. Ішкі әскер, сондай-ақ, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты 50 түзеу мекемесін күзетіп, ішкі істер органдарының полиция қызметкерлерімен бірге еліміздің 19 ірі қаласындағы қоғамдық тәртіптің күзетінде тұрады.
Темірдей төзімді талап ететін жауапкершілігі мол жауынгерлік жолда кәсіби біліктілік пен шеберліктерімен алғы шепке шыққан әскердің даңқы жылдан-жылға артып келетінін де айта кеткен жөн. Бұл сөзімізге жоғары мемлекеттік марапаттарға ие болған 130-дан астам әскери қызметші мен тәуелсіздігімізді тәу еткен 22 жыл ішінде Мемлекет басшысының өз қолынан әскердің 22 сардары «генерал» жоғары әскери атағын алғаны айғақ бола алады.
Ішкі әскердің тағы бір үлкен мақтанышы – әлемдік дүбірлі додаларда намысты қолдан бермей жүрген спорт саңлақтары. Санаулы күндерден кейін басталатын Сочидегі Қысқы Олимпия ойындарында ІІМ ІӘ-нің 14 спортшысы бақтарын сынамақ. Олардың алдыңғы қатарында Алексей Полторанин, Елена Хрусталева, Денис Тен, Дмитрий Рейхард, Юлия Галышева секілді үздіктер бар. Естеріңізде болса, өткен жылы Лондонда өткен Олимпия ойындарында Қазақстанның құрама командасы 13 медальға қол жеткізген болатын. Осы жеңістің алтауын ішкі әскер спорты-сарбазы қанжығаларына байлап қайтқан еді.
Еліміз егемендігін жариялағаннан 26 күннен кейін құрылып, бүгінге дейін егемендігімізбен бірге есейіп, сын мен сынаққа толы күрделі жолдан өткен ішкі әскерлер төл мерекелерін жоғары деңгейде атап өтті. Атаулы датаға орай ұйымдастырылған салтанатты шара қасиетті жұма күні Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығында бастау алды. Шараның ресми бөлігінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымов пен Ішкі әскерлер Бас қолбасшысы, генерал-майор Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен аға буын дәстүрін жалғастырып, қызметтік міндеттерін адал орындап жүрген бірқатар офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер марапатталды. Дәл осы күні 6636 мен 3660 әскери бөлімдерінде қатарға жаңа қосылған 400-ге жуық жас сарбаз салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Ал, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, полковник Рахметжан Шамұратовтың жетекшілігімен өткен концерттік бағдарламада Естай Мұқашев, Мұрат Ерғазиев, Маржан Арапбаева, Еділ Құсайынов, Ғайни Жұмашева секілді елге танымал әншілер өнер көрсетті.
«Қазақстан менің жүрегімде!» ұлттық өнерден бастау алып, күмбірлеген күймен көмкерілген, қазіргі эстрадалық әндермен өріліп, әлем халықтарының мың бұралған билерімен әспеттелген жарасымды кеш болды. Әдемі әзілге де, жас буынның жаңа бағыттағы ән мен биіне де орын таба білген концертте жиналған жұрт Естай Мұқашев, Рахметжан Шамұратов пен Виктор Яшновскийдің орындауларындағы А.Розенбаумның «Вечерняя застольная», ансамбль әншісі Бауыржан Тұрғұмбаев жүрекпен шырқаған «Офицер мырзалар» әндеріне ерекше қошемет білдірді. Ішкі әскердің бет-бейнесін, тыныс-тіршілігін ғана емес, рухты оятатын жалынды жырлар төгілген кештің шымылдығын концертке қатысушылардың барлығы «Елдің қорғаны» әнімен жапты.
Депутаттар, Астана әкімдігі, Ішкі істер министрлігі орталық аппаратының басшылары, Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығы мен ішкі әскерлер ардагерлері, сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген сарбаздардың отбасы мен туған-туыстары алдында патриоттық асқақ рух, өр намыс жайлы ән-жырларын ұсынған сарбаздар сапта ғана емес, киелі сахна төрінде де қуатты екендіктерін тағы бір дәлелдеп берді.
Бану РАХЫМБАЙҚЫЗЫ,
журналист.