Қазақстан • 05 Тамыз, 2021

Әлімжеттік азайғанымен...

835 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігімізге тәубе дейміз. Кеңес өкіметі тұсында ауылдан аттап баспаған қара табан бала Сібірдің қойын-қолатында әскери борышын өтейтін. Қазір ше – өз елі, өз жері. Бұрынғыдай әлімжеттік те азайған көрінеді. Бір жағынан халық арасында мәдениет қалыптасып келе жатса, екіншіден, әскери мекемелерде тәртіп күшейген. Дейтұрғанмен, құқық бұзушылық жоқ емес, ішінара болып тұрады. Алда-жалда әскерилер арасында қылмыс орын алса, әскери тергеушілер іске кіріседі.

Әлімжеттік азайғанымен...

Шығыс өңірлік әскери тергеу басқармасы Өскемен бөлі­мі­нің бастығы подполковник Дархан Қасеновтың айтуынша, әскеріміз алғаш КСРО құ­ра­мы­нан бөлініп шыққанда қыл­мыс көп болған екен.

«Бүгінде әскери полиция, қар­сы барлау, әскери тергеу бө­лімдері жұмыс істейді. Дәл бұрынғыдай әлімжеттік көр­сету көп емес. Есесіне, эко­но­ми­калық, сыбайлас жем­қор­лық қылмыстарға жол беріліп жатады. Мәселен, тендер өт­кіз­ген кезде қызметкерлер қате­ліктерге ұрынуы мүмкін. Соны­мен қатар қызметін асыра пайдалану, жымқыру, киім-кешек сату фактілері кездеседі», дейді Дархан Болатбекұлы.

Айтқандай, әскери бөлім­дер­дің бірінде ақша жымқыру фактісі әшкереленген. Бөлім басшысы қоластындағы қыз­мет­­керлердің шотына ақша аудар­ған. Анықтау жұмыстары ке­зінде күдікті азамат кінәсін толық мойындап, қаржыны қай­тар­ды. Алайда жазадан құ­тыл­ған жоқ.

Бір қызығы, темірдей тәр­тіп­те жүргендердің арасын­да арагідік есірткі сату фактісі кез­­деседі екен. Мысалы, аймақ­та­ғы әскери бөлімдердің бірінде қызмет етіп жүрген азамат есірткі сатып, оны сақтағаны үшін құрықталып, тергелді. Со­т­тың үкімімен темір тордың арғы жағына аттандырылды.

Жас­өспірімдердің пси­хо­логиясы әлсіз бе, өзіне-өзі қол жұмсау да бар. Соңғы бес жыл ішінде ғана төрт оқиға болды. 2017 жылы бір сарбаз атылып қалса, биыл біреуі өзіне-өзі қару кезенген. Тағы бір сарбаз далалы жерде автоматтың тежегішін жоғалтып алып, уайымға салынып кеткен. Жазадан қорықса керек, шекара заставасына 40-50 метр қалғанда тамағына қару төсеп, шүріппені басып қалған. Сөйтсе, жоғалған тетіктің құны бар-жоғы 3 мың теңге еді. Сондай жағдайда қасындағы сар­баздар түсіндіріп, сабырға шақыруға болар ма еді?!

Қылмыс болған жағдайда оқиға орнына аумақтық полиция қызметкерлері шығады. Ал алыс аудандарда жергілікті полицейлер бірінші болып же­теді. Қала аумағындағы ша­қыр­­туларға әскери тер­геу­шілер жұмылдырылады. Олардың пікірінше, ең алдымен оқиға орнында тексеру дұрыс жүргізілуі керек. Ол үшін жедел тергеу тобы құрылады, прокуратура өкілдері қатысады. Қажет жағдайда криминалист келеді. Әр қылмыстың ашылуына оқиға орнындағы ұсақ-түйек зат­тар­дың өзі себеп болады. Адам тағ­дыры болғандықтан, жағ­дай бүге-шігесіне дейін тек­се­ріледі. Толықтай сараптама жүргізіледі. Қатысы бар тұл­ғалардың мектеп кезінен бас­тап бүгінге дейінгі мінездемесі қаралады.

Мұндай фактілерден кейін сарбаздар арасында суицидке бармау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, психо­ло­гиялық тест алынады. Жалпы, қандай да тәртіп бұзушылық орын алса, әскерилердің ас-суынан бастап, түгелдей дерлік тексеріледі екен. Егер дене жа­ра­қаттары анық­тал­са, кінәлі сарбаз гаупт­вах­таға жа­­былады.

«Постта дұрыс тұру керек. Өкініштісі, автоматты шұқылап тұрып, байқаусызда атылып қалғандар да бар. Айта кетейін, жуықта түнгі ату жаттығуы ке­зінде пулеметтің бір оғы атыл­май қалған. Оны ешкім қа­рамаған. Түнделетіп казармаға келген соң қару-жарақты тазалау басталған. Сөйтіп отырып, біреуі шүріппені басып қалғанда ұшқан оқ қалың қабырғаны тесіп өтіп бір сарбаздың жамбасын жанап өткен. Егер қаз-қатар тұрған сарбаздарға тисе не болар еді?! Қару ұстадың ба, әр қимылыңа сақтықпен қарауға тиіссің», деп түсіндірді әскери тергеу бөлімінің басшысы Дархан Болатбекұлы.

Әскери тергеу бөліміне де тәжірибелі мамандар алынады. Көбі полицияда жүріп, тәжірибесі толысқан. Олар қылмысты тергеп ғана қоймайды, сарбаздар арасында, әскери бөлімдерде өз ретімен профилактикалық жұмыстар да жүргізіп отырады. Ал құқық бұзушылық орын алған жер белгілі бір уақытқа дейін тергеушілердің назарында болады. Жоспарлы, жоспарсыз тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Қалай дегенмен де, тәртіп бұзбай, түзу жүрген әскери қыз­метшілер үшін әлеуметтік жағ­дай жасалады. Тамақтары тоқ, киімдері бүтін. Жас қыз­мет­кер­лерге жалдамалы пәтерге дейін беріледі. Бұған қоса банктегі шотына мемлекет бөлетін тиісті қаржы жиналған соң тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік бар. Ал әскерилердің міндеті – Отанға адал қызмет ету.