16 Қаңтар, 2014

Кәсіпкерлікті дамыту – күн тәртібінде

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Еуразия­лық бизнес-форумға және кәсіпкерліктің дамуы­на арналған баспасөз мәслихаты болды. Онда шараны ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қуаныш Дәуітов аталған форум 17-18 сәуірде Алматы қаласында өтетіндігін мәлімдеді.

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Еуразия­лық бизнес-форумға және кәсіпкерліктің дамуы­на арналған баспасөз мәслихаты болды. Онда шараны ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қуаныш Дәуітов аталған форум 17-18 сәуірде Алматы қаласында өтетіндігін мәлімдеді.

Брифингке Мәжіліс депутаты және «Нұр Отан» партиясының кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі үйлестірушісі А.Соловьева, Қазақстанның ұлттық кәсіп­керлер палатасы басқарма төр­ағасының орынбасары Р.Ошақбаев, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының вице-президенті М.Курбенов және Еуразиялық бизнес-форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қ.Дәуітов қатысты.

Қазақстанда 1,5 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қазіргі таңда оның 850 мыңы белсенді жұмыс істеп тұр. Халқымыздың белгілі бөлігі, атап айтқанда, еңбекке қабілетті 2 миллионнан астам азамат осы салада қызмет етеді, деді орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі А.Әбибуллаев кіріспе сөзінде. Сөйтіп, мемлекеттік саясат пен ұлттық бәсекеге қабілеттілікті нығайтуда кәсіпкерліктің рөлі өсіп келе жатқанын айтты. Демек, кәсіпкерлікті қолдау – күн тәртібінде.

– Партия өзінің сайлауалды тұғырнамасында шағын және орта бизнесті дамыту бойын­ша нақты міндеттер алды. Партияда кураторлық институты құрылды. Бұл бірнеше ба­ғытты қарастыратын жаңа институт. Тұғырнама мін­деттерін біз индикаторлар жүйесі арқылы бағалайтын боламыз. Атап айтқанда, осындай индикаторлардың 3 деңгейін белгіледік. Олардың біреуі жаһандық сипатқа ие. Бұл әлем­дік қауымдастықта және ұлттық деңгейде қабылданған өлшем – ішкі жалпы өнімнің құрылымында шағын және орта бизнес үлесінің қандай болатындығы. Ол индикатор, бизнес өзінің лайықты орнын алуы үшін оған қандай жағдай жасағанымыздың көрсеткіші іспетті. Екінші, ағымдағы индикаторлар. Біздің елімізде қазір қолданылып жүрген бағ­дарламаларды түзетіп, жаңа ұсыныстар енгізуге мүм­кіндік береді. Үшінші, кірік­тірілген индикатор. Ол арқылы бизнестің қаншалықты белсенді дамып жатқанын білуге болады, – деді депутат А.Соловьева.

Баспасөз мәслихаты бары­сында «Ғалымдардың Еуразия­лық экономикалық клубы» қауымдастығының вице-пре­зиденті М.Курбенов пен Еуразиялық бизнес-форумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қ.Дәуітов өзара келісім меморандумына қол қойды. Одан кейін тараптар екі ұйымның бірлесе отырып атқаратын жұмыстары туралы айтты. Елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне тоқталды.     

– Еуразиялық бизнес-форумға дайындық жұмыстары бес айдан бері жүргізілуде. Бүгінде Қазақстандағы бизнес Еуразиялық экономикалық одаққа кірудің барлық мүмкіндіктерін толық бағалап үлгерген жоқ. Сондықтан, форумда осы және өзге де мә­селелерді талқылап, кәсіп­кер­лер­ге пайдасы болатын түрлі шараларды қарастыру жос­парланып отыр. Қазақстанның және Кеден одағы елдерінің басшыларына шақырту хатын жолдадық, – деді Қ.Дәуітов.

Аталған бизнес форум 17-18 сәуірде Алматы қаласында өтеді. Себебі, еліміздегі кәсіпкерлердің басым бөлігі осы қалада шоғырланған, дейді ұйымдастырушылар. Осы жиында қаралған мәселелер мамыр айында өтетін Астана экономикалық форумы аясында жалғасын табады.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар