Облыс шаруашылықтарының жалпы шөп қажеттілігі 850 мың тонна, соның ішінде 492 мың тонна ауыл тұрғындарының қорадағы малына қажет. Биылғы мамыр аяғынан басталып, маусымның аяғына дейін созылған ыстық даланың шөбін біршама күйдіріп жіберген. Бірақ шілдеден бастап жауған жауын көкорайды қайта өсіріп, қазір сұйықтау болғанымен шөбі белуардан келетін жерлер бар. Сондықтан шаруа қазір шөп жинау науқанын қызу жүргізуде. Ауыл шаруашылығы басқармасы агрономия бөлімінің бастығы Бақтияр Бекжанның айтуына қарағанда, биыл облыстың шөптен қысылмасы анық.
Шөптен басқа бүгінгі таңда 76,7 мың тонна пішендеме үйіліп алынды. Бұл жоспардың – 39,6%-ы. Ал тамыздың екінші жартысынан бастап агроқұрылымдар жүгері шабуға кірісіп, сүрлем дайындап алады. Оның шығымына да соңғы жауындар жақсы әсер етіп, өнім жылдағыдан кемірек болса да, аз болмасы анық.
Биыл ауылдық әкімдіктер арнайы шабындықтар мен айрықша қорғалатын табиғи аумақтардан да шөп шабуды ұйымдастырды. Бұл үшін ауыл тұрғындары арасынан техникасы барларынан арнайы бригадалар жасақталды. Бұл бригадалар орман қорындағы қуыстар мен запастағы қорлардан да шөп шабуда.
Сонымен қатар жерді пайдалану құқықтарын жалға алғаны үшін көптеген агроқұрылым халыққа пайдың есебіне тіркемемен шөп әкеліп беруде. Әсіресе зейнеткерлер мен аз қамтылған отбасыларына осындай көмектер жасалып жатыр. Сондай-ақ аудандық әкімдіктер арнайы жәрмеңкелер ұйымдастырып, онда қала мен аудан орталығының тұрғындары үшін белгіленген бағаға жемшөп сатуда. Осы күнге дейін 29 жәрмеңке болып, оған 250 агроқұрылым қатысты. Бұл жұмыстар жылдың аяғына дейін жалғасады.
Агроқұрылымдармен жем-шөпке байланысты жасалған бір жұмыс сабанға байланысты. Шетелдік комбайндардың бәрі оны ұсақтап тастап, қаратопырақпен араластырып жіберетін. Биылғы қуаңшылықты ескеріп облыс басшылары агроқұрылымдармен сабанды сақтауға келісті. Ертеңгі күні үлкен орақ басталғанда сабанды да үйіп алу немесе оны қуаңшылықтан жапа шегіп жатқан аймақтарға жөнелту көзделіп отыр.
Ал маңғыстаулық бауырларға деген жемшөп көмегі мардымды деп айта алмаймыз. Осы күнге дейін ол жаққа бір вагон кебек қана жөнелтілген екен. Оның өзінің қандай ауылдарға барғаны белгісіз, тек маңғыстаулық ағайын қабылдап алыпты. Алдағы уақытта бұл шаруаға жітілік керек екені көрініп тұр.
Солтүстік Қазақстан облысы