Экология • 06 Тамыз, 2021

Балқаш Арал теңізінің тағдырын қайталамайды - Экология министрлігі

783 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі видеконференцбайланыс режимінде ғылыми қоғамдастық, Алматы, Қарағанды және Жамбыл облыстары әкімдіктері, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Балқаш көлінің қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп жазады Egemen.kz.

Балқаш Арал теңізінің тағдырын қайталамайды - Экология министрлігі

Дөңгелек үстелдің тең модераторы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов болды.

Шара барысында География және су қауіпсіздігі институты, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің ғалымдары баяндама жасады. Ол климаттың өзгеруі мен шаруашылық қызметтің Балқаш көліне әсері туралы ғылыми зерттеулердің нәтижесі және ықтимал сценарийі бар экономикалық әрекеттер туралы болды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Іле-Балқаш өңірінде ресурс үнемдейтін суару технологиясын енгізу және Балқаш көліне мемлекеттік мониторинг жүргізу мәселелерін талқылады.

«Балқаш сағасы мен көлдің өзін зерттеу нәтижелері Іле-Балқаш өңірінің дамуы үш кезеңге бөлінетінін көрсетеді: 1970 жылға дейін шартты түрде табиғи, 1971 жылдан 1990 жылға дейін тұрақсыздық, 1991 жылдан 2019 жылға дейін салыстырмалы түрде тұрақты. Осылайша, қазіргі уақытта Іле-Балқаш өңірінде салыстырмалы түрде тұрақты кезең өтіп жатыр. Осыған орай Балқаштың Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупі жоқ деп айтуға болады», деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Қатысушылар Балқаш көлінің экожүйесіне кері әсерін тигізбей, Іле-Балқаш өңіріндегі халық пен аймақтың экономикасын тұрақты түрде сумен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Ол үшін ғалымдар Балқаш көлінің оңтайлы деңгейін негіздеу, көлдегі су мен тұз алмасу процесін басқару негіздері, көлдің трансшекаралық бассейніндегі ынтымақтастықтың әдістемелік негіздері сынды тақырыптар бойынша қосымша ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды

Шара соңында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.С.Қожаниязов дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар Балқаш-Алакөл бассейнінің проблемалық мәселелерін шешу үшін қолданылатынын атап өтті.