TOKYO2020 • 07 Тамыз, 2021

Токио-2020: Софья Берульцева жеңісін марқұм ұстазына арнады

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева бүгінгі жеңісі жайлы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Токио-2020: Софья Берульцева жеңісін марқұм ұстазына арнады

Бүгін, 7 тамыз күні қазақстандық каратеші Софья Берульцева Олимпиада ойдындарынан ел қоржынына қола жүлдені салды.

20 жасар спортшы топтық кезеңде үздік атанып, уақытынан бұрын жартылай финалға жолдама алды.

Алайда жартылай финалда египеттік Ферьял Абделазизге 5:4 есебімен жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатында спортшы әсерін бөлісіп, көзіне жас алды.

«Әрине, қуаныштымын. Бірақ финалға шығуға болатын еді. Барымды салдым. Кішкене жетпей қалды... Финалға кішкене жетпей қалғанда өкініштен көзіме жас келді.

Бүгінгі қарсыластарымның ешқайсысымен осы уақытқа дейін жарыста кездескен емеспін. Жартылай финалда бір-екі соққы алғаннан кейін кішкене тапырақтап қалдым. Бұл жерде төрешіні де, ешкімді кінәлай алмайсың. Бәрі әділ өтті. Нәтижесі осы», дейді.

Софья Берульцева Олимпиада ойындарына жолдаманы соңғы сәтте алды. Ол каратеден рейтинг бойынша да, лицензиялық жарыста да ұтылып қалып, Олимпиада жолдамасынан тыс қалған болатын.

Алайда Азия аймағында олимпиадалық циклда әйелдер арасында ең көп ұпай жинаған спортшы ретінде Халықаралық карате федерациясының D3 картасына ие болып, Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.

«Жолдаманы соңғы сәтте алғаным өзіме жақсы болды. Көбісі рейтинг бойынша жолдамаға ие болып, біраз жарыстарға қатыспай жүрді. Біз жарысты да, жаттығу жиындарын да тоқтатқан жоқпыз. Өз формамызды сақтап, соңғы сәтке дейін дайындалдық. Осы тұрғыдан жолдаманы соңында алғанның мен үшін пайдасы көп болды».

Софьяның медалі каратеден Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасындағы екінші жүлдесі.

Ол каратеден Олимпиада ойындарында әйелдер арасында жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде ел спортының тарихына енді. Каратеші Олимпиаданың қола жүлдесімен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

«Бізге мұнымен тоқтауға болмайды. Алда бізді Азия және әлем чемпионаты күтіп тұр. Біраз демалыстан кейін қалпымызға оралып, жаттығуымызды әрі қарай жалғастырамыз».

20 жасар жанкешті Софья бүгінгі жүлдесін марқұм ұстазы Жасталап Санауовқа арнады.

Каратеден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған ол 2020 жылдың 31 желтоқсанында мезгілсіз дүниеден өтті.