Қоғам • 08 Тамыз, 2021

Кепілдік беру – фермерге көмек

465 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталатын халыққа арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», деген болатын. Яғни агроөнеркәсіп кешенін дамытуға Президент пәрмен беріп отыр.

Кепілдік беру – фермерге көмек

Сондықтан ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде инвестициялық жобаларға тиімді шартпен несие беру және сол несиелерді кепілдендіру – кезек күттірмейтін игі іс. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры екінші деңгейлі банктердің инвестициялық жобаларға беретін несиесін кепілдендіреді. Осы бір қолдау механизмі жөнінде кеңірек тоқталайық.

 

Инвестициялық жобаны іске асыруға бел байлаған «Шаңырақ Р» ЖШС Қордың кепілдігіне қол жеткізіп, оннан астам қа­жетті заманауи техника сатып алыпты. Ақ­мола облысында ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын егумен айналысатын серік­тес­тіктің егіс көлемі әу баста 5 мың гектар бол­ған екен. Қазір 50 мың гектарға жетіп қалған. Осыншама жерден алынған арпа, зығыр, күнбағыстарды тіпті экспорттап та жатыр.

«20 жылдан бері егіншілікпен айналысып келеміз. «Халық банктен» 1,4 млрд ин­вестициялық несие рәсімдедік. Алайда ке­пілдікке қоятын мүлігіміздің құны жет­пе­ді. Сол үшін Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қорына жүгіндік. Қор алған несие­міздің 700 млн теңгесін кепілдендірді. Со­ның арқасында 6 комбайн, 2 трактор, тағы да басқа керек техникаларды сатып ал­дық», дейді ЖШС директоры Уәли Рахметов.

Несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беру кәсіпкерлер үшін керемет көмек болып тұр. Қор өкілдерінің айтуынша, кепілдендіру шартына сәйкес банктен алатын несие 5 млрд теңгеден аспауы тиіс және жылдық сыйақы мөлшерлемесі 17 пайыздан жоғары болмау керек. Айта кетейік, несие 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

«Басым инвестициялық жобалар іс­ке қосылғанша кепілдендіру мөлшері 85 пайызға дейін болады. Жоба толық іске қо­сылғаннан кейін 50 пайызға де­йін төмендейді», дейді Қордың Кепіл­денді­ру департаментінің директоры Тілеужан Серікмұхаметов.

Кәсібін кеңейту үшін қаржы бере­тін мүмкіндік тапқанымен, сол қар­жыға ке­пілдігі – жетпеген Жаңаарқа ауда­нындағы Ali bolysy шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Өміржан Көпбосын 54 бас асыл тұқымды жылқы сатып алғысы келген.

«Мемлекеттік көмектің арқасында қажет қаржыға қол жеткіздік. Тез арада керек құжаттарды жинап, бір аптаның ішінде ақша қолға тиді. Сатып алынған мал басына сұрыптау жасаймыз деп отырмыз. Біз жыл бойына тебіндеп жайылуға бейім мұғалжарлық тұқымын сатып алдық. Несие есебінен мал басын көбейттік, тіпті алғашқы төлдерін де алып жатырмыз. Әрине, мұнымен тоқтап қалмаймыз. Жаңа бағыттарды игеру үшін тағы да қорға өтініш жасау ойымызда бар», дейді Өміржан Көпбосын.

Кепілдік алу үшін алдымен банк рұқсаты қажет және салық бойынша ке­шіктірілген қарызы болмауы керек. Қар­жылық және банктік ұйым алдындағы өтелмеген қа­ры­зының болмауы да ерек­ше маңызға ие. Несие ұйымы несие рәсім­деуге рұқсат бергеннен кейін құжаттар қор­ға жіберіледі. Қор кепілдік ұсынуға ке­лі­сім берген жағдайда банк, фермер мен Қор арасында үшжақты келісімшарт жасалады.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қол­дау қорының көмегі арқасында егіс нау­қанын сәтті тәмамдап, қысқа уақыт ішінде қажетті техникаға қол жет­кізіп үлгергендердің бірі – Қостанай облысындағы «Ақсай» ЖШС.

– «Биыл ақпан айынан бастап банкке барып несие алуға талаптандық. Алай­да қажетті соманы алу үшін кепілге қояр мүлкіміз жетпеді. Сол кезде бізге Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Қостанай облысындағы филиалы көмектесті. Кәсіпорын жұмысына экономикалық талдау жасауға бір аптадай уақыт кетті. Қолдау көрсеткендеріне алғысымыз шексіз. Қор тек кепілдік ұсы­нып қана қойған жоқ, мамандар құ­жаттарды рәсімдеуге бастан-аяқ көмек­тесіп, несие алғанға дейін жанымызда болды. Нәтижесінде, сәуір айында тех­ни­каларымыз түгенделіп, егін егуге толық дайын болдық. Соның арқасында биыл егіс науқанын мерзімінен бұрын аяқтадық», деп ризашылығын білдірді шаруашылық басшысы Ғалия Ермекбаева.

Қордың Қостанайдағы филиалының директоры Мақсат Қасымбековтің айтуынша, «Ақсай» ЖШС-не берілген 411 млн теңге несиенің 205,5 миллион теңгесі кепілдендірілген. Шаруашылық осымен сегізінші жыл қатарынан 14 мың гектар егіс алқабына бидай, зығыр, жасымық егіп келеді. Елу адам тұрақты жұмыспен қам­­тылған. Серіктестіктің өзі облыс орта­лы­ғынан 100 шақырым жер­дегі шағын ғана Борки ауылында орналас­қан. Ауылдағы 80 үйдің халқына осы «Ақсай» серіктестігі жұмыс беріп отыр. Шаруашылық ауыл жұртына жалақы тө­леуден бөлек, ауылдың әлеуметтік мәсе­лелерін де шешеді. Жыл сайын еңбек өнімділігі де артып жатқанын айтады шаруашылық өкілдері. Мәселен, былтыр гектарына 15 центнерден өнім алған.

Қор Банк несиелерінен бөлек, кәсіп­керлердің «Еңбек» бағдарламасы арқы­лы несие серіктестері мен микроқаржы ұйым­дарынан алған шағын несиелерін де кепілдендіреді. Мәселен, енді бастаған кәсіпкерлер несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік алса, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққандардың несиесі 95 пайызға дейін кепілдендіріледі. Кепілдендіру сомасы 8000 АЕК көлемінде болады. Бұл – 23 млн теңге қаржы.

Ең бастысы, ауыл кәсіпкерлеріне қол­дау көрсетуге дайын Ауыл шаруашы­лы­ғын қаржылай қолдау қоры бар. Қор­дың қолдауының арқасында шаруалар егіс ал­қап­тарын ұлғайтып, мал санын кө­бейтеді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл жұр­тының табысы артып, тұрмысы түзеледі.