Жұмыс іздеушілерге арналған және қарапайым қызметкердің мансабын көтеруге орай бағыт сілтейтін Career Hub платформасында сарапшылар 2030 жылға таман нарықтан жоғалуы мүмкін мамандықтар тізбесін жасаған. Олардың жорамалынша, алдағы онжылдықта қаржылық аудитор, бухгалтер, заң кеңесшісі, хатшы, риэлтор, спорт комментаторы, жүк тасушы, агроном, қаптамашылардың қызметі қажет болмай қалуы ықтимал. Өз кезегінде – этика мәселелері бойынша консультант, цифрлы валюта кеңесшісі, қоқыс дизайнері, есте сақтау қабілетін жақсартатын хирург, деректерді басқаратын және өңдейтін маман, әлеуметтік желілердегі жеке парақша редакторы, киберқауіпсіздік бойынша маман сияқты мамандық иелері өзекті болуы мүмкін екен.
Экономика ғылымдарының докторы Сәуле Қалиеваның айтуынша, заманауи еңбек қатынастарының пайда болуы бос уақытыңды қосымша білім алып, жеке кәсіпкерлік қабілетіңді ашып, бойыңда бар қабілеттерді жетілдіруге арнау қажет екенін ұғындырды. Бүкіл процестің қашықтан басқарыла бастауы тұрақты жұмыс орындарының маңызын кәдімгідей төмендетті. Цифрлы жұмыс тәсілінің сұранысқа ие болуы – нарықта қашықта жүріп-ақ мобильді бола алатын мамандар шоғырын көбейтті.
– Менің көзқарасым бойынша, пандемия аяқтала салысымен мынадай тенденция басталады. Цифрландыру мүмкіндіктері мен әлеуметтік желі функциясы кеңейіп, электронды онлайн платформаларды пайдалану, қашықтан жұмыс істеуге көшу жылдам қарқынмен дамиды. Соған байланысты процестерді диджитализациялау эксперттері, бағдарламалаушы, SMM мамандары, контент-менеджер, тайм-менеджмент бойынша мамандарға деген сұраныс арта бастайды, – дейді бізбен пікірлескен сарапшы.
Ал өзектілігін жоғалтатын мамандықтарға қатысты жоғарыда айтылған жорамалдарға сарапшымыз мынадай түзету енгізеді.
– Мен айтқалы отырған мамандықтар түбегейлі жойылмаса да, оларға деген қызығушылықтың біршама төмендейтіні шүбәсіз. Мәселен, жұмыс берушілері тарапынан антикризис менеджері, call-орталық пен жеке қаржы консультанты, интернет-дүкен қызметкерлері, курьерлер, интерьер дизайнері, күзет жүйесі операторы, әлеуметтік жұмысшы, санитар, супермаркет сатушысы мен кассир, тазалықшы, тәрбиелеушіге деген сұраныс азаяды, – дейді С.Қалиева.
Канададағы Далхаузи университеті пандемия IT саласының қызметкерлеріне қалай әсер еткенін анықтау мақсатында арнайы сауалдама жүргізіп, соның нәтижесінде интернет қызметкерлерінің еңбек өнімділігі айтарлықтай төмендегені белгілі болған. Індетке байланысты өзінің және жақындарының денсаулығына алаңдау, жұмыстан айырылып қаламын деп қорқу, компаниялардың төтенше ахуалға дайын болмай шығуы жұмыс өнімділігіне де кері әсерін тигізіпті.
Дегенмен онлайн жұмыстың пайдасы біршама екенін ешкім терістемес. Бұл жұмысшылардың уақытын, жол шығынын үнемдейді, жұмыс беруші – кеңсе шығынынан арылады, көлік кептелісі азаяды, соған сай экологияның да тынысы кеңиді. Алайда бірқатар сарапшы жұмысты қашықтан істеу белгілі бір деңгейде экономикаға жағымсыз әсер етеді деп топшылайды. Бәлкім, қазір жақсы шығар, бірақ зардабы кейін тиетін көрінеді.
Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша пандемияға дейін әлемдегі жұмыс істеушілердің 3 пайыздан азы ғана қашықтан еңбек еткен. Пандемия бұл статистиканы айра-жайра етіп талқандап өтті. Еуроодақтың өмір сүру мен еңбек жағдайын жақсарту жөніндегі Eurofound агенттігі дерегінше, коронавирус шырқау шегіне жеткен кезде Еуропада әрбір үшінші адам үйден жұмыс істеуге мәжбүр болыпты. Індеттің беті қайтқан соң да көпшілік үйден істей бергенді жөн көрген. Gallup америкалық қоғамдық пікір институтының сауалдамасына сүйенсек, 2020-ның қыркүйегінде АҚШ-та қызметкерлердің үштен бірі үйде қала беруді жалғастырған.
Қашықтан жұмыс істеу мәселесін пандемияға дейін-ақ зерттеумен айналысқан Стэнфорд университетінің профессоры Николас Блум үйден жұмыс істеушілердің жартысы ғана еңбек өнімділігін 80 пайыздан асыра алады депті. «Біз үйде, балалармен бірге отырып еш таңдаусыз және еш демалыссыз жұмыс істейміз. Бұл компаниядағы өнімділікті катастрофаға ұшыратады», деген пікір келтіреді. С.Қалиева онлайн формат жақын болашақта еңбек нарығы заңдылықтарын басқаша қалыптайтынын айтады.
– Компаниялар тез арада бейнебайланысқа шығатын және үлкен көлемдегі жүктемені көтере алатын техника мен құрылғылар сатып алуға мәжбүр болды. Жұмысты онлайн реттеп, онлайн оқытуға мән беру үшін техникалық жоспарларын қайта қарастырды. 2-3 жылдан соң қолға аламыз деген шаруаларын айналдырған 2-3 ай ішінде шеше бастады. Сөз жоқ, мұндай жұмыс процесі пандемия аяқталған соң да жалғаса береді. Қазір білім, ғылым, ішінара онлайн-қызметтер, сауда саласы сияқты ұлттық экономиканың бірқатар саланы да қашықтан жұмыс істеуге көшіп үлгерді. Бұл үрдіс үкіметтің де бизнеске деген көзқарасын өзгертеді, – деді экономика ғылымдарының докторы.
Онлайн форматқа ауыстыру мүмкін емес секторлар да бар. Мысалы, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда (ішінара), транспорт, қоғамдық қызмет көрсету саласында нәпақа тауып жүргендер үйде отыра алмайды. Десе де қай сарапшыдан сұрасақ та, ешбірі де заманауи онлайн үрдіс экономиканың осыған дейін беймәлім болып келген салаларының беделге ие боп, табыс лидеріне айналарын жоққа шығармайды. Бәсекелестіктің артуы, сервис сапасының жақсаруы, азаматтардың алуан түрлі кәсіптерді меңгере бастауы, заманауи тың құбылыстарға бейімделуі экономикаға тек қана табыс әкелмек. Осыған қарап, алдағы жиырма жылдық межесінде технологиялардың дамып, салалардың роботтанып, интеллектуалды жұмыс әдісінің алғашқы лекке шығарын болжауға болатындай.
Қазақстан жаһандық тенденцияның өріс алуына байланысты заңға «қашықтан жұмыс істеу» ұғымын да енгізді. Шілденің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Соған сәйкес заң жүзінде «Қашықтан жұмыс істеу» және «Аралас қашықтан жұмыс» түсінігі пайда болмақ. Заң бойынша қашықтан жұмыс істеген қызметкерге еңбек келісімшартына сәйкес еңбекақы толық көлемде төленуі тиіс деп көрсетілген.