Аймақтар • 09 Тамыз, 2021

Қажымайтын Қажытай 777 шақырымды жаяу жүріп өтті

312 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Асхат Қажытай есімді тумасы өзінің «Жаяу» марафон» атты жобасы арқылы жұртшылыққа танымал бола бастады. Ол осыдан біраз бұрын кеншілер астанасынан Ақтоғай ауданындағы Ақсораң тауына дейінгі 333 шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтіп, ел назарын өзіне аударған болатын.

Қажымайтын Қажытай 777 шақырымды жаяу жүріп өтті

Енді міне, талапты ер Қара­ған­дыдан тағы да жаяу жорыққа шығып, Ұлытаумен аралықтағы 777 километр болатын жолды ба­ғындырды.

Өзін продюсер әрі блогер ре­тінде санайтын Асхат Қажытай бұл жобасын Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығына арнайтынын айтады.

– Менің «Жаяу» марафо­ным­ның негізгі мақсаты – адам­дарға аудандар мен ауыл­дар­дың өмірі мен тарихы туралы айтып беру. Мені алда ұзақ жол күтіп тұр. Мі­не, осы сапар алдында мен қа­сиетті Ұлы­тауға барып, бата алуға шешім қабыдаған едім, – дейді ол.

 Күннің аптап ыстығына қара­мастан ұзақ жолды қажымай-тал­май жүріп өткен Асхат Қа­жытайға аудан орталығындағы «Ұлытау – ұлт ұясы» монументінің жанында лайықты қошемет көрсетілді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, арулар қайсар жігітке қымыз ұсынды. Ұлытау ауданының әкімі арнайы қабылдап, сый-сияпат жасады.

Жаяу Асхаттың алдына қойған мақсаты зор. Ол өзінің бес маршруттан тұратын жобасының нүк­те­сін күз айында Түркістанда қой­мақшы. Одан кейін жаяу марафон кезінде көрген-білгенін, алған әсерін арқау етіп, кітап жазып және видео есеп жасамақшы.

Ал болашақта ол жаяулатып Еуропаға сапар шегуді ойластырып жүр.

 

Қарағанды облысы