Қазақстан • 09 Тамыз, 2021

Әйел теңдігі жөнінде айтарымыз бар

855 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қыз – қонақ» – екі-ақ сөзден тұратын осы мақалда халқымыз­дың қыз балаға, жалпы әйел заты­на қалтқысыз құрметі келіс­ті кө­рін­ген. Қазақта есімі тұтас рулардың атына айналған, ұра­ны­­на ұлас­қан ұлы әжелердің бол­­ғаны, ер-азаматтармен қатар атқа қо­нып, елін, жерін қорға­ған қыз-ке­­лін­­шектердің аз еместігі елдігі­міз­­дің осындай ерек­шелігіне байланысты.

Әйел теңдігі жөнінде айтарымыз бар

Кешегі қан майданда бүкіл Шығыс халық­тарынан Кеңес Одағының Баты­ры атанған екі қыздың да қазақтан шық­қандығы белгілі. Қазір де Қазақ­стан­да қыз-келіншектер, әйел-аналар қоғам өмірінде қомақты орын алып отыр. Сондықтан гендерлік теңдік тақыры­бында өтетін халықаралық жиындарда біздің айтарымыз баршылық.

6 тамызда Түрікменстанның «Аваза» ұлттық туристік аймағында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі аясында өткен Орталық Азия әйелдерінің Диалогына Қазақ елінің атынан қатыстым.

Бұл іс-шара осы форматта Орталық Азия мемлекеттері кеңістігінде тұңғыш рет өткізілді. Оның басты мақсаты – осы аймақтағы мемлекеттердің 30 жыл­да, негізінен, бейбітшілік пен қауіп­сіздік жағдайында  өмір кешкен халық­тарымыздың жасампаз істерін алдағы кезде дамытып, тереңдетіп оны тұрақты да жасампаз дәстүрге айналдыру.  

Форумға Түрікменстан Милли Генгеш Мәжілісінің төрағасы Гүлшат Мам­медова модератор болып, Бі­рік­­кен Ұлттар Ұйымы Бас хатшы­сы­ның арнайы өкілі, Орталық Азия үшін алдын алу дипломатиясы жөнін­дегі БҰҰ өңірлік орталығының (UNRCCA) басшысы Наталья Герман қатысты. Сондай-ақ аталған шарада Түрікмен­стан Кәсіптік одақтары Ұлттық орта­лы­ғының, Түрікменстан әйелдері одағы Орталық кеңесінің төрағасы Гур­бангүл Атаева, Қырғызстан Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Қа­сымалиева, Тәжікстан Үкіметі жа­нын­дағы Әйелдер мен отбасы істері жөнін­дегі комитеттің төрағасы Хилолби Кур­бон­зода, Өзбекстанның Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева өз елдерінің атынан өкілдік етті. Бұған қоса, форумға Орталық Азия елдерінің Парламент, Үкімет, халықаралық ұйым­­дар мен қоғамдық бірлестіктер мү­ше­лері, әйелдер құқығын қорғайтын халық­аралық сарапшылар қатысты. 

Алқалы жиында Орталық Азия ел­дерінде қол жеткізілген гендерлік сая­сат­­­тың нақты жүзеге асырылуы тілге тиек болып, осы аймақ мемлекеттерінің әйел­­дері арасындағы шынайы достық пен ба­уыр­ластық байланыстарды тұрақ­ты түр­де дамыту басты тақырыпқа айналды.

Іс-шараның ашылу рәсімінен кейін Орталық Азия мемлекеттері басшы­лары­ның форум қатысушыларына арнал­ған Үндеуі жария етілді. Үндеуде өткізі­ліп отырған іс-шараның аймақ үшін ерек­ше маңыздылығына мән беріліп, оған барынша қолдау көрсетілетіндігі туралы айтылды.

Қазақстан бауырлас елдермен ынты­мақ­тастықты екіжақты негізде ғана емес, көптарапты негізде де дамытуға мүдделі. Сондықтан да біз елдеріміздің барынша белсенді және жарқын қыз-келіншектерінің мемлекеттік секторда да, бизнес-қауымдастықта да, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамда да өздерін таныта алатын алаңға айналу­ға тиісті Орталық Азия әйелдерінің Диалогын барынша қолдайтын боламыз. Бұл оның күн тәртібінің аясын кеңейтуге және гендерлік саясат саласында кең ау­қым­ды мәселелерді талқылау мен олар­­дың ше­шімдерін іздеуге мүмкіндік береді.

Осы іс-шара аясындағы «Орталық Азия­да гендерлік теңдікке қол жеткізу­дегі жүзеге асырылған өрлеу үрдісі және Аймақ ынтымақтастығының тәжі­ри­бесі» тақырыбында өткен пленар­лық отырыста жасаған баяндамамда еліміздің гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі әділеттілікті, кей кезде бой көрсе­тіп қалатын заңсыздықтарды жоюға де­ген құлшынысты атап көрсеттім және осы бағыттағы Қазақ елінде жүр­гізі­ліп жатқан саяси оңтайлы істерді жет­кіздім. Әсіресе, жас ұрпақты ұлт­тық рухани құндылықтар аясында тәр­биелеу мәселесіне ерекше тоқта­лып өттім. Мысалы, биылғы маусым айының аяқ шенінде Алматыда Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің және «БҰҰ-әйелдер» ел­дік офисінің қолдауымен гендерлік теңдік және әйелдер мүмкіндігін арттыру ісіндегі озық тәжірибенің онлайн-платформасы іске қосылды. Бұл іс-шара «Пекиннен Парижге дейін» деп аталған 4-ші Бүкіләлемдік конференцияның қорытындысына арналған еді.

2021 жылдың 1 шілдесінде Прези­денті­міз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумының қатысушыларына арнаған бейнеүндеуін еске салғым келеді. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бастап 30 жыл бойы әйел қауымын қолдауға бағытталған салиқалы саясатты дәйекті түрде жүргізіп келе жатқанын ерек­ше атап өтті. Сонымен қатар Прези­дент Қазақстанның «Гендерлік зорлық-зом­былыққа қарсы іс-қимыл коалиция­сы» және «Экономикалық әділдік пен құ­қық жөніндегі іс-қимыл коалиция­сы» сияқ­ты екі серіктес бірлестікке қосы­ла­ты­нын айтты және әйелдер мен қыз­дарға қатысты зорлық-зомбылықтың тара­луы туралы жалпыұлттық зерттеу жұмы­сын қолға алу жөніндегі шешімін жария етті.

Мемлекет басшысы гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Орталық Азияда өңір­лік білім платформасын құру туралы бас­тама көтерді. Бұған қоса, Прези­дент әйел кәсіпкерлерді қолдау үшін елі­міз­дің барлық өңірінде ресурстық орта­лықтар құру жоспары туралы мәлім­деді. Ол заңнамалық деңгейде қабыл­да­нып жатқан шаралар туралы айта келіп, әйелдер үшін тыйым салын­ған ма­ман­дықтар тізімін қайта қарау қажет­тігін, сондай-ақ әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдаудың күшейтілетіндігін білдірді.

Бұл бағытта Қазақстан елеулі ілгері­леуге қол жеткізді. Біз гендерлік теңсіздік индексін 60 пайызға төмендеттік, Пар­ламентте және жергілікті өкілетті органдарда әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квотаны енгіздік, мемлекеттік компаниялардағы әйел жетекшілердің үлес салмағын да 30 пайыздық дең­гейге көтеруді жоспарлап отырмыз. Әйел­дер мен балалардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету үшін 2020 жылы елімізде жы­ныс­­тық қылмыстар мен отбасындағы зор­­лық-зомбылық үшін қатал жазалар ен­­­гі­зілді. Ел Президенті «Қазақстан Республикасының адам құқықтары сала­сын­дағы одан әрі шаралары туралы» Жар­лыққа қол қойды, онда гендерлік тең­дік мәселесі шешуші орынға ие.

Бүгінгі таңда, әсіресе, жаһандық сын-қатерлер жағдайында біз ортақ проблемалармен, кедергілермен бетпе-бет келіп отырмыз. Сондықтан да бірлескен іс-қимылымыздың біртұтас стратегия­сын дайындау үшін күш-жігерімізді бірік­тіруге тиіспіз.

Осы жолы біз Түрікменстанда Ор­та­лық Азия әйелдері Диалогының Декларациясын қабылдадық. Онда әйел­­дер­­дің халықаралық деңгейдегі сая­си іс-ша­ра­ларға белсенді де нақты­лы түр­де ара­ласуы, олардың әлеумет­тік-экономикалық өмірге жаппай қаты­суы – бұған де­йін қор­даланып қал­ған мәселелердің шеші­луі­не дүмпу бере­тініне  сенім білдірдік.

Диалогқа қатысушылар атынан Орта­лық Азия Мемлекеттері басшыларына арналған Үндеу жолданды. Онда әйел құқықтарын бұдан да биік дәре­же­ге көтеру, ол үшін барынша қолай­лы әлеуметтік-құқықтық жағдайды пайдалану – біздің аймақтағы тұрақты да қар­қынды дамудың маңызды факторы екендігіне баса назар аударылды. Орталық Азия әйелдерінің өзара ынты­мақ­тастығын кеңейту мәселесі аталған іс-шараның мәні болды.

«Мың естігеннен бір көрген артық» дейді қазақ. 5-6 тамыз күндері түрікмен жерінде көргендеріміз түбі, тілі, діні, ділі бір халықтардың бауырластығы өмірдің барлық саласынан танылатынын байқата түсті. Мұқағали Мақатаев жырларын түрікмен әртісі жанын сала, жандыра оқығанда бәріміз толқып-тебірендік. Орталық Азия елдері басшыларының кез­десуі аясында өткен ас мәзірін әзір­леу конкурсы халықтарымыздың туысты­ғын тіпті тамаша танытты. Фейсбук­тегі парақшамда түрікмен халқының ға­жайып қолөнерін, әсіресе, кілем тоқуы мен күмістен зергерлік бұйымдар жасауд­ағы шеберлігін тілім жеткенше айтуға тырыстым.

Орталық Азия рухани-саяси кеңіс­тігінде осындай форумның алғаш рет өткізілуі Шығыс әйелдері өміріндегі дүбірлі де күмбірлі оқиға деп таныларына, ортақ өңіріміздің ілгері дамуына өзінше ықпал етеріне сенімім мол.

 

Айгүл ҚҰСПАН,

Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы