Саясат • 10 Тамыз, 2021

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту – ортақ мәселе

263 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таяуда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының (АҚИҰ) Бас директоры Ерлан Байдәулет Каир қаласында Мысыр үкіметінің мүшелерімен және халықаралық ұйымдардың аймақтық департаменттерінің басшыларымен келіссөздер жүргізді.

Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту –  ортақ мәселе

Мысыр Араб Республикасының (МАР) Су ресурстары және ирригация министрі Мохаммад Әбдел-Атимен болған келіссөздерде тараптар Мысыр мен Азық-түлік қауіп­сіздігі жөніндегі ислам ұйы­мы­ның ынтымақтастығының қазір­гі жағдайы мен даму перспектива­ларын қарастырды. Ауыл ша­руа­­шылығында су ресурстарын бас­қару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар ақпарат алмасуды жеделдету үшін орталықтарды тағайындауға және ұйымға мүше елдердің ауыл шаруашылығында су шаруашылығын жетілдіру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуге келісті. Пандемияны ескере отырып, ИЫҰ шеңберінде Global Drylands Allience, ICARDA, ICBA сияқты су ресурстарына қатыс­ты барлық институттармен ын­тымақ­тастықты жандандыру туралы пікір айтылды. Мысырлық министр АҚИҰ басшысын 2021 жылдың 24-28 қазанында өтетін Каирдегі су апталығына қатысуға шақырды. Шақыру қабылданды.

Сонымен қатар, Мысыр Араб Республикасы Азық-түлік қауіп­сіздігі ұлттық агенттігінің төрағасы, доктор Хусейн Мансурмен және БҰҰ Азық-түлік және ауыл ша­руа­шылығы ұйымы (ФАО) Бас директорының орынбасарымен және ФАО-ның Таяу Шығыс және Солтүстік Африка аймақтық өкілі, доктор Абдул Хаким Әл-Ваермен Каир кеңсесінде ZOOM форматында конференция өтті.

Құрғақ аймақтардағы ауыл­ша­руашылық зерттеулерінің халық­аралық орталығының (ICARDA) Бас директоры Әли Абусаба­мен кездесуде Азық-түлік қауіп­сіз­дігі жөніндегі ислам ұйымы­мен өзара түсіністік туралы ме­мо­ран­думға және жақын бола­шаққа арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

Ауыл шаруашылығы және мелиорация министрі Әл-Сайед Әл-Кусейрмен кездесу барысында ғы­­лы­ми зерттеулерге, технология­лар мен инновацияларға қатысты бағдарламаларға баса назар аударылып, ынтымақтастықтың бір­қатар өзекті тақырыптары тал­қылан­ды. Су ресурстарын бас­қару және өсімдік зиянкестері мен жануарлар ауруларының транс­шекаралық таралуына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ Мысыр тарапының 2021 жылдың 8-9 қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда өтетін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы Бас Ассамблеясының IV сессиясына қатысуына ерекше назар аударылды.

Сол күні Мысыр Араб Респуб­ликасы Сыртқы істер министрінің көпжақты ынтымақтастық және халықаралық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Ихаб Бадавимен кездесу өткізілді, оның барысында Мысыр тарапының АҚИҰ-мен одан әрі жан-жақты ынтымақтастыққа бейімділігі байқалды.

Бас директор Е.Байдәулеттің сапары Мысыр мен Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйы­мының позициясы көп­те­ген мә­селелерге сәйкес келеті­нін көрсет­ті. Жергілікті БАҚ келіссөз­дер­дің нәтижелеріне оң баға берді. АҚИҰ басшысы Таяу Шығыстағы ең ірі Nile TV International теле­арнасының президенті, кезінде Мысыр Араб Республикасы Ұлттық медиа агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарған, доктор Тагрид Хусейнге 20 минуттық сұхбат берді.