30 Сәуір, 2010

АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚТА ОН ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ақтөбе – экономикалық әлеуеті мықты өңір. Сондықтан мұнда соңғы жылдары өнеркәсіп қар­қынды дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жол­дауында атап көрсетілгеніндей, елімізді индус­триялық-инновациялық дамыту картасына кіретін жобаларды жүзеге асыру басталып та кетті. Мұның өзі таяу онжылдыққа белгіленген экономикалық дамудың көкжиектерін еркін бағындыратынымызға сенім ұялатады. Қазірдің өзінде облыста инвестициялық бағдарла­ма аясында құны 9,0  млрд. АҚШ долларынан артық қаржыны құрайтын 100-ден астам жобаны жүзеге асырып, 22,6 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Үстіміздегі жылы ғана жалпы құны 92 млрд. теңгеден астам қаржы құрайтын тоқсан екі жоба пайдалануға берілмек. Бұл жобалар халық шаруашылығының барлық салаларын қамтиды. Соның ішінде өңдеу кәсіпорындарына айрықша басымдық беріліп отырғаны байқалады. Мұның өзі дайын өнімдер өндіруді жолға қояды деп күтілуде. Үстіміздегі  жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы құны 30,4 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске  қосылатын болады. Ал жылдың екінші жартыжылдығында 62,4 млрд. теңге болатын 16 жоба аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұл инвестициялық жобалар жүзеге асырылғанда 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл деректер  облыс әкімдігінде өткен мемлекеттік органдар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындар басшылары қатысқан отырыс барысында  белгілі болды. Үстіміздегі жылы жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар басшыларының есебі тыңдалып, олардың қаншалықты дәрежеде орындалып жатқаны  таныстырылды. Кезінде өз өнімдерімен Одаққа, қала берді дүние жүзіне  танымал болған  “Ақтөберентген” акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Рахымжан Исмағамбетов компьютерлік томографқа негізделген рентген қондырғысы жобасының өндірісі жайында айтып берді. Қазір мұнда медициналық  заманауи құралдар шығаратын өндірістік жүйе құру аяқталып келеді. Оның айтуынша, кәсіпорын биылғы жылдың 1 шілдесінде өзінің алғашқы өнімін береді. Яғни, бірінші тәжірибелік отандық томографтың игілігін көретін күн де қашық емес. “Восход Ориел” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің бас  директоры Борис Агудалин “Восход” кен орнындағы жерасты кеніші шахтасы құрылысы туралы баяндады. Ол бұл жобаның 98 пайызға жүзеге асырылғанын жеткізді. “Ақтөбестроймонтаж” кәсіпор­нының басшысы  Бисембай Назарбаев керамикалық кірпіш  зауытының құрылысы да осы мерзімде аяқталатынына сендірді. Ал “АЙС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Смағұл Бейсенбаев Мәртөк ауданында  салынып жатқан 1100  ірі қараға арналған сүт өнімдерін өнді­ретін ферма жобасының құрылысымен таныстырды, құрылыс барысында туындаған кейбір мәселелерге тоқталды, оны оң шешуге облыс басшысының ықпал етуін сұрады. Бестамақ ауылында салынып жатқан  шошқа кешеніндегі жұмыс барысы туралы “Париж­ская коммуна ХХІ” жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің бас директоры Гайк Тертерян мәлімдеді. Мұнда қазірдің өзінде шошқалар әкелініп, торайлап жатқан көрінеді. Қала маңында пайдалануға берілуі тиіс жылыжай, Жаңажолдағы газ-турби­налы станса құрылысы сияқты индустриялық жобалар  кеңінен сөз болып, қажетті мәлімет­тер алынды. Осы сияқты  басқа да инвестициялық жобалардың басшылары есеп берді. Жобаларды жүзеге асыру барысындағы туындаған кейбір  мәселелерді ортақ ойласып шешу жолдары қарастырылды. Жоба­ларды жүзеге асырушылардың көңіл-күйінен, жұмыс барысы­нан бұл нысандарды мерзі­мінде пайдалануға беретін­дей сенімділік аңғарылды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.