Тұрғындар арқаны кеңге салған соң да жағдай ушығады. Облыс орталығында бір тәулік ішінде 111 адам ауырса, Семейде 140 адам тіркелген. Инфекцияның жаңа толқынына облыстың медициналық мекемелері толық дайын. Бұл туралы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірдегі инфекциялық стационарларда 4 мыңнан аса төсектік орын бар. Онда қазір 900-ге жуық адам емделіп жатыр. Сондай-ақ 350-ден астам реанимациялық төсектік орын қарастырылған. Реанимация мен қарқынды терапия бөлімшесінде 76 науқас ем алуда. Жалпы, облыстың төсектік орын қоры 21 пайызға толған. Жағдай дәрігерлердің жіті бақылауында.
– Облыста күн сайын өңірлік штаб отырысы өтіп, облыстағы эпидемиялық жағдайды талқылаймыз. Айта кетсем, ауруханалар қажетті жабдықтармен толық жабдықталған. Рентген, ӨЖЖ, оттегі концентраторлары, компьютерлік томографтар жеткілікті. Дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының қоры да бар, – деп атап өтті Е.Омарбеков.
Алайда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» демей ме?! Ауырмаудың жолы – екпе алу. Вакцина алып, індет жұқтырып алған жағдайда реанимация төсегіне таңылмайды адам. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы солай дейді. Тіпті індетке сенбейтіндерді жұқпалы ауруханалар мен реанимация бөлімшелерін көріп қайтуға кеңес берді.
– Көзбен көрген адам мұндай жағдайға түсіп, қиналғанын қаламайды. Сонда ғана көздері жетіп, вакцина алуға бел буады. Вакциналанғандардың жалпы санының тек 1,6 пайызы ғана коронавируспен ауырғанын атап өткім келеді. Олар ауруды жеңіл және орташа түрде бастан өткерді. Ешқайсысы реанимацияға жеткен жоқ. Себебі олардың иммунитеті мен антиденелердің титрі жоғары, – деді Е.Омарбеков.
Жалпы, бүгінгі таңда өңірде вакцинаның бірінші компонентін 440 мыңға жуық адам алса, екінші компонентін 335 мыңнан аса адам алған. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасының басшысы вакцина жеткілікті мөлшерде екенін атап өтті. Қазіргі уақытта аймақта 80 мың вакцина дозасы бар.
Облыс «қызыл аймаққа» енгелі демалыс күндері Өскемен мен Семейде қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылды. Мұндай тапсырма инфекцияның таралуын азайту және жағдайды тұрақтандыру үшін ведомствоаралық комиссияның отырысында берілді. Бұл шектеу шаралары эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін сақталады.
Шығыс Қазақстан облысы