Өнер • 10 Тамыз, 2021

Ашық аспан астындағы галерея

409 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бас шаһардағы ЭКСПО іскерлік орталығы аумағындағы NUR ALEM болашақ энергиясы мұражайының алаңында шілдеден қыркүйектің соңына дейін қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты бірегей кеңістік ұйымдастырылды. Онда отандық және шетелдік суретшілердің, мүсіншілер мен фотографтардың көрмелері, музыканттардың жанды дауыста орындалған шығармалары ұсынылады.

Ашық аспан астындағы галерея

Ел тәуелсіздігінің отыз жыл­ды­­ғына арналған мазмұнды жобаны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ мен Еура­зия­лық мәдени альянсы іске асырып отыр.

Аталған аумақта қойылған өнер туындылары көрген адамға ашық ас­пан астындағы галерея секілді әсер қалдырады. Бірегей кеңістікте Саид Атабеков, Арыстанбек Шалбаев, Мол­дақұл Нарымбетов, Мұрат Діл­манов, Валерий Казас және Андрей Люб­линский секілді қазақстандық және шетелдік суретшілердің туынды­лары мен бірқатар интерактивті объекті қойылған. Мә­селен, 12 авторлық заманауи өнер туындысы жаяу жүргіншілер ағыны, орын архитектурасы мен шығармалар контексін ескере отырып орналастырылған. Ай­талық, Сәкен Нарынов («Уақыт пен кеңістікте», «Энергия сиқыры»), Марк Форнес (Minima/Maxima) және Эндрю Роджерс («Ашылмалы энергия») сияқ­ты сурет­шілердің қолданыстағы төрт мүсінін толықтырып, Орталық Азия­дағы мүсін­дердің ең үлкен бірегей сая­бағын құрайды. Осылайша, халықаралық суретшілердің туындылары қазақстандық авторлармен диалогты жандандырып, әртүрлі мәдениеттер арасында жаңа қарым-қатынас қалып­тастырады. Сонымен қатар мүсіншілер ансамблінен басқа, бұл аумақта апта сайын музыканттардың түрлі қо­йылым­дары өтіп, көркем және заманауи әде­биеттің үлкен қоры бар екі инте­рактивті кітапхана жұмыс істейді.

Айта кетейік, қазіргі пандемия жағ­дайына байланысты іс-шара кезінде барлық қауіпсіздік сақталып, келу­ші­лер­ді ASHYQ қосымшасы арқылы қа­былдайды.