Фото: Olympic.kz
Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада ойындарының алғашқы күнінде-ақ Қазақстан қоржынына медаль салды.
Сметов 1992 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Ол 2015 жылғы әлем чемпионы, 2010 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы, 2016 жылғы Азия чемпионы, 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, халықаралық спорт шебері.
Токиодағы қола - Елдос Сметовтің екінші Олимпиада медалі. Біріншісі спортшы Риода жеңіп алған «күміс» болды. Жапония Олимпиадасында үшінші орын алғаны үшін оған Mersedes көлігі сыйға тартылды.
Ауыр атлет Игорь Сон Қазақстан қоржынына екінші «қоланы» салды.
Спортшы 1998 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Ол 2019 жылғы ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Токио ойындары - оның мансабындағы алғашқы Олимпиада. Жарыстан кейін Игорь мұндай нәтижені өзі де күтпегенін мойындады. Үшінші орын үшін ауыр атлетика федерациясы оған Toyota Camry автокөлігін уәде етті.
Оның артынан ауыр атлет Зульфия Чиншанло үшінші медальді жеңіп алды.
28 жастағы ауыр атлет Қытайда туған, 2007 жылдан бері Қазақстан құрамасында ойнайды. 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиадада Зульфия алтын медаль жеңіп алды, бірақ 2016 жылы спортшының қанынан тыйым салынған зат табылғанына байланысты марапаты қайтарып алынды. Допинг дауына байланысты Чиншанло Рио Олимпиадасына қатыса алмады.
Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы оған да Toyota Camry маркалы автокөлігін табыстайтынын айтты.
Төртінші «қоланы» Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды.
Боксшы 29 жаста, Қызылордада туған. Ол Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021), Әлемдік әскери ойындардың күміс жүлдегері (2015), әлем әскери қызметкерлері арасында чемпион (2014), Болгарияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы (2015), Қазақстан Республикасы спартакиадасының чемпионы (2015), әуесқойлар арасындағы ел чемпионатының чемпионы және жүлдегері.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан туын Қоңқабаевқа сеніп тапсырды.
«Ту - біз, олимпиадашылар, үшін қасиетті символ. Оны Токиода мүмкіндігінше жиі көтеріп тұру үшін барлығын жасаймыз, сонда біздің әнұранымыз ойналады», деп уәде етті Қамшыбек мемлекет басшысымен кездесуде.
Өкінішке қарай, ел әнұраны Жапонияда шырқалмады. Бірақ қазақстандықтар жүлделі орыннан көріне алды. Солардың бірі Қоңқабаев еді. Бұл үшін Бокс федерациясы оған 50 000 доллар сыйақы береді. Жалпы, мемлекеттің сыйақымен (75 мың доллар) бірге боксшының есебінде 125 мың доллар болады.
Келесі медаль да боксшыға тиесілі. Сәкен Бибосынов Өзбекстанда туған, 13 жасында Қазақстанға көшіп келген. Ол 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.
Түркістан әуежайында бір топ кәсіпкерлер Бибосыновқа Toyota көлігін сыйлады. Қонақтар арасында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те болды.
Сонымен қатар, Бибосынов бокс федерациясынан 50 мың доллар алуға құқылы.
Еркін күресші Нұрислам Санаев Қазақстанның алтыншы жүлдегері атанды.
Спортшы 1991 жылы Тувада дүниеге келген. Ол Қазақстан құрамасында 2014 жылы ойнай бастады. Екі жылдан кейін ол ислам дінін қабылдап, аты мен тегін ауыстырды (туған кездегі аты - Артас Санаа). Санаев - 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы.
Токиодағы Олимпиада ойындары Санаев үшін бірінші ойын емес. Алдыңғы Олимпиадада балуан 12-орынға ғана ие болды.
Нұрислам Санаев 9 тамызда Қазақстанға оралды. Алматы әуежайында оған BMW кілті табысталды.
Тағы бір «қоланы» Қазақстанның қоржынына каратеші Дархан Асаділов салды.
33 жастағы спортшы Шымкент қаласының тумасы. Ол айналысатын спорт төрт жыл бұрын Олимпиада бағдарламасына енді, сондықтан бұл - Дархан үшін бірінші Олимпиада. Асаділов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Жанкүйерлер оны «алтын» алады деп күткен. «Қола» алғаннан кейін каратэші олардан кешірім сұрады.
Олимпиаданың соңғы күнінде каратэші Софья Берулцева сегізінші «қоланы» жеңіп алды.
Ол 2000 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Токиода ел намысын қорғаған ең жас спортшылардың бірі. София Олимпиада медалін былтыр қайтыс болған каратэден Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы жаттықтырушысы Жасталап Санауовқа арнады.
Асаділов пен Берулцева 9 тамызда туған жерге оралды. Жанкүйерлер оларды жылы қарсы алды. Белгілі болғандай, демеушілер каратэшілерге екі жаңа көлік сыйлады. Асаділовқа Toyota Camry автокөлігінің кілті, Берулцеваға Toyota RAV4 кілті табысталды.