Білім • 11 Тамыз, 2021

Жаңа оқу жылында – жаңа «Әліппе»

4778 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұған дейін бас басылымда мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың «Әліппемен» қайта қауышатынын жазып, сүйіншілегенбіз. Сол қуанышты күннің туатын сәті жақындап келеді.

Жаңа оқу жылында – жаңа «Әліппе»

Жаңа оқу жылында бар кітапқа бас болған оқулық жаңа үлгіде мектеп бағдарламасына енгізілмек. Бұл ретте жаңа «Әліппенің» мазмұны, қандай бағдарламаға негізделгені жөнінде бірқатар сарапшының, соның ішінде осы оқулықты әзірлеген авторлардың пікірін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Әліппе» бірнеше сараптамадан өткізілген

Жақында өткен Білім және ғылым ми­нистр­лігінің аппарат жиналысында жаңа­дан әзірленген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқу­лықтары таныстырылды. Онда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетов осынау ақжолтай жаңалықты жеткізді.

«Бірінші қыркүйекте өтетін іс-шарада біз алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушыларға салтанатты түрде «Әліппе» оқулығын табыс етуіміз керек. Бұл – игі дәстүр. Аталған бағыттағы жұмысты уақтылы ұйымдастыру қажет. «Әліппе» – бүлдіршіндердің алғашқы оқулығы, мектепке келгенде бірінші болып қолына алатын кітабы. Былтыр айтылғандай, біз «Әліппе» оқулығын әзірледік. Қазіргі таңда да­йын оқулық өңірлерге жеткізіліп жатыр. Жаңа «Әліппе» ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалды», деді ведомство басшысы.

Министрдің мәлімдеуінше, «Әліп­пемен» қатар «Ана тілі» оқулығы да жазылып, шығарылып жатыр. Енді осы оқу­лықтар нақты қандай мазмұнда, қай стандарт, бағдарламаға сүйеніп әзір­лен­генін білу мақсатында істің басы-қасында жүрген мамандарды сөзге тарттық.

Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы директорының орынбасары Мәншүк Мұқаметқалиқызы «Әліппенің» ең алдымен мемлекеттік стандартқа сай әзірленгенін айтты.

«2019 жылғы 16 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен жыл сайынғы педа­гогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде Білім және ғылым министрі «Әліппе» оқу­лығын әзірлеу мәселесін көтерді. Со­ның ішінде оқулықты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негі­зінде жазу жайлы бастама қоғам та­ра­пынан үлкен қолдауға ие болды. «Әліппе» оқулығы Бастауыш білім берудің мем­лекеттік жалпыға міндетті стандартына сүйеніп әзірленді. Осы стандартқа сәй­кес Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, «Оқулық» рес­пуб­ликалық ғылыми-практикалық ор­та­лығының қызметкерлерінен, «А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі инсти­тутының ғалымдарынан және тәжірибелі әдіскер, мұғалімдерден арнайы жұмыс тобы құрылып, 2020 жылы «Әліппе» оқу­лығының үлгілік оқу бағдарламасы әзір­ленді. Бағдарлама ғалымдардан, қоғам қайраткерлерінен құралған комиссияның отырысында бірнеше рет талқыланып, пысықталып, 2021 жылы қайта бекітілді. Бағдарламаның негізгі құрылымы мен мазмұны А.Байтұрсынұлының ұста­нымдары негізінде айқындалды. Осы бағдарламаны басшылыққа алып барып «Әліппе» оқулығы жазылды», дейді
М.Мұ­қаметқалиқызы.

Орталық өкілінің айтуынша, ұлт ұста­зының әдістемесіндегі дыбыспен жаттығу, әр дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу, дыбыстарды таныту мен әріптерді үйретудің реттілігі, «оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту, білімді тәжірибе арқылы өздігінен алу қағидаттары негізге алынды. Жеңілден күрделіге өту қағидаты әріптерді таңбалап баспа және жазба түрлеріне үйрету, дыбыстан буын, буыннан сөз, сөзден сөйлем құрауға, сөзді буындап, кейін тұтас, содан соң мәнерлеп, түсініп оқуға машықтандыруды көздейді. Ахаң қазіргі кезде үш түрлі болып сараланып, танылып отырған ұғымды «Әліппеде» жинақтап бере алған. Біз бүгінде қолданып жүрген әліпби яки алфавит, сауат ашудың алғашқы қадамдары, әдістері берілген суретті «Әліппе» немесе «Әліппеге» дейінгі кезең, одан кейін әріптерді дыбыстық және буындап, сөз түрінде қосып оқу дағдыларын меңгерту құралы «Әліппенің» өзі бар – барлығын аса бір терең ойшылдығы мен шеберлігінің нәтижесінде дидактикалық заңдылықтарды ұтымды қолданып, бір «Әліппенің» аясына сыйғыза білді. Міне, осы шеберлік жаңа «Әліппені» әзірлеуде де қолданылды.

Бұған дейін оқулықтарды бірнеше баспа шығаратын, сондықтан оқу құра­лының ішкі мазмұны, сыртқы пішімі де әртүрлі болып келді. Бұл жолы қалай? Еліміздегі 7 мыңнан аса мектептің бәрінде біркелкі «Әліппе» оқытыла ма? Бұл туралы педагогика ғылымының кандидаты М.Мұқаметқалиқызынан сұрадық.

«Бұл жолы бір ғана «Әліппе» болады. Биылғы мәліметке сәйкес, елімізде 390 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады екен. Оның ішінде 260 мыңға тарта бала қазақ сыныбында оқиды деп жоспарланып отыр. Олар баратын 7 мыңнан аса мектептің бәрінде бір ғана үлгідегі «Әліппе» оқытылады. Өзіңіз болжағандай, «Әліппе» оқулығын әзірлеу барысында министрлік­ке 5 түрлі баспадан дайындалған оқу­лық­тың жобасы келіп түсті. Өйткені өздері­ңіз білетіндей, оқулықтарды әзірлеу, басып шығару жұмыстары бәсекелі ортаға берілген. Әр баспа, әр авторлық ұжым өздері оқу­лық дайындауға құқылы. 2020 жылдың қыркүйек айынан 2021 жылдың сәуір айына дейін «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары мемлекеттік сараптама­ның бес кезеңінен өтті. Әуелі ғылыми-пе­да­гогикалық тұрғыда, содан соң 65 қа­нат­қақты мектепте сынақтан өтті. Та­раз, Семей, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалала­рын­да 500-ге жуық әдіскер, мұғалім сы­нақ­тан кейінгі сараптамадан өткізіп, тал­қылады. Соңында пәндік сараптамалық ко­миссияның қарауынан өтті. Осыдан кейін 5 түрлі оқулық қоғамға ашық таныстырылды. Жалпы сараптамалық жұ­мыстардың қорытындысы нәтижесінде 5 түрлі оқулықтың ішінен бір «Әліппе» са­раланып, дараланып шықты. Бұл – мазмұ­ны мен оқушылардың жас ерекшелігін ес-
ке­ру, ішкі-сыртқы формасының тартым­дылы­ғы жағынан оң бағаға ие болған «Ата­мұра» баспасының оқулығы», деп жауап бер­ді орталық өкілі.

 

А.Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» ескі сөздер кездеспейді

Оқулық бірнеше кезеңнен өтіп, таңдал­ған екен. Ал осыншама сараптамалық сатыдан өтіп, бірнеше нұсқаның ішінен суырылып шығып мектеп бағдарламасына енгізілгелі отырған «Әліппе» оқулығында ұлт ұстазының дәл қандай әдісі негізге алын­ды? «Әліппе» оқулығын жазған ав­­торлардың бірі Азия Елеупанқызы жа­ңа «Әліппеде» А.Байтұрсынұлының «ды­быстық» әдісі қолданылғанын жеткізді.

«Атамұра» баспасынан ұсынылып отыр­ған «Әліппе» оқулығы мен оған тірек болған оқу бағдарламасының түп негізін­де ұлт ұстазының 1912 жылы шыққан «Әліппе» оқулығында ұстанған «дыбыстық әдіс» идеясы жатыр. А.Байтұрсынұлының әдіс­темелік еңбектерінің өзегі болған бұл әдіс «Дамыта оқыту», «Тұлғалық бағдарлап оқы­ту», «Саралап оқыту» сияқты қазіргі уақытта дербес-дербес танылып жүрген оқыту технологияларының жиынтығы ре­тінде ұйытқы бола алады. Енді қоғам арасында «Байтұрсынұлының оқулығы 100 жыл бұрын жазылды. Әдістеме ескірмесе де, әріптер мен дыбыстарды үйретуде қол­данылатын сөздер мен картиналар қа­зіргі заманның балаларына түсініксіз бо­луы мүмкін. Оқулықты жазуда осындай жағ­дайлар ескерілді ме?» деген сұрақ тууы заңды. Жаңа оқу жылынан бастап оқы­тылатын жаңа «Әліппедегі» әріптер мен ды­быс­тардың берілу реті басқа, бұл рет­тілік ұлт ұстазының еңбектерімен қа­тар лин­гвист, әдіскер-ғалымдардың зерт­теу­лері негі­зінде, өзара тіркесіммен сөз жа­сау ерек­шелігіне қарай құрылған. Сол се­беп­ті дыбыстар мен әріптерді үйретуге ұсы­нылатын сөздер мен суреттер, мәтіндер де әр­түрлі болады. А.Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» қолданылған ескі сөз­дер мен су­рет­тер кездеспейді», дейді «Әліп­пенің» авторы.

Шыны керек, қоғамда қызу талқыға түс­кен реформаның кесірінен мектеп бағ­дарламасынан алынып, мектепке дейінгі білім беру бағдарламасына берілгені болмаса, бұған дейін, яғни 100 жылдан аса уақыт бойы «Әліппе» болған. Бола береді де. Бірақ бір ғасыр бойында бірнеше рет өзгерістерге түскен, әртүрлі баспадан әр­қилы болып шыққан оқулық бүгінге қандай ерекшелікпен, жаңалықпен, өзгешелікпен келмек? Дәл қазір көптің көңілінде осы сұрақ тұрғандай.

«Әліппе» оқулығын әзірлеуде біз­дің алдымызға дыбыспен әріп тану ар­қы­лы оқуды, жазуды білетін, бастапқы тіл­дік ұғымдарды, сөйлеу әрекетінің (оқы­­лым, тыңдалым, айтылым) түрлерін мең­­­герген, байланыстырып сөйлеуге дағ­ды­­ланған, білгенін өмірде қолдана ала­тын тұлғаны қалыптастыру мақсаты қо­йылды. Осы мақсатқа қол жеткізуде «Әліппе» оқулығының бетінде оқу мате­риал­дары қазіргі қоғам талаптарына сәй­кес ұсынылған. Сондай-ақ оқулықта әр­бір бөлім, болмаса үлкен бір тарау біт­кенде «Не білдің?», «Не үйрендің?» айдар­мен бекіту тапсырмалары берілген. Бұл оларды өзін өзі бағалауға, зерттеуге, ізденуге жетелейді. Бәрінен бұрын жаңа «Әліппенің» ең бір маңызды ерекшелігі – пән­дік білім-білікке ғана емес, жас ұрпақтың бо­йына ұлттық құндылықтарды сіңіруге ба­ғытталғаны. Әрбір дыбыс пен әріп­ке ар­налған тақырыптың соңында сөз­та­ным материалдары берілген. Онда оқу­шы­лар қазақ фольклорындағы жаңылт­паш, жұм­бақ, мақал-мәтелдер мен түрлі таным­дық тақ­пақтар QR код арқылы тыңдай ала­ды. Со­ның нәтижесінде тәрбиелік мақ­сат жүзеге асырылып, тақырып бекіті­ле­ді», дейді «Әліппе» оқулығын жазған А.Елеу­панқызы.

 

«Әліппе» мен «Ана тілінің» арасында үндестік

болғаны абзал

Бәріміз білетіндей, «Әліппеден» кейін «Ана тілі» оқытылады. Бұл педагогикада ««Әліппеден» кейінгі кезең» деп аталады. «Емнің дұрыс жасалғаны жақсы, бірақ одан кейінгі күтім дұрыс болмаса, емнің бәрі далаға кетеді» деп жатады ғой медицинада. Сол секілді «Әліппе» әдемі болғанымен, «Әліппеден» кейінгі маңызды кезеңде оқытылатын «Ана тілі» көңілге қонымды болмаса, бәрі бекер. Дәл осы ойдан кейін «Әліппемен» бірге әзірленіп жатқан «Ана тілі» оқулығының авторымен де тілдестік. Сөйтсек, «Ана тілі» де ұлт ұстазының ға­сырлық әдістемесіне негізделіпті.

«Сауат ашу әдістемесінің негізін сал­ған – А.Байтұрсынұлы. Сондықтан ұлт ұста­зының әдістемесі әрдайым қолданылып келеді. «Әліппеден» кейінгі кезең, яғни 1-сы­ныптың ІІІ, ІV тоқсанында «Ана тілі» оқы­тылады. А.Байтұрсынұлының дыбыстық талдау-жинақтау әдісінен алшақ кете алмаймыз. Өйткені бұл әдіс сөзге дыбыстық талдау жасауда, дыбыстың түрлерін мең­гер­туде, тасымалдауға үйретуде, оқу дағдысын жетілдіруде аса қажет. Әрине, дыбыстық талдау әдісі деп қазір атап жүрміз, ұлт ұстазы оны басқаша (жалқылау, жалпылау, айыру, жылқылау айырыңқы әдіс деп) атаған. Сол себепті «Ана тілі» оқулығын да­йындауда да А.Байтұрсынұлының әдістері қолданылды деп нақты айта аламыз. Оқу­лық «Әліппенің» жалғасы болғандықтан, үндес­тік болғаны абзал. «Әліппедегі» се­кілді «Ана тілі» оқулығында да салт-дәс­түрімізге қа­тысты танымдық мәтіндер, қа­зақы кон­тенттегі жас ерекшелігіне сай көр­кем шы­ғармалар ұсынылып отыр», дейді жаңадан әзірленген «Ана тілі» оқулығының авторы Гүлнар Уаисова.

Сонымен, ұлт ұстазының әдістемесі­не, ұлт­тың құндылықтарына негізделген «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтары ал­дағы қыр­күйектен бастап мектептерде оқы­тыла бас­тайды. Ал оқулықтардың артық­шылық­тары мен кемшіліктері кемі осы оқу жылы аяқталғаннан кейін ғана белгілі болатыны анық. Бұл туралы ой айтуды биыл бірінші сыныпты қабылдайтын мұғалім қауымға қалдырдық.