Саясат • 12 Тамыз, 2021

Барлық мәселе – бақылауда

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаторлар Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Қазақстанның Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Барлық мәселе – бақылауда

Депутаттар мекеме ұжымымен кездесу барысында 2020 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында палатада ашылған Сирек кітаптар мен басылымдар мұражайын көрді. Онда Алаш зиялыларының жұмыстары мен жүз жылдық тарихы бар экспонаттар қойылған болатын. Сенаторларға Палата мұрағатында сақталған кітап қорының жай-күйі, сондай-ақ саладағы шешуді талап ететін проблемалар туралы айтылды.

Сенатор Динар Нөкетаева соңғы жылдары маман-библиографтарды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне мемлекеттік гранттар бөлінбейтінін атап өтті. «Соның нәтижесінде бірнеше гранттық орынды ректор ғана бөліп келеді. Қалған студенттер ақылы негізде оқуға мәжбүр болып отыр. Осыған байланысты сала мамандарын даярлау үшін гранттар бөлу мәселесін шешу қажет», деді ол.

Сенатор Нұртөре Жүсіп өз кезегінде қазақ жастарының сауатты және рухани дамуы үшін әлеуметтік мәселелерді шешумен қатар, жеткіншек ұрпақты рухани байытуға да назар аудару маңызды екенін атап өтті. «Атап айтқанда, көркем шығармалардың тиражын ұлғайту қажет. Егер бұрын мәдениет саласы «қалдық есебінен» қаржыландырылған болса, қазір олай емес. Баспагерлер бұрынғы кеңестік кезеңдегі жинақтарды қайта басып шығаруды тоқтатып, заман талабына сәйкес жаңаша жазатын заманауи авторлардың шығармаларын жариялау маңызды. Бұл, әсіресе, балалар әдебиетіне қатысты», деді сенатор.

Депутаттар, сонымен қатар Сенаттың өткен сессиядағы қызметінің нәтижелері, қазақстандықтардың өмірін жақсарту жөніндегі қабылданған заңдар туралы, сондай-ақ сенаторлардың сессия барысында көтерген өзекті мәселелері, оның ішінде кітапхана саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге қатысты сауалдар туралы айтты. Сенаторлар осы кездесу барысында айтылған барлық проблемаларды бақылауға алып, оларды шешуге жа­уапты мемлекеттік органдар алдында көтеруге ниеттеніп отыр.