
Кеше Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы кеңесі өтті. Оған Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея кеңесінің мүшелері және республикалық этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеше Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы кеңесі өтті. Оған Ассамблеядан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ассамблея кеңесінің мүшелері және республикалық этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, Ассамблеяның ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеңес аясында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Елбасының Жолдаудағы негізгі тақырып – ең алдымен, ел дамуының нақты бағытын белгілеу, оның ішінде «Мәңгілік Ел» туралы ой екендігіне тоқталды. «Тәуелсіздігіміздің ең алғашқы күндерінен бастап айтылып жүрген, күн тәртібінде тұрған сұрақтардың бірі десек, артық болмайды деп ойлаймыз. «Мәңгілік Ел» – ол ең біріншіден, біздің тәуелсіздігімізге байланысты. Тәуелсіздігіміз ел бірлігімен байланысты. Ал ел бірлігі қоғамдық келісіммен байланысты. Сондықтан, Жолдауда көтерілген мәселелердің барлығы, оның ішінде экономикалық, әлеуметтік мәселелер қоғамдық келісімге бағытталған.
Бұдан кейінгі кезекте сөз алған Ассамблея кеңесінің мүшесі, Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісінің маңызына тоқталып өтті. «Елбасы Ассамблеяға барлық этнос өкілдерін топтастырды. Ал Елбасы атап өткендей, «Мәңгілік Ел» болу үшін ең басты қажетті нәрсе – халқымыздың бірлігі. Қоғамдық келісім, тұрақтылық, татулық. Демек, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі міндеті – осы. Осыған біз ұйытқы болып, осы идеяның басы-қасында жүруіміз керек.
Ассамблея кеңесінің тағы бір мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ахмет Мурадов Елбасы Жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырумен бірге Ассамблеяның алдына жаңа мақсат-міндеттер қойылатын болатынын жеткізді. «Алдағы уақытта біз әртүрлі этнос өкілдерімен бірге бас қоса отырып, осы мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын қарастыратын боламыз. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан «Мәңгілік Ел» Патриоттық актісі түрлі теориялық ережелер көрініс тапқан жай ғана құжат болмауы керек. Бұл патриоттық актіге біз ұлт, қоғам, ой бірлігін айқындайтын тетіктерді, біздің тұтас ел болу жолында тәжірибемізді шоғырландыруымыз керек. Демек, әрбір қазақстандық, әрбір Ассамблея мүшесі өзінің бұдан кейінгі тағдырын да Қазақстанмен байланыстыра қарайтын болса, бір-бірімізге, деген қарым-қатынаста шынайы болуымыз қажет.

Болгар этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Олег Дымов Елбасының Жолдауында айтылған мәселелер мемлекетті алға жылжытуда алғышарт бола алатынын атап өтті. «Елбасы Қазақстан халқына Жолдауы арқылы өзінің көрегендігін тағы бір дәлелдеді. Жолдауда айтылған мәселелердің өзегінде халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, елдің әлеуетін көтеру жатыр. Елбасы айрықша назар аударған тағы бір мәселе – азаматтық қоғамды, тұрақтылықты, ұлтаралық және этносаралық байланыстарды нығайту, сондай-ақ, қоғамға, елге қауіп төндіретін, оның дамуына кері ықпал ететін құбылыстардың алдын алу және болдырмаудың жолдары болды. Яғни сіз бен біз қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етуге, ондағы азаматтар арасындағы өзара сенім мен шынайылықтың берік орнауына, сол арқылы жақсы ауанның қалыптасуына ықпал етуіміз керек. Себебі, мемлекеттің болашақтағы дамуының басты өзегі осы қағидатқа келіп тіреледі», деді Мәжіліс депутаты.
Кеңес отырысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі ЮНЕСКО кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Әділ Ахметов та сөз алды. Ол: «Естеріңізде болса, былтырғы Жолдаудың басты тақырыбына «Қазақстан-2050 Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» құжаты негізгі іргетас болатын. Бүгінгі Жолдау сол Стратегияға негізделген біздің дамуымыздың жол картасы деп айтуға болады. Президент атом электр энергетикасын дамытуға өте үлкен салмақ салды. Озық елдердің барлығында да атом электр энергетикасы жақсы дамыған. Бір ғана Америка Құрама Штаттарында 104 атом электр стансасы бар. Әлемде электр энергиясын ең көп пайдаланатын жалғыз ел – Америка. Егер, біз 2050 Стратегиясына байланысты әлемде оза дамыған 30 елдің құрамына кіру үшін ең алдымен, энергетика саласын мықтап дамытуымыз керек. Әрине, бұл жерде Президенттің көзқарасы өте ұнады. Өйткені, қазақта: «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген. Бізде уран бар. Уранның қоры жағынан біз 2-орында болсақ, өндіру жағынан әлемде екінші орындамыз. Алайда, біз сол уранымыз бола тұрып, энергетикамызды әлі дамыта алмай отырмыз. Атом энергиясы – таза энергия. Қазір технология Жапонияда бар, Ресейде бар, Америкада бар, Франция мен Англияда бар, солардың ең озық үлгілерін алып, атом энергетикасын дамытсақ, біздің ел алға шығатын елдердің қатарында болады. Осы мәселенің қозғалуына мен айрықша ризашылық білдірдім. Осы уақытқа дейін бұл мәселе онша қозғалмайтын. Оның үстіне МАГАТЭ бізге иек артуда. Мысалы, ол атом электр стансаларының отынын дайындауды, уранды радиация таратпайтын деңгейге дейін байытуды бізге, Қазақстанға тапсырып отыр. Өйткені, Қазақстан антиядролық қозғалыстың басында тұрған ел. Демек, сенеді. Демек, біз атом энергетикасын дамытамыз десек, барлық елдің технологиясы, ғылымы мен білімі келеді», деді Ә. Ахметов.
Отырыс соңында Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланып, оны қолдау жөніндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының үндеуі қабылданды, сондай-ақ, Ассамблеяның Жолдауды насихаттау және ғылыми-сарапшылық қолдау бойынша жұмыстарының бағыттары қаралды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».