Білім • 12 Тамыз, 2021

Жөндеу жұмыстары бітпеген мектеп оқушылары әкімдік ғимаратында оқиды

426 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы жөндеу жұмыстары бітпеген білім ұяларының оқушылары әкімдік ғимараты мен мәдениет үйлерінде оқитын болыды, деп жазады Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Жөндеу жұмыстары бітпеген мектеп оқушылары әкімдік ғимаратында оқиды

Бүгінде Алматы облысында 19 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 9-ы биылғы оқу жылына дейін тапсырылмайды. 

Биылғы жаңа оқу жылында ашылмайтын мектептердің бірі Талдықорған қаласындағы Островский атындағы мектеп. Бұл білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстар маусым айында ғана басталған. Мектептің төрт қабырғасы түгелдей қырылып, қызыл кірпіш күйінде тұр. Едендерін де түгел алып тастаған. Аймақтағы Білім басқармасының айтуынша, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Сондықтан аталған мектепте оқып жүрген 1149 бала күзде қаладағы өзге мектептерде оқиды.

Кейбірі тіпті колледж ғимаратында оқитын болады.

«Мектепалды даярлық топтары және бірінші сынып оқушылары қаладағы гуманитарлық-техникалық колледж ғимаратында білім алады. Сол жерден кабинеттер бөліп отыр. 9 мектепте күрделі жөндеу кеш басталуы және оған қаржының кеш бөлінуі жағдайды қиындатты. Сондықтан оқушыларға қолайлы жағдай жасалып, мектеп біткенге дейін қай ғимаратта оқыса сол жерге жиһаздар қойылып, оқу процессі үздіксіз өтеді деп жоспарлап отырмыз», деді Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.

Сондай-ақ Ақсу ауданының Сағабүйен ауылындағы Тоқтаров атындағы мектепте де жөндеу жұмыстары енді қызған. Алдағы оқу жылында бұл мектептің 172 оқушысы ауылдық әкімдіктің ғимаратында білім алмақ. 

Ал, Панфилов ауданының Сарыбел ауылындағы Кобикова атындағы мектептің 286 оқушысын аталған ауылдың мәдениет үйінде оқыту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Райымбек ауданының Тұзкөл ауылындағы Мұсақұлов атындағы мектептің 87 оқушысы осы ауылдың әкімшілік ғимаратында білім алады.