Алматыда эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, оқу жылын дәстүрлі форматта бастау жоспарланған. Оқу жылы басталғанға дейін барлық білім беру ұйымдары Ashyq-қа қосылды. Сондай-ақ барлық мектеп қызметкерлері вакциана алған.
«Қарсы көрсетілімі бар қызметкерлерден басқа барлық жұмысшы вакцина алды. Егер бізде қызметкерлердің жалпы саны 36 845 болса, оның ішінде 32 126 адам вакцина салдырды», деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Алматы мектептерінде 2021-2022 оқу жылында 1-11 сыныпқа баратын оқушылар саны 300 мың бала болуы тиіс. Бірінші сыныпқа 30 мыңға жуық бала барады.
«Мектептерде дене қызуын өлшеу, визуалды тексеру, желдету, кварц, тазалау, есік тұтқаларын антисептикпен өңдеу, дәретхананы дымқыл тазалау әр 2-3 сағат сайын жүргізіледі», дейді Білім басқармасының басшысы.
Сонымен қатар бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының мектепке бөлек (балалар әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін мектепке әр түрлі кіреберістен жіберіледі) кіруі қарастырылған.
Егер оқушылардың біреуі ауырып қалса, онда бүкіл сынып қашықтан оқытуға жіберіледі. Егер оқушының ата-анасы ауырса немесе байланыста болса, онда ол қашықтан оқытылады.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, кабинеттердің толтырылуына шектеу жоқ, сыныпта бір сыныптың барлық оқушысы отырады. Мектептердегі жаппай іс-шаралар тоқтатылды, бірақ егер ата-ана мектепке барғысы келсе, онда олар Ashyq қосымшасы арқылы тексеріледі.