Бүгін вице-министр Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен үкімет кеңесінде бұқаралық және балалар спортының мәселесі қаралды. Қазақстандықтардың 31% ғана бұқаралық спортпен айналысады. Президент тапсырмасына сәйкес бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 35% жеткізу қажет.
Осы мақсатта спорт нысандарын керек-жарақпен толық жабдықтап, спорт залдардың жүктемесін арттыру міндеті тұр. Мамандырылған спорт мектептері оқытушыларының жалақысын алдағы екі жылдың ішінде екі есе көтеру керек. Сондай-ақ кәсіби спортшыларды, оның ішінде ұлттық құрама командаларын даярлау тәсілдері қайта қаралады.
Спорт психологтары, биомеханиктер, биохимиктер, диетологтар сынды мамандар тапшылығы тағы бар. Бұл мәселені шешу бойынша мәдениет және спорт министрлігіне арнайы бағдарлама әзірлеу тапсырылды. Сонымен бірге ведомствоға 2025 жылға дейін қабылданған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды қайта қарауға міндеттелді.