Бұл жолғы талқылау «Заманауи жастар: проблемалары, қажеттіліктері, тенденциялары» тақырыбы аясында өрбіді.
Коронавирус пандемиясы әлі де жалғасып жатқан әлемде, әсіресе, жастар түрлі сын-қатер мен проблемаларға кезігіп жүр. Осы ретте жастардың әлеуметтік, экономикалық және өзге де маңызды бағыттар бойынша қажеттіліктері мемлекет тарапынан қанағаттандырылып келеді. Алайда жастардың орнықты дамып, өзін одан әрі жетілдіруіне қолайлы жағдай жасау үшін жастар арасындағы өзекті тенденциялар әрдайым сараланып тұруы қажет.
Сараптамалық алаңындағы талқылауға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Ш.Байманов пен Парламент Мәжілісінің депутаты М.Ахметов жастар арасындағы қазіргі проблемалар әрдайым мемлекет назарында және оларды шешу бағытындағы іс-шаралар жалғаса беретінін баса айтты.
Тағы бір айта кетер жайт, басқосу барысында «Жастар» ҒЗО директоры А.Сакошев Мемлекет басшысына жыл сайын енгізілетін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының негізі болатын 2021 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижелерін ұсынды. Зерттеу қорытындысы өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда бірқатар өзгеріс болғанын көрсетті.
Сараптамалық алаңда, сонымен қатар Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшесі Ж.Ысқақова «Жастардың құндылық бағдары», саясат жөнінде консультант Д.Айкенова «Қазіргі жастардың мінез-құлқының үлгілері», Jas Otan ЖҚ төрағасының орынбасары А.Бүркіталин «Жастарды жұмыспен қамту мәселелері» және «Жас ұлан» РҚБ төрайымы Д.Сәдуақасова «Жастар ортасындағы буллинг және лудомания мәселелері» тақырыптары бойынша өз пікірлерін, нақты ұсыныстарын білдірді.
Jastar: ózekti másele сараптамалық алаңы кезекті отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметкерлер, сарапшылар, ҮЕҰ өкілдері және өзге де қатысушылар тарапынан берілген қолданбалы ұсыныстар тізімі қалыптастырылды.
Іс-шара барлық санитарлық нормаларға сай онлайн және офлайн форматтарда
өтті.