Әлем • 13 Тамыз, 2021

Түркия табиғат апатынан көз ашар емес

759 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияның солтүстік бөлігінде толассыз жауған нөсер салдарынан су тасқыны болды. Апат Қара теңіз жағалауы маңындағы елді мекендерге зиян келтірген.

Түркия табиғат апатынан  көз ашар емес

 Нөсерлеп құйған жауын салдарынан көпір құлап, ауыл тұрғындары жарықсыз қалған. TRT Haber арнасының хабарлауынша, Бартин провинциясында бір адам тасқыннан кейін жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Бұдан бөлек, Кастамону аймағында 4 адам бақиға аттанып, бір адам хабар-ошарсыз кеткен.

Су тасқыны Синоп, Бартын, Қарабюк және Кастамону провинцияларына зиянын тигізді. Төтенше жағдай салдарынан 13 адам зардап шеккен. Құтқару қызметкерлері жоғалған 80 жас­тағы әйелді іздестіріп жатыр.

Премьер‐министр жанын­дағы төтенше жағдайлар және апаттар басқармасы (AFAD) мәліметіне сүйенсек, 12 ауылда электр жарығы сөнген. Сондай-ақ ғимараттардың бірінші қабаттары су астында қалған.

Бартыннан 240 шақырым жерде орналасқан Синоп провинциясында су тасқыны сал­дарынан бір үй құлаған. Өңір­де көптеген тұрғын үй мен кәсіпорынды су басқан. Аймақ­тағы мемлекеттік аурухана сақ­тық жасау мақсатында басқа жерге көшірілген.

Синоптиктер нөсер жауын әлі де жалғаса беруі мүмкін екенін айтып отыр. Сонымен қатар жаңбырдың тоқтаусыз жауғанының кесірінен Каста­мону провинциясындағы өзен ар­насынан тасып, жақын маң­дағы елді мекендерге қауіп төн­­­дірген. Мәселен, TRT арнасы таратқан бейнежазбада лай су­дың көліктер мен қоқысты жөңкілте әкетіп бара жатқаны айқын көрінеді.

Бұдан бөлек, нөсердің кесі­рінен су электр стансасы да тас­қын астында қалды. Бұл маң­дағы тұрғындарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік тасқыннан қашып, үйдің төбесіне өрмелеген адамдарды құтқару мақсатында тікұшақтың көмегіне жүгінген.

«Метеорологиялық тұрғы­дан алғанда, 50, тіпті 100 жылда кездеспеген апатқа тап болып отырмыз», дейді Ауыл ша­­руа­шылығы және орман ша­руа­шылығы министрі Бекир Пакдемирли.

Су тасқынынан Кастамону қаласы ең көп зардап шекті. Аймақтағы Бозкурт қаласы су астында қалды, ондаған көлікті тасқын алып кетті. Кастамону губернаторлығының хабарлауынша, әлеуметтік желідегі су тасқынына бөгеттің жарылуы себеп болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Әзірге бұл өңірде зардап шеккендер туралы хабар жоқ.

Су тасқыны жергілікті тұрғындарды таңғалдырып отыр. The Guardian агенттігіне пікір білдірген, осы аймақта мейрамхана қызметімен айналысатын Нури Ерсоз тасқынға куә болғанын, 10 минуттың ішінде лай су бәрін қопарып кеткенін жеткізді. Ол немере ағасының жағдайына алаңдайтынын айтады.

Кастамонуға барған ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу су тасқынынан зардап шек­кен кейбір аудандарда су дең­гейі «үш-төрт метрге көтеріл­генін» алға тартып, көп­теген адам ша­тырға шығып, құтқару­шы­ларды күтіп отырғанын айтты.

«Эвакуация және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады. Жандармерия, сарбаздар бүкіл күш-жігерін салып, аймақтағы барлық тікұшақтар құтқару ісіне жұмылдырылады», дейді С.Сойлу.

Түркия кейінгі айларда таби­ғат апатына жиі ұшырап отыр. Бұған дейін шілде айының со­ңы­­нан бастап орманнан шық­қан өртпен күрескен еді. Тілсіз жау елді мекендерді шарпып, енді үлкен курорттарға жеткен. Ел билігі азаматтарды эва­куациялауға мәжбүр болған.

Қатты желдің әсері мен ауа температурасының жоғары­лауынан тілсіз жаудың ба­қы­лауға көнуі қиынға соқты. Манав­гат қаласында 5 кісі, ал Мар­маристе 1 адамды өрт­ке күйіп өлген. Екі қала да – Жерорта теңізіне жақын орна­лас­қан туристік мекендер.

Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа бір ғана Ма­навгаттағы өрттен 400 адам зар­дап шекті деп хабарлады. Олар­дың 10-ы әлі де ем қабылдап жатыр. Ал Мармаристе 159 адам­­ның денсаулығына зақым кел­ген. 1 адамды күйік шалып, ауру­ханаға жатқызылған.

Естеріңізге салсақ, шілденің соңынан бастап Түркияда орман өрттері өршіп тұр. Танымал курорттар 13 провинциядағы орман өрті салдарынан туристік маусымның ортасында от пен түтінге оранды. Кейбір жерлерде жалын тұрғын үйлер мен қонақүйлерге жақындады, ту­рис­­­тер мен жергілікті тұрғын­дар эвакуацияланды.

Осы оқиғаға байланысты Қазақ­стан Түркияға өрт сөн­дірет­ін екі тікұшақ пен 16 құт­қару­шы жіберді. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда болған алапат өрт салдарынан елдің экономикасы мен туристік базасына орасан зор шығын келгеніне және азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізгеніне байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға ниет­тестік білдірген жеделхатын жол­дады. Сонымен қатар бауыр­лас халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.