Биыл «Білім беру» және «Денсаулық сақтау», сонымен қатар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құқық, дизайн, менеджмент білім беру бағыттары сұранысқа ие. Грантқа үміткерлер арасында 8 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері, 800-ден астам халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы, сондай-ақ республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың 520 жеңімпазы бар. Ұпайлар тең болған жағдайда, олардың басым құқығы болды.
«Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік білім гранттары иегерлерінің сапалық құрамын жақсарту мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр. Біз болашақта педагог болғысы келетін талапкерлерге қойылатын талапты күшейтіп жатырмыз. Ұлттық бірыңғай тестілеуде педагогикалық бағыттар бойынша өту балы 75-ке дейін көтерілді. Бұл ретте біз оң үрдісті байқап отырмыз — педагог болуға ниет білдірген түлектердің саны артып келеді», деп атап өтті ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алғаш рет әлеуметтік осал санаттағы балаларға квоталар бөлінді. Яғни, көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан түлек грант алуда басым мүмкіндікке ие болды.
«Сонымен қатар тиісті квота бойынша гранттарды жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері алды. Осылайша, азаматтардың әлеуметтік осал санатындағы талапкерлер білім беру гранттарын беру кезінде артықшылыққа ие болды. Мәселен, педагогикалық мамандықтарға 11 мыңға жуық білім гранты бөлінсе, оның мыңнан астамына жеңілдігі бар санаттағы азаматтар ие болды», деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі.
Айта кетейік, Президенттің тапсырмасы бойынша гранттың жалпы саны 5 мыңға артты. Яғни, өткен жылы 51 мың грант бөлінсе, биыл 56 мыңға дейін ұлғайды. Ендігі кезекте мемлекеттік білім гранты иегерлері оқуға қабылдану үшін жоғары оқу орнына 25 тамызға дейін құжат тапсыруы тиіс.
Мемлекеттік грант тағайындау мәселесіне қатысты барлық сұрақпен төмендегі нөмірлерге хабарласуға болады:
87172 695096
87172 695280
87172 695287
87172 695292
87172 695071
87172 742284
87172 742525
8 7172 741739