Әлем • 15 Тамыз, 2021

Ауғанстандағы ахуал күрделене түсті

861 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауғанстандағы жағдай тіпті күрделеніп барады. Кейінгі бірнеше күнде «Талибан» ұйымы елдегі бірқатар маңызды қаланы басып алды. Бұқаралық ақпарат құралдарына тараған ақпаратқа сүйенсек, «Талибан» содырлары Кабул қаласына жан-жақтан кірген. Ауғанстандағы ахуалдың күрделенуіне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдар басшыларымен жиналыс өткізді.

Ауғанстандағы ахуал күрделене түсті

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Алаңдауға себеп жетерлік. Қазіргі таңда елді үлкен дағдарыс күтіп тұр. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі­нің мәліметіне сүйенсек, «Тали­бан» жасақтары жексенбі күні Ауғанстан астанасы – Кабулға кірген. Соған байланысты көптеген мемлекет өз азаматтарын жедел түрде шаһардан шығарып жатыр.

Ауғанстан президентінің Twitter-дегі парақшасында, Кабулдың айналасында бірнеше жерде атыс естілгені, бірақ жергілікті сарбаздар мен халықаралық күштер қаланы бақылауда ұстап отыр­ғаны айтылған.

Президент Ашраф Ғани сен­біде жер­гілікті басшылармен және халық­ара­лық серіктестермен қалыптасқан жағдай бойынша шұғыл консультациялар жүргізіп жатқанын айтты. Жексенбі күні тәлібтер Ауғанстанның шығысындағы Джалалабад қаласын ұрыссыз басып алды. Сөйтіп, Ауғанстан­дағы негізгі магистральдардың бірін өз бақылауында ұстап отыр. Олар сонымен қатар Пәкістан маңындағы Торхам шекара заставасын өзіне бағындырды. Бұған дейін «Талибан» солтүстіктегі Мазари-Шариф қаласын басып алған еді.

Жалпы, Қазақстан Ауғанстандағы ахуал жақсарып, өңірде тұрақтылық пен бейбітшілік орнауына мүдделі. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жолға қойылып, Қазақстан ауған студенттерінің білім алуына көмектесіп келеді. 2010 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде қазақстандық жоғары оқу орындарында Ауғанстанның 1 мыңнан аса азаматы білім алады.

Сондай-ақ 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланған кезде де Қазақ­стан тарапы Ауғанстан мәселесін назар­дан шығарған жоқ. Мәселен, Ауған­стан/«Талибан» комитетіне, ИЛИМ/Әл-Каида комитетіне және Сомали/Эритрея Санкциялық комитетіне төрағалық ету тапсырылып, еліміз аталған міндетті абыроймен атқарып шыққан болатын.

Қазақстан тарапы Орталық Азияны және Ауғанстанды бейбітшілік, ынты­мақ­тастық және қауіпсіздік үлгісіне айналдыруды көздейді әрі осы мақсатта ұдайы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы Қазақ­стан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 520,6 млн долларды құра­ды, оның ішінде экспорт – 516,4 млн дол­лар, импорт – 4,2 млн доллар.

Ауғанстандағы ахуалдың бұлай өрбуі­нің негізгі себебі – АҚШ пен НАТО сарбаздарының ел аумағынан шыға­рылуы. Осыған орай, АҚШ «Талибан» ұйымымен келісім жасасқан. Аталған құжатқа сәйкес америкалық сарбаздар Ауғанстан аумағынан шығарылуға тиіс, ал «Талибан» қозғалысы аймақтың тұрақтылығы мен бейбітшілігін қор­ғауды мойнына алмақ. Дегенмен, саяси сарапшылардың пікіріне қарағанда, бұл келісімнің шикі тұсы көп.

АҚШ – «Талибан» келісіміне сәйкес, АҚШ пен НАТО әскері Ауғанстаннан шығарылады. Өз кезегінде «Талибан» ұйымы кез келген террористік топтың Ауғанстанда бас көтеруіне тосқауыл болуға тиіс. Бірақ «Өзі жоқтың көзі жоқ» демекші, «Талибан» америкалықтар кеткен соң қалай әрекет етпек? Кімді террорист деп санайды? АҚШ пен оның жақтастарына қауіп төндіретін топтарды қалай анықтайды? АҚШ пен «Талибанның» түсінігіндегі «террористік топ пен террорист» ұғымдары сай келе ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Бұған дейін Орталық Азия елдерінің Президенттері Түрікменстанда өткен Орталық Азия мемлекеттері басшы­ла­рының Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеде Ауғанстанда азаматтық бейбітшілікке тезірек қол жеткізуге да­йын екенін білдірген-ді.

«Тараптар көрші Ауғанстандағы жағ­дайдың жуық арадағы реттелуі Ор­талық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мен нығайтудың маңызды факторларының бірі болып табылатынын растайды. Осыған орай, Тараптар Ауған қоғамындағы азаматтық бейбітшілік пен келісімге жедел қол жеткізуге жан-жақты көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді», делінген мәлімдемеде.