Қазақстандық оқушылар география пәнінен өткен халықаралық олимпиадада (IGEO-2021) 3 медаль жеңіп алды. Ұлттық құраманың қоржынында бір алтын, бір күміс және бір қола бар. Олимпиада 10-16 тамыз аралығында Түркияның Стамбул қаласында онлайн форматта өтті. Зияткерлік жарысқа әлемнің 46 елінен 200 оқушы қатысты.
Олимпиадаға Ақтөбе, Шымкент және Қызылорда қаласынан төрт оқушы, яғни республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпаздары қатысты.
Ұлттық құраманы жарысқа тәжірибелі педагогтер мен жаттықтырушылар дайындады. Зияткерлік сайыстың тапсырмаларын жоғары деңгейде орындаған қазақстандық төрт қатысушының үшеуі жүлдегер атанды. Валеев Рустам алтын медальға, Тазабек Еркебұлан күміс медальға, Сапарбеков Ерасыл қола медальға ие болды.
Ұлттық құрама мүшелері оқу-жаттығу кезінде жұмысты жоғары деңгейде жүргізген мұғалімдер мен жаттықтырушыларына алғыс білдірді.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында олимпиада жүлдегерлерін лайықты жеңіспен құттықтады.
«Олимпиада жүлдегерлерін жоғары нәтижесімен құттықтаймын! Бұл сіздердің қажырлы еңбегіңіз бен біліміңіздің және өзіңізге деген сенімділіктің нәтижесі. Сіздерге қолдау көрсеткен мұғалімдер мен жаттықтырушыларға және ата-аналарға алғыс айтамын. Сіздер еліміздің намысын халықаралық деңгейде лайықты қорғадыңыздар. Біз өз тарапымыздан медальдардың саны жыл сайын ұлғаюы үшін жағдай жасауды жалғастырамыз», деп жазды Асхат Аймағамбетов.
ҚР Білім және ғылым министрі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырғанын атап өтті. Осы тапсырманы орындау аясында министрлік заңнамалық өзгерістер дайындады.