Әлем • 16 Тамыз, 2021

Олимпиадашыларға құрмет және «үйқамақ»

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүние жүзі телміре қараған Олимпия ойындары аяқталып, халықаралық додада өз елінің намысын қорғаған спортшылар елдеріне оралды. Осылайша тағы бір спорттық дода мәресіне жетіп, келесі Олимпиадаға әзірлік басталып та кетті.

Олимпиадашыларға құрмет және «үйқамақ»

Жанкүйерлер мен спортшылар асыға күтетін ең ірі жарыс індетке байланысты әдеттегіден өзгеше өтті. Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында іс-шараны барынша қатаң талаптар жағдайында өткізді. Енді Олимпия ойындарында жақсы нәтиже көрсетіп, үздік атанған спортшылар түрлі марапат ие болып, құрметке бөленіп жатыр. Көпшілігін отбасылары мен тілеулестері әуежайдан құшақ-құшақ гүлмен қарсы алып жатса, кейбіреулері шекарадан өте салысымен «үйқамаққа» алынды.

24 медальды қоржынға салған Канада құрамасы мүшелерін отандастары арнайы іс-шарамен қарсы алды. Канаданың Олимпиада комитеті Торонтода спортшыларға арнап ерекше іс-шара ұйымдастырған. Ал Лондонның Хит­роу әуежайында Ұлыбритания ко­мандасының өкілдерін отбасы мен жақындары күтіп алды. Фотообъектив пен телекамераларға осы ерекше кездесу ілінді. Ағылшын медиасында кішкентай балаларымен қауышқан спортшылардың бейнесі тарады. Британ медалистерін Патшайымның өзі арнайы құттықтады. 22 алтын, 21 күміс және 22 қола медаль жеңіп алып, жарыс кестесінде төртінші орынға жайғасқан Ұлыбритания құрамасы үшін бұл Олимпиада өте сәтті болды деп бағаланды.

Жетістіктеріне марқайғандар қатарында көршілес Ресей тұрғын­дары да бар. Орыс спортшылары өз елінің атынан шығып, туын көкке көтеріп, тұғырдан әнұранын ести алмағанымен, Ресейдің Олимпиада комитетінің атынан жарысқа қатыс­ты. Елдің спорт министрі Олег Матыцин ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Ресейдің олимпиадалық құрамасына сәтті өнер көрсеткені үшін алғыс айтты. Ол елдің спортшылары күрделі кезеңде жақсы дайындық жүргізіп, кез келген қиындықты жеңе алатынын көрсетті деп атап өтті.  

Сонымен бірге Аустралияның Олимпиада комитеті ел спортшыларына ойында көрсеткен сәтті өнері үшін алғыс айтып, 46 медальмен ел тарихында үшінші ірі көрсеткішке ие болғанын мәлімдеді. Комитет басшысы халық бұл команданы ондаған жылдар бойы есте сақтайтынына сендірді. Алайда қауіпсіздік шаралары үшін Олимпиададан келген спортшыларды 28 күнге карантинге отырғызу ұйғарылған. Бұл қадамды «тым қатал» деп бағалағандар да бар. Аустралияның Олимпиада комитетінің басшысы  өзге мемлекеттер спортшыларын құрмет-қошеметпен қарсы алып жатқанда, біз өз спортшыларымызға ауыр жаза тағайындадық деген пікірде. Ол олимпиадашылардың вакцина алғанымен қатар, Токиода сыртқа шықпай, қатаң бақылауда болғанын, барлық сақтық шараларын орындап, бірнеше апта бойы күнде тексеріліп отырғанын баса айтты. Аустралия спорт институтының бас дәрігері Дэвид Хьюздың айтуынша, 28 күндік карантин онсыз да шаршаған, жүйкесі тозған спортшылардың физикалық және психикалық денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін екенін айтқан. Алайда ел үкіметі індеттің таралмауы үшін қатаң шараларға баратынын осылайша көрсетіп отыр. Бұған дейін пандемия кезінде Аустралия шекарасын шетел азаматтары үшін мүлдем жа­уып тастағаны белгілі. Қазір ел билігі коронавирустың «Дельта» штамына қарсы күресіп жатыр.    

Ал Нидерланд делегациясы Жапо­ниядан қаһарман ретінде оралды деуге болады. Олар ел тарихында рекордтық 36 медаль жеңіп, жалпы есепте жетінші орынға ие болды.

Олимпиада туы француз спортшы­ларымен бірге Парижге жеткенін айта кеткен жөн. Бұл 2020 жылғы То­кио ойындарының символы ресми түрде 2024 жылғы Париж ойындарына ауыс­қанын білдіреді.

Париж қаласының мэрі Анн Хидалго делегацияны Париж маңындағы Шарль Де Голль әуежайында қарсы алған. Ол журналистерге тудың Париждегі Олим­пия ойындарының жақындап қалғанын көрсететінін, уақыттың зымырап өте шығатынын айтты. Франция құрамасы Токиода жалпы есепте сегізінші орынды иеленді. Алдағы Олимпиаданы Парижде 2024 жылы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында, ал одан кейін Паралимпиаданы 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өткізу жос­парланып отыр.