Өкінішке қарай, тәртіпсіз туристер ұзақ жылдардан бері осы үңгірдің аузы мен маңайын неше түрлі жазуларға толтырып, табиғат кереметінің сәнін келтіріп келген еді.
Өткен жылы осы кемшілікті жою мақсатында Шашубай кентінің бөбекжай кешені базасындағы ресурстық орталықтың педагогтері мен мамандары және техникалық қыз-
меткерлері киелі үңгірді жабайы жазбалардан тазарту жөнінде шешім қабылдаған болатын.
Енді, міне, бес ай бойы тынымсыз тер төккен олар өздерінің діттеген мақсаттарына жетті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл акция туралы өзінің фейсбук парақшасына жоба жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Айман Түкбаева былай деп жазды: «Демалыс және мереке күндері белсенді азаматтарымыз жүрек қалауымен Бектау ата шатқалына барып, үңгірді тазартты. Олар өздерімен бірге тұрмыстық оттегі баллонын, дизельді шағын автономды генераторлық электр стансасын, электр щеткалары мен кескіштерін, өрт сатыларын, туристік жабдықтар мен арқандарды, отпен жұмыс істеудегі жеке қауіпсіздік заттарын, құрылыс құралдарын ала барып, тазалау жұмыстарымен айналысты. Акция ресми түрде 6 тамызда аяқталды».
Игі іс біткеннен кейін белсенді азаматтар үңгірдің алдына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған ақпараттық баннерлер мен «Табиғат мінсіз таза, мін бізде ғана» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатты.
Қарағанды облысы