Әлем • 16 Тамыз, 2021

Кабулда ұшып бара жатқан ұшақтан құлаған бірнеше адам көз жұмды

808 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ұшып бара жатқан ұшақтан құлаған адамдардың видеосы тарап жатыр. Кейбір мәліметтер бойынша, видео Кабулда түсірілген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кабулда ұшып бара жатқан ұшақтан құлаған бірнеше адам көз жұмды

Видеодан ұшақтан адамдар қалай құлап жатқанын көруге болады. Жергілікті БАҚ бұл Кабулдан кеткісі келген адамдар болуы мүмкін деп болжайды.

«Видео әлеуметтік желілерде тарала бастады. Онда екі адам ұшақта жасырынып, ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң жерге құлағаны түсірілген», деп жазады жергілікті Shamshad News телеарнасы видео жариялап.

Бұған дейін Қауіпсіздік Күштеріндегі дереккөз РИА Новостиге АҚШ әскери күштері Кабул әуежайында ауғандықтарға оқ жаудырғаннан кейін бірнеше адам қайтыс болғанын жеткізген. Өз кезегінде Франс Пресс агенттігі куәгерге сілтеме жасай отырып, АҚШ әскери күштері Ауғанстан астанасының әуежайында көп адам ұшу-қону жолағына шыққан кезде ескерту үшін оқ жаудырғанын хабарлады.

Айта кетейік, 15 тамызда «Талибан» қозғалысының (Қазақстанда тыйым салынған) содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға кіріп, президент сарайын басып алғаны хабарланған болатын. Олар іс жүзінде Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялап, елдегі билікті қолына алды. Кейінірек Талибан өкілі елдегі соғыс аяқталғанын жариялады.