Бұл олқылыққа жол бермей, еңбектеген бала мен еңкейген қарттың рухани қажеттілігін өтеп отырған өнердің алғашқы мектебі – қуыршақ театры. Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген жан қуыршақ театрына асығатыны сөзсіз. Театрға келген әр көрермен қойылымнан іздеген жан тыныштығын тауып, ерекше күйге бөленеді.
Алматы қаласының Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры соңғы бес жылда жазғы демалыссыз жұмыс істеп, көрерменіне қызықты қойылымдар легін ұсынуда. Қала тұрғындарының да сұранысы жоғары. Себебі бала санасына әдеби шығарманы сахнаның тілі арқылы сиқырлап, сан түрлі формада жеткізетіндігі өзге өнер ордаларына ұқсамайды. Қуыршақ театрының әлемі ғажайыпқа толы екендігі де содан. Саусауққа киетін қуыршақтан бастап, қолғап, марионетка, суырмалы (тросты), планшетті, бойлы, көлеңкелі қуыршақтар құбылып өнер көрсеткенде, көңіліңіз көтеріліп, сиқырлы орта өзіне баурап алады.
Мәдени мекендегі қуыршақ қойылымдары – әртүрлі жастағы балалардан бөлек ересектердің өзіне ұмытылмас әсер қалдырады. Сексен алты жылдық тарихы бар республиканың тұңғыш қуыршақ театрында тәрбиелік мәнге ие, көрерменнің ойын дамытатын қойылымдар қатары көп. Қуыршақ кейіпкерлер арқылы баланың жан дүниесіне жарқын эмоционалды сезімдерді сыйлай отырып, балдырғандарға достық, жауапкершілік, мейірімділік, батылдық, еңбекқорлық сынды адами қасиеттерді дәріптейді. Ойлау көкжиегін дамытып, айналасымен тез тіл табысуға итермелеп, сөздік қорын байытады. Сахнада болып жатқан оқиға арқылы көптеген сұрақтарға жауап тауып, ішкі қақтығыстарды шешуге көмектеседі.
Әр театрдың өзіндік ерекшелігі, құпия сырлары бар. Өзге театрларда сахналанатын қойылымды бекіткеннен кейін режиссер бірден жұмысқа кіріседі. Ал мұнда бірінші кезекте қуыршақ кейіпкерлердің бейнелері жасалынады. Актерлер қойылым барысында жансыз қуыршаққа жан бітіреді. Қуыршақтар арқылы бүкіл адамзатқа ортақ дүниенің барлығын айтуға болады. Кейіпкердің қимыл қозғалысын үйлестіріп, өзіндік дауысын табу арқылы кішкентай көрермендерді баурап алу оңай емес. Пайда болғаннан бастап, қараған көзді қызықтыратын әдемі өнер түрінің қиындығы да жетерлік. Бұл тұста техникалық ұжым мен шығармашылық труппаның үздіксіз еңбегін атап өткеніміз жөн.
Қоғамдағы ахуалға байланысты өнер ордасы 2020 жылдың наурыз айынан бері көрерменмен қол үзбеу мақсатында дәстүрлі қойылымдардың көрсетілімінен тыс ресми әлеуметтік парақшаларында онлайн жұмысты қатар алып жүр. Театрдың YouTube каналында репертуардағы жиырма тоғыз спектакльдің онлайн көрсетілімі ұйымдастырылып, кәсіби театртанушы мамандардың театр репертуарындағы спектакльдерге сараптамалық талдауын көрсететін «Театртанушы талдауы», театр режиссері, әртістері, суретші-бутафор, театр директорларын өнер сүйер қауыммен жақынырақ байланыс құрып, шығармашылығымен кеңінен таныстыру мақсатында «Тікелей эфир» айдары арқылы алпыс бес онлайн сұхбат жүргізілінді. Сондай-ақ театр әртістерінің қатысуымен: «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн» айдарлары арқылы қазақ және әлем ертегілерінің оқылымы; қуыршақ жүргізуден шеберлік сағаты көрсетілген «Құпияға толы қуыршақтар»; балаларға арналған ойын-сауық тәсілдерін ұсынатын «Ойнайық та, күлейік»; баланы үйде дамытудың түрлі тәсілдері мен әдістерін ұсынатын «Үйрен де, жирен»; Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен қарасөздерін оқи отырып, мәні мен мағынасын көрерменге тереңірек насихаттау мақсатында «Жауһар жырлар жаңғырығы»; жас драматургтердің балаларға арналып жазылған шығармаларын талдайтын «Пьеса оқылымы»; сексен алты жылдық тарихы бар театр тынысынан сыр шертетін «Тарихқа айналған тағдырлар»; қуыршақ театрын сағынған кішкентай көрермендердің сәлемдеме бейнежазбасы жолданған «Қуыршақты сағынған құлыншақ»; әлемдік, отандық әдебиеттердің үздік шығармаларынан үзінді оқитын «Асыл қазына аясында»; театр қызметкерлерінің қатысуымен «Өлең, мен сені сүйіп өтем» поэзия оқылымы және театрдағы мінез-құлық ережелері, мәдениет және этика заңдылықтарын баяндайтын «Көрерменге кеңес» ақпараттық-танымдық айдарлары ұсынылды. Ағымдағы жылдың қаңтар айында «Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» 2020 жыл бойынша еліміздегі алпысқа жуық театрлардың атқарған еңбектерін сараптай келіп, онлайн форматта «Сыншылар жүлдесін» табыстады. Аталған еңбектің нәтижесінде қуыршақ театры «Онлайн форматтағы ең үздік театр», «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр» және «Үздік балаларға арналған қойылым – «Үйшік» спектаклі» номинациялары бойынша үздік деп танылды.
Театр ұжымы қуыршақ өнерін, шығармашылық тынысын, репертуардағы қойылымдарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында жан-жақты белсенді жұмыс істеуде. Республиканың өзге өңірлерінің тұрғындары да хабардар болуы үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасының мектеп бағдарламасына сай «Театр өнері» бөлімінде кәсіби театртанушылар, әртістер театр репертуарындағы он екі үздік қойылым бойынша мектеп оқушыларына онлайн дәріс оқыды. Қызықты әрі танымдық жоба қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Сонымен қатар өнер сүйер бүлдіршіндер мен ата-аналар театр ұжымының өнерін Алматы қаласында орналасқан Alatau Creative Hub алаңынан тамашалай алады. Мұнда қуыршақ жүргізуден үйірме жұмысы жанданып, театр әртістері кішкентай балаларға қуыршақтармен жұмыс істеудің алғышарттарын үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізеді.
Соңғы кезде жаңашылдығымен көзге түсіп, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ордасы ағымдағы жылдың маусым айында Татарстан Республикасы Қазан қаласында өткен «Наурыз» XV Халықаралық түркі халықтарының театр фестиваліне «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымымен онлайн форматта қатысып, дипломант атанды. «Наурыз» фестивалі – жыл сайын жоғарғы дәрежеде өтіп отыратын Ресейдегі ұлттық театрлар арасындағы ең ауқымды жалғыз фестиваль. Дәл осы айда өнер ордасы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында өткен «КУКART» XV Халықаралық қуыршақ және синтетикалық театрлар фестиваліне де шақырту алып, «Ромео мен Джульетта» спектаклімен офлайн форматта қатысып, «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясымен марапатталды. Жылдың соңына дейін төрт театр фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр.
Театрдың еңбегі елде ғана емес, шетелде де бағалануда. 2021 жылдың наурыз айында репертуардағы «Ана-Жер Ана» қойылымы Қырғызстан Республикасының ұлттық «ЭРГУУ» театр жүлдесін иеленді. Байқау аясында шетелдік театр ұжымдарының Ш.Айтматовтың ең үздік шетелдік театрлар сахналаған спектакльдері өзара бақ сынады. Дүлдүл театрлар аламанында топ жарған Алматы қаласының қуыршақ театры «Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сахналаған шетелдік театр» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Театрдың ересек көрермендеріне ұжым осы маусымда У.Шекспирдің «Макбет» шығармасын, бүлдіршіндерге халық ертегісі «Ер Төстікті», «Қасқыр мен жеті лақ», «Күлше қыз» ертегілерін сахналап, базарлық ұсынды. Қай қойылымды алсақ та, басты мақсат – жас ұрпақ бойына салт-дәстүрді дәріптеп, досқа адал болуды, қайсарлыққа баулып, адамгершілік қасиеттер мен ептілікті бүлдіршіндер санасына сіңіру.
Қуыршақ театры – шексіз
театр. Құдіретке ие өнер түрінің дамуы және оның көрермендерінің мейлінше көп болуы ұлтымызға саналы ұрпақ сыйлайтын алғашқы мектептердің бірі болып қала бермек.
Талғат ЕСЕНАЛИЕВ,
Мемлекеттік қуыршақ
театрының директоры