Экология • 17 Тамыз, 2021

Еріктілер Ертіс бойын тазартады

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айналаны таза ұстау мәдениетін бүгін-ертең қалыптастыра алмасымыз хақ. Сол үшін де ғой, көктем мен күзде өзен-көлдердің жағасынан қап-қап қоқыс шығарамыз. Өткен аптада Өскеменде «Бір өзен – бір тағдыр» атты халықаралық экологиялық акциясы ұйымдастырылып, Ертіс өзенінің жағалауы тазартылды.

Еріктілер Ертіс бойын тазартады

Тазалық акциясы алғашында со­нау Сауыр таудың етегінен, Зайсан ауда­нынан бастау алған. Ұйымдастыру­шы­лардың айтуынша, игі шараға Ертістің бойындағы тұрғындар қатысады.

– «Бір өзен – бір тағдыр» халық­ара­­лық акциясы Ертіс өзені ағып өте­тін аудандар үшін ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда Павлодар облысы және Ресей Федерациясындағы әріп­тестерімізбен келісіп жатырмыз. Өзі­міз Өскемендегі Ертістің бойын барын­ша тазалап жүрміз. Қала тұрғында­рын да тазалық шарасына атсалысуға ша­­қырамыз, – деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Арай­­лым Есімбекова.

Акция аясында өзен жағасына жи­на­лып қалған қоқыстар тазартыл­ды. Өкініштісі, демалуға барған азамат­тардың қоршаған ортаға салғырт қарай­ды. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүретіндей болып көрінеді. Мысалы, пластик бө­телке, полиэтилен дорба жүздеген жыл шірімейді, шірігеннің өзінде зиянды зат бөледі. Кешегі өткен бабалармыз аманаттаған жерді ертеңгі ұрпаққа тап-таза қалпы қалдыра алмасақ, адами қасиеттен алыстап кеткеніміз емес пе?!

– Қоқыс аспаннан түспейді, мәде­ниеті, өресі төмен тұрғындар шашады. Ал табиғат жанашырлары жинай­ды. Осыған байланысты Өскемен қала­сының мәслихат депутаттары бұл проб­леманы қолға алды. Яғни табиғат аясында қоқыс шашқан азаматтарға айыппұл салу мәселесі қаралуда, – деді А.Есімбекова.

Өзен бойын тазалауға ерікті жас­тар бір кісідей кірісті. Көңілді топ­­тар әп-сәтте ат шаптырымдай аумақ­ты мұн­таздай етті. Осыдан былай қоқы­сын көрінген жерге тастай салатын тұрғын­дар тым болмағанда еріктілердің ең­бегін ескеріп, жинақы жүретін шығар. Енді еріктілер, Birgemiz: Taza Álem волонтерлік бағытын дамытуды көздеп отыр.

Өскемен қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға «Казцинк» ЖШС-нің белсенді жастары, «ҮМЗ» АҚ жанындағы жас­тар қозғалысының мүшелері, «Әскери-техникалық мектебінің» курсанттары және Өскемен ЖЭО бастамашыл тобы қатысты.

 

Шығыс Қазақстан облысы