Аймақтар • 17 Тамыз, 2021

Шомылу маусымында 34 адам суға кеткен

273 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Судың тілсіз жау екеніне жаздың күні жиі көз жеткіземіз. Шомылу маусымы бастала сала Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері шыр-пыр болып, қауіпсіздік шараларын түсіндірумен жүреді. Оны түсініп, түйсінетіндер бар да, айтқан ескертулерге құлақ аспайтындар бар. Жаз басталғалы Шығыс Қазақстанда 34 адам суға кетіп, жазым болған екен.

Шомылу маусымында 34 адам суға кеткен

Мұндайда қазақ «жазмыштан озмыш жоқ» деп жұбатысады. Бі­рақ сақтанғанды сақтайды емес пе Құдай?! Қалай болғанда да, рұқсат берілген аумақтарға ғана шомылу керек. Мамандардың түсіндіріп жүрген ережелері қара­па­йым. Кейде соны ескермей жатады ел.

ТЖД мамандарының мәліме­тінше, шомылу маусымында құтқа­ру­шылар 22 адамның өміріне араша түскен. Олардың алтауы балалар. Құтқарушылар сақадай сай дайын жүргенімен, су айдындарын түгелдей қадағалау мүмкін емес. Қайғылы жағдай орын алмауы үшін жауапкершілікті әр адам өзі сезінуі керек. 2020 жылы 33 адам
(9 бала) суға батып, көз жұмса, биыл 34 адам суға кеткен.  

– 13 оқиға балалар қараусыз қалған кезде орын алған. Бес адам мас күйінде шомылып, қаза тапты. Қайғылы жағдайлардың көбі арнайы жабдықталмаған жа­ғажайларда орын алды. Демалыс базасының жанында балық аулап отырған азамат та суға батып кетті, – деді ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.

Жаздың алғашқы күндерінен бастап құтқарушылар профилак-­
тикалық жұмыстар жүргізіп, түсін­діру акцияларын өткізіп келеді. Есеп-қисапқа сүйенсек, 5 мыңнан астам профилактикалық рейд ұйымдастырылып, демалушыларға 86 мың жадынама таратылған екен. Базалардың иелерімен және жергілікті атқарушы органдар­мен бірлесіп, азаматтардың қауіп­сіз демалысын қамтамасыз ету мақ­сатында 33 меморандум жасалған.

– Аймақтағы барлығы өзен-көл­дердің жағалауында демалыс және спорт үшін 16 орын бекітілген. Ал шомылуға тыйым салынған 64 учас­ке белгіленді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, шомылуға қауіпті орындарға 384 тыйым салу және ескерту белгі­лерін орнаттық. Себебі бұл учас­келердегі судың түбі тексерілмеген, қауіпті ағын мен иірімдер байқалды. Жа­қын жерде құтқарушылар мен дәрі­герлердің бекеттері де жоқ, – деп түсіндірді ТЖД баспасөз хатшысы.

Базалардың иелеріне көмекте­су үшін ТЖ департаментінде қоғамдық құтқарушыларды даярлау курстары да ұйымдастырылды. Қазірдің өзінде 110-нан астам азамат білім алып үлгерген. Шомылу маусымы кезеңінде Алакөлде және Көкпекті ауданында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өрттен құтқару бекеттері құрылды.

Айтқандай, суға түсу кезінде тәртіп пен ереже бұзған демалушылар жауапқа тартылған.

– Жалпы жағалауда демалу тәртібін 155 адам бұзса, 476 адам мас күйде ереже бұзғаны анық­тал­ды, – деп атап өтті Шығыс Қа­зақ­стан облыстық полиция депар­та­­­ментінің жергілікті полиция қыз­­­меті бастығының орынбасары Андрей Ларионов.

Осы тұста айта кетерлігі, суға мас күйде шомылуға, қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сондай-ақ құрылыстардан суға секіруге қатаң ты­йым салынады. Тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүң­гуге де болмайды. Балаларды жаға­лауда қараусыз қалдыруға бол­май­тынын да естен шығармау қажет.

 

Шығыс Қазақстан облысы