Білім • 17 Тамыз, 2021

Елбасы медалінің иегерлері білім грантын алды

674 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы медалінің 821 иегері білім беру гранттарын алу конкурсына қатысты, оның ішінде 605 талапкер «Елбасы медалі» жобасының арқасында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Елбасы қоры хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Елбасы медалінің иегерлері білім грантын алды

Гранттың ең көп бөлігін Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан, сондай-ақ Қызылорда және Павлодар облысынан келген түлектер алды. Аталған медаль оқушыларға ұпай саны тең болған жағдайда грантты ұтып алуға басымдық береді. 

«Елбасы Академиясы жобаларының әрбір қатысушысы - біздің  мақтанышымыз. «Елбасы медалі» жобасы дарынды жастардың, әсіресе ауыл балалары үшін табысқа жетуіне маңызды қолдау болатынын көріп отырмыз. Жақын арада осы мақсатта тағы да бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарда бар. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір жас қазақстандықты жобаларға қатысуға шақырамыз», деді «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин.

«Елбасы медалі» жобасына барлығы 21 мыңнан астам бала қатысты. Оның ішінде 6 078 қатысушы бағдарламаны аяқтап, қола және күміс медаль иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, бұл – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жоба. Бағдарлама 7 негізгі бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, саяхат мен жорықтар, еңбек тәжірибесі.

Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.