Биылғы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде 75 мыңнан артық оқушы мектепке барады. Бұл былтырмен салыстырғанда 2,5 мың балаға артық. Бала өсімі негізінен жергілікті тұрғындардың есебінен болып отыр. Мектеп бітіретіндерден мектеп табалдырығын бірінші рет аттайтындар саны саны 2,2 есе көп болғаны қуантады.
Алайда мемлекеттік тілде оқитындар санының үлесі осыдан 10 жыл бұрынғыдан төмен екені алаңдатады. Биыл мектеп бітіретін 3 586 жастың 34 пайызы қазақша оқитындар болса, мектепке келетін балдырғындардың 21,4 пайызы, яғни 1 720 бала ғана мемлекеттік тілді таңдап отыр. Осының өзінен мемлекеттік тілді насихаттау, оқып-үйретуге ынталандыру істерінің жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын көруге болады. Биыл мектепке баратын 8 мың балдырғандардың ішінде тек 13 бөбек қана – өзге жұрттың өкілдері. Соның ішінде Петропавл қаласында бір-ақ өзге ұлттың өкілі қазақшаға баруды қалапты. Бұл да – мемлекеттік тілде оқытудың артықтығын жергілікті биліктің ата-аналар арасында тиімді жүргізбейтінінің салдары. Тиісті шенеуніктер мемлекеттік мүддені ойламай тек қағазбастылықпен жоғарыдан түскен бұйрық, талаптарға жауап берумен күнін өткізіп отырады. Тым болмаса орысша оқитын оқушылар саны мүлде аз аралас мектептерді таза қазақ мектебі қылып ауыстыруға да ықыласы жоқ. Бірер ата-ана сәл-пәл қарсылық көрсетсе болды, солардың ығына жығылып, аралас мектепке тиіспейді немесе жаңадан ашылғандарды да аралас қылуға бейім. Мысалы, Қызылжар ауданының орталығы Бескөлдегі үшінші мектепті таза қазақша болады деген еді, енді қарасақ, аралас болыпты. Мектептегі 295 баланың 48-і ғана, яғни 16 пайызы ғана орысша оқиды. Сол балаларды басқа мектепке ауыстыруға болар еді ғой, соған жергілікті билік күш-жігерлерін жеткізе алмаған екен...
Ал халықты қазір қазақша мектеп бітіргендердің өзі орысша сөйлеуге бейім болып тұрғанда орысша оқығандардың ана тілін мүлде керек қылмасы мүмкін-ау деген дүдәмал ойлар мазалайды.
Облыстың оқу білімі басқармасынан алған деректерге қарағанда биылғы оқу жылында барлық ваканттық орындар толығымен жабылады. Педагогтер қызметке конкурстық негізде қабылданады. М.Қозыбаев атындағы жергілікті университет пен М.Жұмабаев атындағы жоғары педколледжді бітірген мамандардың өзі ғана сұранысты қанағаттандырады екен.
Осының өзінен жастардың мұғалім болуға деген ынтасының артқанын көруге болады. Қазір мұғалімдердің бәріне педагогикалық шеберлік санаты, магистр дәрежесі, тәлімгерлігі, сынып жетекшілігі, пәндерді ағылшын тілінде жүргізгені, дәптер тексергені, дене шынықтыру мұғалімдерінің сабақтан тыс іс-шаралар өткізгені үшін қомақты қосымша ақы төленеді. Оның көлемі 80-90 мыңның, кейбіріне тіпті 150-160 мың теңгеге жететінін жазғанбыз. Әрине, мұндай ынталандырулардың ықпалы тимей қоймайды. Қазіргі жастар енді мұғалімдіктен ат-тонын ала қашпайтын болды. Әйтеуір қазіргі министрдің қадамдарына мұғалімдер де, халық та ризашылығын білдіруде. Оның бұйрығымен мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандардың қолтығына «Әліппені» қысу да бір қуанышты жайт болғалы тұр.
Биыл Солтүстік Қазақстанда 84 мектеп жаңғыртылып, олардың шығынына 4 061 млн теңге қаражат бөлінген. Соның 3589,3 млн теңгесі 34 мектепті күрделі жөндеуге жұмсалған. 78 мектептің кітапханаларына 250 млн теңгеден аса қаражатқа көркем әдебиеттер сатып алу көзделген. Бұл тамаша үдеріс, енді тек мектеп тарапынан оқушыларға көркем кітап оқуға деген ынта арттырылса ғой. Ол үшін мектеп бойынша бір кітапты талдау мен саралауға арналған сияқты қызықты шаралар ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазір облыс мектептеріндегі компьютерлік парк 25 509 бірлікті құрайды. 2020 жылы 1 980 компьютер, 7 444 ноутбук, 2 586 планшеттер сатып алынған. Мектептердің 98,5%-ы (455) кең жолақты интернетке қосылған.
Ауыл мектептерінің соңғы жылдарға дейін шешілмеген тағы бір қажеттілігі жылы әжетхана еді. Ондайды айтуға Кеңес жылдарында ұятсынып келсек, денсаулықты сақтаудағы маңызды факторлардың бірі ретінде қазір бұл мәселе ауыздан түспейді. Құдайға шүкір, қазір облыстың барлық мектебі жылы әжетханаға қол жеткізген екен.
Мектепке қатысты тағы бір шетін мәселені де айтпай кетуге болмайды. Бұл – оқушы санының азаюына байланысты мектептердің төменгі сатыға шегерілуі немесе тіпті жабылып қалуы. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша ауданындағы Макашевка, Леонидовка, Кранокиевка орта мектептері негізгі мектепке ауыстырылған. М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудандарында да 3 мектепті негізгі мектепке түсіру жоспарланған. Бұл үдерістен басқа аудандар да қалыс қалмайтын сияқты. Соның ішінде қазақтың ауыл халқынан қала халқына айналу үрдісі артқан сайын бұл істің жалғаса берері анық.
Солтүстік Қазақстан облысы