Қоғам • 18 Тамыз, 2021

Қиналғандарға қолұшын беру – парызымыз

515 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

1949 жылдың 29 тамызын қазақ халқының басындағы ең қайғылы күннің бірі деп айтуға болады. Осы күннен 1989 жылдың 19 қазанына дейінгі
40 жыл аралығында сол кездегі бодандықтың салдарынан қазақ елінің, жерінің, халқының, жан-жануар, табиғатының Семей ядролық полигонының зардабын тартып келгені ақиқат. Бұл туралы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Бахия Атшабаров, Меңдіғали Сужиков, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсеке және басқа да көптеген белгілі тұлғалар айтып, жазған. Мәселен, Медеу Сәрсекенің «Семейдің қасіреті» деген үш тілде жарық көрген кітабында толық ұғынықты жазылды.

Қиналғандарға қолұшын беру – парызымыз

Семей қасіретінің Жапонияға тасталған атом бомбасының зардабы және Чернобыль апатының салдарынан 2500 есе асып түсетіні ғылыми-тарихи түрде дәлелденген шындық.

1989 жылдың 19 қазанында ең ақырғы атом бомбасының сынағы Семей ядролық полигоны (СЯП) тарихындағы ең соңғы сынақ болып тарихта мәңгі қалды. Ғалымдардың айтуынша, оның зардабы 24 мың жылдан 100 мың жылға дейінгі ұрпақтарға жалғаcуы ғажап емес.

«Невада-Семей» антиядролық халықаралық қоғамдық қозғалысы 1989 ақпанда басталғанымен, 2007 жылға дейін СЯП зардабын тартқандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге әрекет жасалмады. Міне, осындай жағдай себеп болып, 2007 жылы «Семей-ЯП» (ядролық полигоны) қоғамдық қорын ашуға тура келді. Бұл біздің әлеуметтік мәселелеріміздің толық шешілмеуінің салдарынан туындады. Бүгінгі таңға дейін біз ел, жер, Отан үшін қызмет етіп жүрміз, жүгіміз ауыр, жолымыз ұзақ.

Семей полигонының әлі де «жыры» көп, шешілуге тиісті мәселесі жетерлік. Полигон зардабын талай қазақ әлі тартып келеді. Осындай жағдайдың бар екені бүкіл әлемге белгілі. Полигоннан зардап шеккен балалар балалықтың тәтті кезеңін сезіне алмай, төсекке таңылып, іштей қор болып жатыр. Өкінішке қарай, Семейде, полигонға жақын ауылдарда радиациядан зардап шеккен балаларға, халыққа көмек қолын созуға ниетті азаматтар аз.

Полигон аймағында туып, жарық дүниенің есігін мүгедек болып ашқан балаларымыздың не кінәсі бар? Ешқандай кінәсі жоқ. Олардың осындай жағдайға душар болуына, ең алдымен, біз, ересектер кінәліміз. Оларды мүгедек еткен – біздің кез келген нәрсеге үндемей келіскеніміз, қорқақтығымыз, жалтақтығымыз. Бұл – ащы шындық.

Семейге бара қалсаңыз, әсіресе, полигонға жақын ауылдарға жолыңыз түссе, соқыр, ауру, мүгедек болып қалған талай адамды кездестіресіз. Оларды көруге дәтің шыдамайды. Біз шұрайлы жерімізден ғана емес, тұтас бір ұрпақтан айырылдық деуге болады. Міне, осындай зардаптарды сәл де болса жеңілдетіп, көмек қолын созу мақсатымен құрылған «Семей-ЯП» қоғамдық қоры қазіргі таңда жұмысын жалғастырып жатыр.

Бүгінгідей әлемді әбігерге салған пандемияға байланысты карантин уақытында елімізде жұмыссыздықты жою мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынды. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласының үкіметтік емес ұйымдарының бірі ретінде «Семей – ЯП» қоғамдық қоры мен «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі өз тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды, ауған соғысына қатысушыларды, Чернобыль апаты мен Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккен азаматтарды жұмысқа орналастыру ісіне белсене қатысуда. «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен «Семей-ЯП» қоғамдық қоры қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі және Жұмыспен қамту орталығының қолдауымен жұмысшылар қабылдаудамыз. Арнайы шеберхана ашып жатырмыз, өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз.

Сондай-ақ карантин шаралары кезінде қаламыздағы мүгедек азаматтарға қолдау көрсету мақсатында олардың үйлеріне азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіп беру, емханаларға, басқа да тиісті мекемелерге тасымалдау шаралары қолға алынды.

Қазіргі әлемдік нәубетке байланысты көптеген мәселелер ушығып кетті. Қиындықты бірлесіп жеңу үшін қайырымды азаматтарды мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, оларға бірлесе қолдау көрсетуге шақырамыз.

 

Болатбек ӘБДІКӘРІМ,

«Семей-ЯП» қоғамдық қорының,

«Астана қаласы мүгедектер қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы