01 Мамыр, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЯСЫ

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақтөбе қаласындағы Достық үйінің ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, осындағы этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелескен-ді. Содан бері небәрі жарты жыл өтсе де Достық  үйі шын мәнінде ұлт­тар достығы  мен ынтымақ­тас­ты­ғының ыстық ұясына айналды. Мұнда қоғамдық, саяси және мә­дени шаралар жиі өткізіліп тұрады. Облыс әкімі Елеусін Са­ғын­ды­қовтың бастамасымен салынған Дос­тық үйінде облысымызда тір­келген 18 этномәдени бірлестік  пен жексенбілік мектептерге ар­налған бөлмелерден басқа үлкен кон­церт залы, 300 орындық сал­танат залы, хореография залы,  кон­ференц-зал, мұражай, линг­вис­ти­калық бөлме бар. Осы шаңырақ астында орын тепкен орталықтар мүшелері өз ана тілдерін, сондай-ақ мемлекеттік тілді оқып-үйренуге, салт-дәстүрлерін, мә­де­ние­тін жаңғыртуға мүмкіндік алып отыр. Әзірге 18 этномәдени бір­лес­тіктің алтауында ашылған жек­сен­білік мектептерде 100-ден астам адам қазақ тілін оқиды.  Олардың ішінде украиндар, татарлар және корейлер өз тілдерін бірнеше топқа бөліп оқытуды қолға алыпты. Сонд­ай-ақ, әзірбайжандар, армян­дар мен немістер де жексенбілік мектептерін ашқан. Бірлестіктер жанынан көр­кем­өнер­паздар ұжымдары құрылған. Облыс орталығында өтетін түрлі саяси-мәдени шараларға ұдайы қатысатын украиндардың бірлестігі жанындағы “Оксана” фоль­клор­лық ансамблі мен хор ұжымының, “Язгы моннар” татар би ансам­блінің, болгарлардың “Вяра” фо­ль­к­лорлық ансам­блінің  өнерімен ақтөбеліктер жақсы таныс. “Оксана” фольклорлық ансам­блі­нің, “Файлхен” ансамблінің, “Чхисон” және “Язгы моңнар” би ансамбльдерінің халықтық атақ­тары бар. Достық үйіндегі мұ­ра­жай­да қазірдің өзінде әр этнос өкілдері тапсырған  100-ден астам жәдігер бар. Бұл жәдігерлер сол ұлттың тарихынан,  ата кәсібінен, тұрмыс-салтынан, мәдениетінен хабардар етеді. Осында Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы жанындағы “Бірлік ақ­са­қалдар кеңесі жұмыс істейді. Оған ұзақ жылдар бойы облыстық газеттің редакторы болған қарт журналист Нұрғайыр Телеуов жетекшілік етеді. “Бірлік” ақ­са­қал­дар кеңесі өз жұмысын мемлекеттік органдармен, қоғамдық және діни бірлестіктермен, аумақтық өзін-өзі басқару органдарымен, этномәдени бірлестіктермен, басқа да ұйым­дар­мен тығыз байланыста жүзеге асы­руға бағыт ұстауда. Достық үйіндегі сан алуан жұмыстардың облыстағы тұрақтылық пен бірлікке қызмет етіп жатқаны айқын аңғарылады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.