Қымызды айтамын, бұрын бағаламаушы едік, соңғы жылдары литрлеп ішетін болдық. Бие байлап отырған қымызшылардың арасында да бәсеке артты. Бірінікі бірінікінен дәмді. Әлемді індет жайлағалы саумалға да сұраныс көбейген. Бәсеке демекші, өскемендіктер Катонның қымызын іздеп ішсе, катонқарағайлықтар Қуаттың қымызы қызулы деседі. Қуат Амангелдіұлы Жаңаүлгі ауылының бас жағында бие сауып, қымыз ашытып отырғалы бес жылдан асты. Қымыз дәмінің ерекшелігі биесінде ме, иесінде ме, бізге беймәлім. Біреулер күбісін қызыл қайыңмен ыстайды дейді, енді бірі қорды жақсы сақтайды деп болжайды. Бизнес болған соң, құпиясын ешкімге тіс жарып айтпауы заңдылық.
Айта кетейін, бәлен қымызға бәлендей жарнама жасаудан аулақпыз. Жарнамасыз да қара күзге дейін қымыз саудасы қызады. «Сауға – қуат, ауруға – ем».
Жаңаүлгі ауылының өр жағындағы жалғыз үйден ала жаздай адам аяғы арылмайды. Ауласына ақшаңқан киіз үй тігілген. Келімді-кетімді қонақтар сонда кіріп, сапырылған сары қымыздан ауыз тиеді. Оларды құрақ ұшып қарсы алатын Мергүл Талаптанова – ауылдық мектепте тәрбие ісінің меңгерушісі. Кезекті еңбек демалысы кезінде шаруашылықтың басы-қасында жүріп, бие сауады. Ұлдары Нұртас пен Нұртай да әке-шешесінің қолқанаты. Сауын биелерді қайырып келу, құлын тарту секілді жұмыстар Нұртастың мойнында. Күбі пісуге де әбден машықтанып алған. Жалпы, Катонқарағай өңіріндегі балалардың көбі еңбекпен біте қайнасып өседі.
– Былтырдан бері саумал ішуге келетіндер көбейді. Кейде қымызға артылмай қалады. Елге қызмет көрсетіп отырған соң, көпшіліктің көңілінен шығуға тырысамыз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, отбасымызбен бірлесіп, жаздай сауында жүреміз, – дейді Мергүл Бейбітқанқызы сырлы шелектегі саумалды күбіге құйып жатып.
Ағаш күбісі киіз үйдің іргесінде құрақ көрпемен қымтаулы тұр. Тегі бір температураны ұстауы керек шығар. Ал үйдің ішкі жабдықтары – Мергүлдің өз еңбегі. Қолы қалт етсе ою ойып, құрақ көрпе, қыз жасауларын тігеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы