Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын шығысқазақстандықтар жан-жақты қуаттауда. Соның бірі облыстық Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен өтті.
Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауын шығысқазақстандықтар жан-жақты қуаттауда. Соның бірі облыстық Достық үйінде этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен өтті.
Жиында «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауы – еліміздің ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалғасы болатын бірегей бағдарлама екендігі әңгіме өзегіне айналды. Яғни, бұл құжат арқылы қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуды кезең-кезеңімен жүзеге асыру міндеті тұр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Карэн Нариманянның қазақ жерін мекен етіп келе жатқанына – 48 жыл. Осы жарты ғасырға жуық уақытты ой елегінен өткізген ол еліміздің жаңа ғасырда жаңа деңгейге көтерілгенін жеткізді. Елбасы Жолдауы – мемлекеттің жалпы саяси-экономикалық дамуын қалыптап, негіздеп отыратын тұрақты даму бағдарламасына айналғанын атап өтті.
– Біз Достық үйінде осы саясатқа сүйеніп, еңбек етеміз. Өйткені, Президент саясаты ешкімді алаламайтын, өзекке теппейтін елде тұратынымызға кепілдік береді, көңілімізге сенім ұялатады. Біздің талантты, дарынды жастарымыз өсіп келеді. Сондықтан, білім саласына құйылған қаражатты тиімді пайдалануымыз қажет. Мәселен, мемлекеттік тілді үйрену керек. Кем дегенде, 80 пайыз отандастарымыздың қазақ тілінде сөйлегенін қалаймын, – деді Карэн Нариманян.
Ал «Вайнах» ұлттық-мәдени бірлестігінің төрайымы Татьяна Кагерманова Жолдауда белгіленген межеге қол жеткізу үшін Қазақстан халқының бірлігі зор маңызға ие екенін атап өтті.
– Биылғы Жолдау – жұртшылыққа өте жақын. Себебі, халыққа басты қажеттілік: әл-ауқатты көтеріп, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсартуға және кәсіпкерлікті кеңінен дамытуға басымдық берілген, – деді ҚХА мүшесі Т.Кагерманова.
Думан АНАШ,
журналист.
ӨСКЕМЕН.