Қазақстан • 18 Тамыз, 2021

Ел өңірлерінің инвестициялық тартымдылығы бойынша рейтинг әзірленеді

352 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда өңірлердің инвестицялық тартымдылығы рейтингі жасалады, деп хабарлайды Egemen.kz Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікке сілтеме жасап.

Ел өңірлерінің инвестициялық тартымдылығы бойынша рейтинг әзірленеді

РФ Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің Қазақстанға сапары аясында ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігімен және ҰТБ платформасымен бірлесіп инвестициялық климатты жетілдіру, институционалдық ортаны дамыту, цифрлық және технологиялық даму, кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқару саласындағы адами потенциалды арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа СБА бас директоры Светлана Чупшева, СЖРА төрағасы Қайрат Келімбетов, АХҚОӘ басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов және ҰТБ платформасының бас директоры Дмитрий Песков қол қойды.

Келісімде көрсетілген тарауларды іске асыру мақсатында бірлескен Стратегиялық бастамалар кеңсесін ашу жоспарланған. Оның құрамына тараптардың өкілдері кіреді. Ондағы мақсат бірлескен даму жобаларын құру және кеңейту болмақ.

Құжат аясында СБА-ның Ресей Федерациясы өңірлерінің инвестициялық климатының рейтингін құрудағы тәжірибесін ескере отырып Қазақстан өңірлерінің инвестициялық тартымдылығы рейтингі жасалады.

«Келісімге қол қою біз үшін азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды бірлесе дайындау мен ілгерілетуге үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Екі елдің білім беру, технология, инвестициялық климат, туризм мен экологияны дамыту бойынша бірлескен бастамаларды сәтті іске асыру жалпы осы өңірдің дамуына ықпал етпек», деді СЖРА төрағасы Қайрат Келімбетов.